«Біздің мақсатымыз» мақаласының қазіргі таңдағы құндылығы

«Біздің мақсатымыз» мақаласының қазіргі таңдағы құндылығы
жеке
блог

       «Тарихты білмей - өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын», - дейді  екінші ұстаз әл – Фараби . Тарихымыздағы ұлы мұралардың құндылығын ұғына отырып, қазіргі уақытта қадір – қасиетін бағалау, оны дәріптеу, ұлттық код ретінде пайдалану қазіргі ұрпақтың асыл міндеті. Мақала жазуда журналистің өзіңдік ұстанымдары болады. Шындықты шынайы айта білу,  ұлттық мәселелерде бейтарап болмау, әділдікті ту ету сынды ұстанымдар қазіргі журналистерге жетіспей жататыны жалған емес. 1907 жылы «Серке» газетінде басылып шығарылған  «Біздің мақсатымыз» мақаласы ұлтқа деген құрметсіздіктің жауапсыз қалмауы деп нық сеніммен айта аламыз. Мақала авторы қызуғандылығымен, әділетсіздікке көз жұма қарай алмайтындығымен, қазақты ояту жолында аянбай күрескендігімен тарих беттерінде қалған тұлға – Міржақып Дулатұлы.  Бұл сөзіме дәлел ретінде жақында Мұрат Есжанның бастауымен жарық көрген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясындағы М.Дулатұлының образын айта аламын. Ел тағдырына алаңдаған, ел намысы үшін күрескен арыстардың телехикаядағы образы ерекше әсер қалдырады. Тұлға  «Біздің мақсатымыз» мақаласында қандай мәселелерді көтерді?

       Қазақты ұлт ретінде қарамай, тіпті жазықсыз ұрып – соғулар көбейіп, ұлттық құндылықты түптамырымен жою түпкі идеялары болған өкіметтің құрметсіздігі бұл мақаланың басты себебі болып табылады. Ең ашындырған оқиға - Ресей территориясында көбейіп жатқан мұжық халқын біздің шұрайлы жерлерге қоныстандыру. Себеп неде? Ресей аймағындағы көпшілік жерлер дворяндардың, байлардың қолында болғандықтан шығарға үні жоқ біздің аймаққа әкеліп қоныстандырып жатты. Салық мәселесінің өзі ашуға тиетіндей. Алынған салықтың біздің ел жағдайына тигізген әсері аз болды.  Сонымен қатар, 87 статья бойынша соттар құрылып, оның нәтижесінде жүрегі «қазақ» деп соққан талай арыстарымыз атылып кетті. Міржақып Дулатұлы осылармен қоса, дінге жасалған құрметсіздік, ұлттық нақышқа жасалған құрметсіздік жайлы да сөз қозғады. Қарап тұрсақ, бір мақалада қанша мәселе көрініс тапқан, қанша маңызды ақпаратты халықтың көзін ашу үшін батылдықпен жаза білген.

        Әрине, қазақтың тағдыры әрбір қазақты алаңдатуы тиіс. Сонау 1907 жылы жазып қалдырған нар тұлғаның бұл мақаласы ең алдымен, ұлттың құндылығын құлдыратпау керегін айқын көрсетеді. Ел тағдыры тұрған тұста көкейтесті тақырыптар мен түйіткілді мәселелер әр уақытта болуы әсте ғажап емес. Ең бастысы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ екенін ұғына білуіміз керек. Неге бір қазақ бола тұра мүдделеріміз әртүрлі болуы керек? М. Дулатұлы да осыны қалаған болар.

       Түйіндей келе, Міржақып Дулатұлы мақсат еткен дүние орындалды ма? Біз білеміз, қаншама ерең тұлғалар арқасында, қаншама тарихи оқиғалар  арқасында қазіргі қазақ елінің жағдайы қуантарлық.  Ең басты мұратымыз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Иә, М. Дулатұлы айтқан дүниелер қазір енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп, өз шешімдерін тапқан. Ұлы тұлға аманатын әрі қарай қастерлеу, аяққа таптамау қазіргі ұрпаққа артылған жүк. Бір шумақпен айтқанда:

             Қарайықшы, солымыз бен оңымызға,

             Қаншама еңбек осы елдік жолымызда.

             Алладан берекетін сұрап жүрсек,

             Ал әрекет өзіміздің қолымызда.

       «Біздің мақсатымыз» мақаласы өз уақытында көпшілік назарына жетпей қалған болуы мүмкін, алайда оның қадір-қасиеті жоғалмайды, ұмытылмайды. М.Дулатұлы мен «Біздің мақсатымыз» мақаласы тарих сахнасында өз аттарын алтын әріптермен жазары сөзсіз.

                                                                                                       Біржан Ролан