Журналистиканы неге таңдадым?

Рахымберді Мақсат Шамилұлы

    Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Әрбіріміздің өз арманымыз, көкейді кернеген ой, мақсатымыз бар. Менің ойымша, адам баласының арманы өзімен бірге өседі, өзгереді. Бала кезімнен арманым – журналист болу. Журналист – мен үшін өмірдегі ең мәртебелі, қиын да қызық мамандық. Көп ізденісті, ерінбей тер төгуді қажет ететін мамандық иесі. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын тыңдап, қоғамның күрмеуі шешілмеген мәселелерін көтеріп, шешім табуына атсалысып жүрген өз ісінің нағыз шеберлерін көргенде сол азаматтардың ізімен жүріп, тіпті, заманауи талаптарды орындауда олардан да асып түскім келеді. Себебі, бүгінде оған мүмкіндіктер көп.                                                                                     

     Бұл саланы таңдауыма тағы бір түрткі болған өзімнің бойымдағы талантым дер едім. Жаратқан анамның сүті, әкемнің қанымен дарытқан өнерім мен дарынымды одан әрі шыңдап, елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді. Қазақ елінің бір тұлғасы ретінде қалыптасуды міндетіме санаймын. Елімізде Еңбек адамдарын құрметтеу, оларға жағдай жасау жағында әлі біраз кемшін тұстар бар. Журналист болсам, жергілікті жерлерді, ауылдарды көркейтуге атсалысып жүрген шаруалардың жүйелі жұмысы, шаруасы туралы көпке үлгі болар материалдар жазғым келеді. Мысалы, мен туып өскен қазіргі Түркістан облысының Арыс қаласы маңындағы Саналы деген ауылда түйе шаруашылығы дамып келеді. Өңіріміздің ауылшаруашылығы саласындағы үлкен бір бағыт бүгінде осы түйе бағумен байланысты. Оның өніміне сұраныс тек өз елімізде ғана емес, шетелдерде де артып отыр. Сол отандық өнімнің сапасын арттырып, шаруашылықтардың іріленуіне, кең көлемде дамуына қажетті мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғанмен, ауылдағы шаруаға жетпей жататыны бар. Осы бағыттағы жұмыстарға сеп болып, болашақта таңдаған мамандығым бойынша еліме қызметім тисе деген арманым да жоқ емес.                                                                                           
            Сонымен бірге журналистика үлкен жауапкершілік жүктейтінін жақсы білемін. Оған қоса, мамандық әдеби тілде сауатты жазуды игеруді қажет етеді. Әрдайым газет-журналдарды оқи отырып, әр тақырыптағы мәселелерді зерделеп, ой елегінен өткізуің керек.         
             Журналист тыңдарманды өз сөзіне сендіруі үшін әуелі өзіне-өзі сенімді болуы керек. Оның сенетіні – өзінің бойындағы білімі, қабілеті, рухани деңгейі. Өзімді жастайымнан осы мамандыққа дайындау үшін екі жыл бойы балалар киностудиясына барып, түсірілімдерге қатыстым. Бұл жылдар бойымдағы шығармашылық қасиетімнің ашылып, сахнада өзімді ұстауыма, сөйлеу білуге жақсы көмектесті. Менің журналистика мамандығына деген көзқарасымның кеңейіп, құлшынысымның одан сайын арта түсуіне ықпал етті.          
              Халық пен билікті байланыстырушы көпір саналатын  мамандық иесінің қоғамдағы рөлі ерекше. Журналист – алып күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарасы анық көрінетін ерекше мамандық иесі. Тілшілер қауымын «төртінші билік» өкілдері деп те атайды. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен келтірсем, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі».
Міне,сондықтан, болашақта қоғамға қажетті маман иесі ретінде арманымның орындалғанын шынайы ниетіммен қалаймын. Болашақта өз ісімнің шебері болып, өз саламның шыңына жетемін деген үмітім үлкен! Үмітім мені алдамайтынына сенемін!



Бөлісу: