Астанада Қажымұқанға ескерткіш қойылатын болды

Астанада Қажымұқанға ескерткіш қойылатын болды
Фото: munara.kz

Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш қойылатын болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Осыған байланысты Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы ескерткіштің үздік эскиз-идеясына ашық республикалық байқау жариялады.

Астана әкімдігінің мәліметінше, байқау 31 шілдеге дейін өтеді. Оның негізгі шарттары мен техникалық көрсеткіштері туралы анықтаманы мына телефондар арқылы алуға болады: 8(7172)391-242, 391-167, немесе Астана қаласы Бөкейхан көшесі, 22 үй, 408 кабинет "Көркем - құйма комбинаты" МКК мекен-жайы бойынша.

"Елордада мүсіндер, ескерткіш тақталар мен бюсттерді қоспағанда 50-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың көпшілігі жауынгерлердің ерлігі мен батылдығының символына айналды, кейбір монументтер қазақ халқының тарихындағы атаулы даталардың белгісі, ал кейбірі ел тарихына сүбелі үлес қосқан белгілі саяси және қоғам қайраткерлеріне арналған", - дейді әкімдіктегілер.

Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасұлы — қазақтың белгілі палуаны. Кәсіпқойлар арасында классикалық күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған. Қажымұқан  француз күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ палуаны, елуге жуық әр түрлі сынамалы наградалар мен төсбелгінің иегері.

Еске сала кетейік, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары мен "Халық коммунистері" фракциясы мүшелерінің Астанада әйгілі палуан Қажымұқанға ескерткіш қоюды ұсынғаны хабарланған болатын. Депутаттарды Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткішінің жоқтығы таңғалдырады.

Е. Жұмабайұлы