Мамандықтағы алғашқы қадамым

Мамандықтағы алғашқы қадамым
жеке
блог

Адамзаттың өмір жолына көз жүгіртсек, әрбір тұлғаның өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі – мектеп қабырғасында білім алу. Алғаш әріп танудан мамандық таңдауға дейінгі саналы ғұмырымыз білім мен тәрбиенің ошағы саналатын білім ордасы – мектепте өтеді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген өлең жолдарын естімеген жан кемде-кем. Ал, білім мен тәлім-тәрбиені бала бойына сіңіртуші, қолында бір адамның тағдыры емес, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұратын аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін маман иелері – ұстаздар, мұғалімдер. Әрбір кемел тұлға да, ғалым да, қоғам қайраткерлері де, тамаша өнер иелері де  ұстаздың алдынан өткен. Бала бойындағы білімге деген ұмтылысты, құлшыныс пен ынта-жігерді оятып, ерекше қабілеттерді ашатын да, бағыт сілтеп жөн көрсететін де, оның өмірге деген көзқарасына, тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін бірден-бір тұлға, әрине ол – ұстаз.

Ұстаз жайлы ойға кетсем, көз алдыма жарқын жүзді, жылы шырайлы, мейірбан тұлға елестейді. Бүгінгі менің қалыптасуыма, бойымдағы қарым-қабілетерді ашып шыңдауға, дамытуға ықпал еткен маған білім берген Қарағанды облысы Білім басқармасының Қаражал қаласы «№1 Жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Әрине, жасы кішіміз үлкенге қарап бой түзейтініміз анық. Тәжірибелі ұстаздарымыз мұғалімнің қандай болуы керек екендігіне, қалай оқыту қажеттігіне үлгі бола білді, жалпы айтқанда оқушы Қызылгүлдің санасында «мұғалім» бейнесі жайлы көзқарас қалыптасып үлгерді. Ол -  жан-жақты білімді, шәкіртжанды, білім беру тәсілін шеберлікпен жүзеге асыратын, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оята білетін, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын тұлға.

Алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алып, қолымнан жетектеп партаға отырғызған ең алғашқы ұстаздарым – Жамал апай мен Ляззат Өсербайқызы. Бүгінде шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленіп отырған ұлағатты ұстаздар.  Бастауыш сыныптарда алған негізгі білімім орта және жоғарғы сыныптардың білім бағдарламасын еш қиындықсыз меңгеріп кетуіме септігін тигізді. Сондықтан да, қазіргі жетістіктерім алғаш білім нәрін бойыма дарытқан, білімнің маңыздылығын ұғындыра білген ардақты ұстаздарымның еңбегенің жемісі деп білемін. Сонымен бірге, әрбір жаңа білімді аса зор ықыласпенен баяндайтын, ерекше шеберлігімен оқушыларды өзіне баурап алатын география пәнінің білікті маманы, мектебіміздің қадірлі ұстазы Бақыт Махмұтқызы. Ол кісінің сабағын әрдайым ұйып тыңдайтынбыз. Географиялық қартадан бастап, басқа да оқуға қажетті жабдықтармен, көрнекіліктермен әр сабағына тыңғылықты дайындықпен келетін. Содан болар, мұғалім тұлғасы қандай болу керек десе, алдымен осы кісі елестейді.

Бүгінде жоғарыда аталған мектептің үздік түлектерінің бірімін. Мамандық таңдардан бұрын, қай салаға икемім барын, болашақта өзімді қай саладан көргім келетінін анықтауға тырыстым. Сонда көзім жеткені, білгенімді өзгеге үйрету, білім беру қабілетінің болуы. Оқушының жаңа бір ақпаратты, білімді игеріп кетуіне себепші мен болып жатсам, бұл сезім маған қуаныш сыйлайтынын байқадым. Сол себептен, болашақта өзімді білім беру саласынан көргім келетінін анық түсініп, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырарда педагогикалық мамандықты еш ойланбастан таңдадым десем болады.  Осылайша, 2016-2020 жылдар аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмәмдап, тарих ғылымын дамытуға айтарлықтай үлесін қосып жүрген жоғары білікті оқытушылар қауымынан, атап айтқанда доцент Құсайынова Рая Такешқызы, т.ғ.к, доцент Айтбай Роза Түймебайқызы, Аширбекова Жамал Базылқызы сынды оқытушылардан білім алдым. Бір қызығы, ҰБТ-ға дайындық барысында оқып жүрген ежелгі және ортағасырлардағы дүниежүзі тарихы бойынша мектеп оқулықтарының авторлары Рая Такешқызы, Роза Түймебайқызының өздерінен ендігі кезекте дәріс алатыным, оқуға жаңа қабылданған маған өте үлкен әсер қалдырды. Курстың соңғы жылдарында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша Жұбанышов Берік Темірханұлының дәрістерінен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен, бағалау жүйесіндегі өзгерістермен таныстық.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамының қазақ тарихын жүйелі түрде зерттеп, әрдайым ізденісте жүретіндері, ғылымға да, мектеп мұғалімдеріне де Қазақстан тарихынан арналған әдістемелік нұсқау құралдарын жазып, мұғалімнің оқулықты, деректік материалдарды, көрнекілік құралдарды кеңінен пайдалана отырып, оқушыларға тиянақты әрі жүйелі білім берумен қатар, оларды тарихпен тәрбиелеу жолдарын да қарастыратындары ой-өрісімді кеңейтуге,  Қазақстан азаматтарын отаншыл патриот етіп тәрбиелеудегі тарихи білімнің маңызын терең түсінуіме үлкен әсер етті. Әсіресе, ғылыми жетекшім болған т.ғ.д., профессор Омарбеков Талас Омарбекұлының, Удербаева Сауле Карибаевнаның оқыту әдістері ерекше болатын. Бұл қазіргі таңда менің «М. Базарбаев атындағы №138 гимназия» КММ-нің тарих пәнінің мұғалімі ретінде оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың Отан тарихына деген ынтасын арттыру, тарихи деректерге сүйене отырып, өзіндік ойлау және аналитикалық талдау дағдыларын жетілдіруді мақсат етуіме ықпал етіп отыр.

Осылайша, жоғары білім алу барысындағы жылдарда ұстаз бейнесі жайлы көзқарасым да жаңара түсті. Педагог үнемі өзін жетілдіріп отыруға, білімін әрдайым толықтыруға, үздіксіз ізденісте болуға тиісті. Өйткені, заман ағымына сай біліммен қаруланған, ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман – уақыт талабы. Және де бұл педагогтің кәсіби жетілуінің басты факторы болып табылады. Жаңашыл педагог – заманауи технологияларды еркін меңгерген, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда кәсіби білік пен дағдыға ие болуы шарт. Себебі, ол әрбір білім алушының зияткерлік, рухани және шығармашылық қасиеттерін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Педагогикалық іс-әрекеттің басты субъектісі – ұстаз, ал оның басты қаруы - оның білімі, білігі мен тұлғалық қасиеттері. Менің ойымша, қазіргі заманға лайықты мұғалім болу үшін сан түрлі қасиеттер әркез біздің бойымыздан табылып отыруы тиіс. Мейірбандылық пен қамқорлықтың, ұстаз бен шәкірт арасындағы ынтымақты қарым-қатынас орната білудің, үлкенге құрмет, кішіге ізеттіліктің жарқын үлгісі мұғалімдердің бойында табылуы аса қажет. Себебі, мұғалім өз үлгісі арқылы да оқушыны талпындыра алады. Ұстаздың оқушылар алдындағы беделі жоғары, бейнесі жарқын болуы тиіс. Яғни, педагогтің балалар алдында сөйлеген сөзі, әрбір іс-қимылы, тіпті оның сыртқы келбеті, киген киімінен жүріс-тұрысына дейін оқушыларға жағымды немесе жағымсыз жағынан қайтсе де өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұғалім өз пәнінің білікті маманы ғана емес, психолог та бола білуі тиіс. Алдымызға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досындай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес айтып, көңіл-күйлерін игере білсек, демек, тәртібін жақсартып, оқуға ынталандыра білеміз. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азаматттарды қалыптастырып шығара аламыз. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасында: «Педагог кадрларды қазіргі заман талаптарына сай дайындау, әрі мамандығын үздіксіз жетілдіру- мұғалімнің шеберлігінің басты белгісі - оның психологиялық жоғары әзірлігі болып табылады», - деп атап көрсетілген. Мұғалім әрбір баланың өзіне ғана тән дара ерекшелігін білгенде ғана, жоғары нәтижеге қол жеткізуі мүмкін.

Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі, - білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Сондықтан да , қазіргі таңда педагогтердің құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, мүғалімдерге қойылатын талап та артып келеді. Өйткені, мұғалімнің қолында бір ұлттың тәрбиесі тұрады десем, еш қателеспейтінім анық. Оқушыға берілетін білім де, тәрбие де мұғалімнің іс-әрекеті, білім мен үлгі-өнегесі арқылы қалыптасады. Осындай жүгі ауыр, жауапкершілігі мол мәселелерді шешу педагог мамандардың алдына зор міндеттер жүктейді.

Сондықтан да осы салаға бет бұрғандықтан, бүгінде менің оқып-білудегі мақсатым білікті маман болып жетілу, өз еліме, адамзатқа пайдамды тигізу. Ойымды Шәкәрім атамыздың өлең сөздерімен қорытындыласам:

Адамдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз, өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанға салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін.

Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,

Жоба тап,

Жол көрсет,

Келешек қамы үшін.

Қайтадан қайрылып, қауымға келмейсің

Барыңды, нәріңді

Тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң -

Шын бақыт,

Осыны ұқ,        

Мәңгілік өлмейсің, - деп адам баласын өмірлік борышын өтеуге, білімді, өнерлі болуға шақырады.

                                                                                                   

                                                                                                Бекетай Қызылгүл Қайратқызы

                                                                        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

                                                                                     Тарих факультетінің 2 курс магистранты