Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктері

Қазақ халқы небір қиындықты бастан кешірді. Жанын шүберекке түйгендей, арпалысып-алысқан жаугершілік заманда елін-жерін жаудан қорғап, осы заманға жеткізген ата бабаларымыздың арқасында басқа елдермен терезесі тең тәуелсіз Қазақстанда ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Осы тәуелсіздік жылдарында қазақ елі қандай жетістіктерге жетті?

Осы аз уақыт ішінде еліміз мақтан тұтарлық жетістіктерге жетті. Тәуелсіз атанған уақыттан бастап, жыл сайын жаңаша нәрселер енгізіліп, баспалдақ үстіне қарай қадамдар жасағандай, алға қарай аяқ басып жатырмыз.

Біріншіден, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын, елтаңбасын, әнұранын және Ата заңын халқымен талқыға салып, қабылдады. Келесі жылдары, нақтырақ айтсақ, 1993 жылы ұлттық валютасы енгізілді. Осылайша басқа елдерден ерекшеленетін, дербес мемлекет қалыптастырды. Еліміз басқалармен бәсекеге қабілетті екеніне мен кәміл сенемін.

Екіншіден, сан жылдар бойы басты мәселе болған жер мәселесі толық шешілді. Мемлекетіміздің нақты шекарасы анықталып, құжатпен бекітілген болатын. Кең-байтақ жеріміздің көп бөлігі өзіміздің үлесімізде қалғанына біз ата-бабаларымызға мың алғысымызды білдіруіміз керек. Келешек ұрпаққа қиын болмасын деп, тұңғыш президентіміз ұлтаралық, дінаралық мәселелерді уақытымен шешіп, түйіні тарқатылмаған жер дауына аса көңіл бөлді. Сондықтан да, тұңғыш президентіміздің бұл жөнінде атқарған қызметін жоққа шығаруға болмайды.

Үшіншіден, көптеген қазақ зиялыларының арманы болған қараңғы халық, қазіргі кезде жаңаша ойлайтын, білімді халыққа айналды. Еш нәрседен қорықпайтын, өз көз-қарастарын білдіруге ұмтылатын жаңа ұрпақ қалыптасуда. Өскенде елімді көркейтемін, дамытамын дегендердің саны әр жыл сайын артып келеді. Менің ойымша, бұл да еліміздің жетістігі болып табылады.

Осылайша, елімізде жасалып жатқан әрбір қадам, әсіресе, ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атқарып жатқан қызметі – еліміздің жетістіктері болып табылады. Өз басым еліміздің көркейуін басты қалаушы ретінде, бар жастарды өз білімдерін  еліміздің даму жолында қолдануға шақырып, отанымызды  жарқын болашақ күтетініне кәміл сенемін.



Бөлісу: