Басылымдардың алғашқысы "Түркістан уалаятының газеті"

Басылымдардың алғашқысы "Түркістан уалаятының газеті"
жеке
блог

Баспасөз халық ағартуында, қоғамдық ой-пікірді дамытуда аса маңызды құрал. Біздің баспасөз – адамзаттың ең ізгі, ең озық идеяларының жаршысы. Оның күші де міне осында.

Баспасөз тарихында әр шыққан газеттің, қолжазбаның, журналдың өзіндік орны бар. Алғашқы газеттер қазақ халқының қамын ойлап, шаруашылығын, мәдени-ағарту тілектерін ойлағандықтан емес, патша саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялау, қол астындағыларды мықтап бағындыру негізінде құрылғанымен, «Қазақстанда мәдениеттің дамуына елеулі әсер етті».

1870-1882 жылдар аралығында, яғни, 12 жыл ғұмырында қазақ елінің тұрмысы, тарихы туралы мағлұмат беріп, қалаларға қоныстанған қазақтардың тіршілігі, тұрмыс салты жайлы ақпараттармен оқырмандарын қоректендірген «Түркістан уәлаяты» газетінің редакторы – Ш. М. Ибрагимов болды. Ш.Уалихановтың көп танысының бірі, бұрын Омбы кадет-корпусында оқып, Көкшетау ауданының хатшысы болған кісі. Одан кейін бұл міндетті Х.Қанышев атқарады. Патшаның отаршыл саясатын жандандыру, орыс буржуазиясының талабына орай зерттеп білу мақсатымен қарастырылған газет болғанымен, бас редакторы Н. П. Остроумов ғылымға, зерттеу істеріне жақын болғандықтан газеттің ресми емес бөлімінде жергілікті халықтардың тарихы, әдебиеті, мәдениетінен материалдарды көп қарастырған.

Газет бетінен көп орын алған мақалалардың бір тобы жоғарыда жазылғандай қазақ елінің тарихына, оның шыққан тегін ашуға арналған. Үш жүзге кіретін тайпалар жайында айтылып, қазақ елінің шыққан тегі туралы халық аузында айтылатын аңыз-әңгімелер келтірілген. 1875 жылы 16 санында жазылған мақалада қазақ пен қырғыз елдерінің айырмашылықтары туралы мағлұмат берілген. Жарияланған мақалалар арасынан салт-сана, әдет ғұрып, әйел баласының өмірдегі орны жөніндегі тақырыптарды кездестіруге болады. Мәселен, 1876 жылы жарық көрген 20 нөмірінде қызды қалыңмалға жас кезінен айттыру зияны, 1881 жылғы 24-нші нөмірінде әдет-заң бойынша әйел құқығы көрсетілген.

Газет халықаралық деңгейдегі боп жатқан жағдайларға да мән беріп отырған. Соның бірі – ұйғыр-дұнған көтерілісінде, олардың ұлттық езгіге шыдамай, Жетісу орын тепкені жайлы, шет жұрттардың тарихы жайлы мәліметтерде «Бұрынғы өткен Қызылбас патшаларының ішінен бір сөз айталық» деген тақырыппен Иран патшаларының тарихы жазылған. Бұл тарихтан сыр шерткен жариялым 1872 жылдың шілде айының 5-нші жұлдызындағы 12 нөмірінде басылған.

Газеттің бейресми бөлімінде «Түркістан жұртына қараған жерде болған оқиға» деген шағын хабарлар жарияланып тұрған: «Осы жыл екінші ғинуарда Ташкент қаласының қазағы Өткелбай деген Рахым деген сартымен төбелесіп, Рахымды пышағымен салып қалыпты. Рахым жаралы болып өліпті». Осындай мәтіндегі хабарлар қазіргі таңда жарық көріп жүрген газеттердегі қылмыстық хабарлардың бастауы болды деуге болады.

Сөйтіп, тек жақындағыны ғана емес, алыс шалғайдың бүкіл тарихын көрсетіп, өкіметтің де, халықтың да сұранысын негіздеп, қағаз бетіне баса білген бұл газет мерзімді баспасөздің алғашқысы болды.

Жұмабай Айымжан

ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 1 курс студенті