Тәуелсіздік тұғырынан таймасын!

         Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүр 16-желтоқсан оқиғаларына дейін жалғасты.
       Иә, небір қиын кезеңдер өтті бұл қазақтың басынан. Он алтыншы жылғы көтеріліс, жиырмасыншы жылдары туындаған ашаршылық, отызыншы жылдардағы жаппай қуғын-сүргіннің кесірі небір аптал азаматымыздың өмірін қиды. Ұлы Отан соғысындағы қан майданда қаншама ұлт боздағы опат болды. Одан кейін сексен алтының аязында Алматының алаңындағы қазақ боздақтары тағы бар. Міне, біз осы ұлы тәуелсіздікке қаншама тартыс, қаншама күрестің, төгілген қанмен, тамған тердің, жылаған жүректің арқасында жеттік. Сондықтан біз үшін бұл тәуелсіздіктің, еркіндіктің құдіреті мықты, қасиеті жоғары. Тәуелсіз Қазақстандай ел бар екенін бүкіл әлем мойындап, оның дамуы мен өркендеуіне әлем көз тікті. Ел болып етек-жеңімізді жию барысында тек жетістіктер ғана емес, қиындықтар да болды. Біз соның барлығын жеңіп бүгінгі күн ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына да келіп жеттік. Осы аралықта ел болып еңсе түзедік. Өзге елдерде елшіліктерміз ашылып, көптеген елдермен саяси-экономикалық қарым-қатынасымызды жолға қойдық. Бірнеше рет әлемге келген дағдарыстардан елдігімізді шайқалтпай аман алып өте алдық. Қазіргі кезде еліміз әлемдік деңгейде аяғын нық басып, өзге елдердің көпшілігі санасатын алып мемлекетке айнала алдық. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – ойымыздағы негізгі бағыттарды құрап отыр.
        Әр халықтың тарихында өзінің ұлттық ар-намысын,құқықтары мүддесін қорғап қалуға,өзіндік бет-бейнесін,егемен ел болуға лайық екендігін көрсетуге ұмтылатын сын сағаттар болады.Егер ұлт уақыт талабына үн қата алмаса, онда оның болашағы бұлыңғыр болмақ.  Ал егер халық басына түскен мұндай сынақтан сүрінбей өтсе, басқа халықтардың тарихы көрсеткендей, бұл сәт, бұл оқиға осы халықтың тағдырында тарихи оқиға болып қалады.Қазіргі бұл күн қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн.

Масалим Әл-Фараби.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті.

"Баспа ісі" мамандығы, 2-курс.



Бөлісу: