Арманым – асқақ , мақсатым – айқын (байқау)

Арманым – асқақ , мақсатым – айқын (байқау)
жеке
блог

Сәлеметсіздер ме, өмір үшін күресіп , мақсатына жету үшін жан ұшыра арпалысып жүрген жандар немесе керісінше?! Қалайсыздар, күйбең тірліктің қамы қалай жүріп жатыр? Жазғы демалыс деген термин өз мағынасын ашып жатыр ма? Көңілдеріңізді жайлатып, ештеңені ойламай біздің жазған блогтарыңыздан кішкене болсын өздеріңізге екпін алсаңыздар деймін!Ал, кеттік!

Мен өздеріңіздің ерке қыздарыңыз – Айгүлмін. 2000 жылы мамыр айының 31 күні аспанға тағы бір жұлдыз, жерге бір жан, отбасыма тағы береке қосқан мына мен, біле жүріңіздер. Ақ алтынның Отанында туылып, осында алғаш мектеп табалдырығына қадам бастым. Бірақ қазір «Ұйқыдағы арудың» кең құшағында, қарт Каспийдің жағасында асыр салып жүрген жайым бар. Кіндік қаным тамған туған киелі топырағымда, асыр салып арпалысып даламен жағаласып өскен қара шаңырағымда ауыл, сондықтан мен, Айгүл – қап-қара баласымын ауыл деген жарықтың. «Кереметтердің» барлығы ауылдан шығады ғой, білмеймін, бізден де бірдеңе шығып қалар. Тек әуелі Алла, содан соң «Бұлақ көрсең көзін аш » деп жүретін қалың елім қазағым қолдап отырса.

Өмірлік ұстанымым: «Ешқашан өкінбе!» Мен үшін өкіну – ең үлкен қателік. Бірақ өкіну арқылы адам тәжірибе жинайтынын ұмытпау керек.

Менің үлгі тұтар тұлғам кім? Ешкім! Жалпы мен ешкімді үлгі тұтпаймын, ешкімге еліктемеймін. Мен үшін бұл дегенің, жай ғана біреудің «көшірмесін» жасау, бірақ рас, жақсы жанның өзіме жаққан қасиетін қабылдаймын.

Менің белгілі бір айналысатын дүнием жоқ. Мен жан-жақты болғанды қалаймын және ойыма не келеді соны істеймін. Кез келген жаңа нәрсені көргенде құштарлығым ашылып еш ойланбастан бастап кетемін, бірақ тез жалығамын. Бос уақытымда кітап оқығанды, гитара тартқанды, әу демейтін қазақ жоқ, бар даусыммен ән айтқанды, және тек десерттік тағамдарды пісіргенді ұнатамын және видеоблогтарды өте жақсы көремін.

Байқауға жаңа леп алу үшін қатысқалы отырмын, айқын мақсаттарымды іс жүзінде жасап,  қорытынды шығарғым келеді.

Массагеттік редакторлар, блогерлер мен үшін биік тұлғалар. Мен оларды көріп араласып, әңгіме-дүкен құрғым келеді. Сондықтан Массагетті құрастырушылар, сайт оқырмандары болып қосылып арнайы кеш жасасақ деймін.

Бұл жоба біз секілді оқушылардың мақсатына өз күшімен жетуіне үлкен көмек береді. Биылғы жоба алдығысынан да қызығырақ болады дегенге сенімдімін. Себебі, мұндағы әрбір жас – жалындап тұрған от. Сөндіру қиын болары анық.