"Qazaq_aqyndary_" хақында
жеке
блог

"Qazaq_aqyndary_" хақында

    Әлеуметтік желі деген әлем бар. Салты да, жөн-жосығы да басқаша. Жұмыр басты пендені өзіне елітіп, соңынан ерген ізбасарындай жетелеп әкетеді. Есті адамның ақылына ақыл қосып, санасын жаңартуға таптырмас құрал. Ессіздердің есін алып, саңылаусыз санасын жәукемдейтіні тағы бар. Біз бүгін ақылына ақыл қосар, рухани азық сыйлар, жанына, жүрегіне тыныштық беретін — әдебиет, оның ішінде танымы мен тірішігі бір бөлек, тылсым — поэзия хақында сөз қозғап, кейіпкермен тілдеспекпіз. Есті оқырманға кәусар суының тамшысындай пайда берсек, адамдық парызымыздың орындалғаны.
   Жастардың арасында көрнекілік тауып, бүгінгі күні саны жағынан көп қолданушы жинаған "Instagram" қосымшасы талай қызықтарымен адамды таңқалдырудан жалыққан емес. Түрлі видео-роликтер, пайдалы кеңестер, керекті жазбаларды қамтыған сан-салалы бағдарлама. Айтпағымыз инстаграмнның қыры һәм сыры емес, бір пұшпағы ғана. Жоғарғы сөзімізде айтқанымыздай поэзия мен инстаграмның ұшырасуы. Аталмыш қосымша да латын қаріпімен жазылған "@qazaq_aqyndary_" деген парақша бар. Жас ақындар мен көркем сөз оқитын жастардың шығармашылығы жарияланып тұрады. Тіпті танылып, үлкен жетістікке жеткен ақындар да жетерлік. Есіміндерін атап, түрлерін түстеуге болар еді, бірақ келте уақытты одан әрмен қысқарту патша көңілді оқырманға жасалған үлкен қиянат болатындай.
    Парақша жөнінде, мақсаты, не себепті ашылғандығы хақында аталмыш парақшаның иесі — Анар Марсовна-мен тілдескен едік. Сөз кейіпкерде:
      — Негізін де мен бала кезімнен өлең оқуға құмар болдым. Мектепте болатын ашық сабақтардың поэзияға қатысы болатын болса — менсіз өтпейтін. Есейгесін мектептен түлеп ұштық, өз жолымызды, өмірлік нанымыз болатын мамандықты таңдадық. Бұл аралықтарда өлең оқуды қойып кеттім десем де болады. Содан 2018 жылы бір себептермен бел-омыртқама ота жасалды. Орындыққа отыруға мүлдем болмайтын, тек төсекке танылып жатуға тура келді. Өмір де қимылдап қалғасын ба, жату дегенді онша ұнатпадым. Өзімді кінәлі сезініп, қоғамға масыл адамдай күй кешетінмін. Бір іс жасайын десем жасай алмаймын. Ішім пысады. Дәрігердің қатаң ескертуі тағы бар. Бас жағымда түрлі ақындардың кітаптары жататын. Соларды алып күнбе-күн оқи бердім, оқи бердім. Құдды өзге бір әлемге еніп, басқа ғалам да өмір сүріп жатқандай, ішкі жан дүнием мен сырласатындай, поэзиядан күш алатындай күй кештім. Бір күні мынандай ой келді "неге осы оқыған өлеңдерімді смартфонның үн таспасына басып, инстаграмға жарияламасқа. Адамдар ұнатса жалғастырамын, ұнатпаса өшіре саламын, бәрі бірде аккаунтым жасырын ғой" деген. Ара да екі айға жуық уақыт өтті, ол кезде орындыққа отыра алатын дәрежеге жеткенмін. Достарымның ыстықта, жылы лебіздері қанаттандырып, өлең оқуымды биік дәрежеге жетелеп, шыңдай түсті. Ал топтың ашылуына келер болсам: екі айлық журналистика курсын оқығанмын. Курста оқып жүріп жетекшіміз бізге арнайы бір аккаунт ашып, оған өздерің оқыған өлеңдеріңді салып, ол топты дамытып отырасыңдар деген тапсырма берді. Өзімнің тәжірбием жоқтығын және енді оқып, үйреніп жатқандықтан, неден бастарымды білмегендіктен жетекшімізден ақыл-кеңес сұрадым. Ол кісі болса "Қазақ ақындары" деп аш деді. Парақша ашылды өзім оқыған он шақты өлеңдерді салдым. Қаралым да, достар да ақырындап жинала бастады. Жас ақындар, жас көркем сөз оқушылар жазып, біздің де өлеңдері шығара аласыз ба, қазақ поэзиясының даму үшін деген сөздер де болды. Ол кісілердің сөзін жерде қалдырмау мақсатымен аккаунтты белгілеп көрсеткендердің шығармашлық жұмыстарын жариялап, жарыққа шығара бердім. Қазіргі таңда "qazaq_aqyndary_" ақырындап даму үстінде. Бастапқы да жай ғана ашылғанымен, уақыт өте келе парақшаның мақсаты да, міндеті де өзгерді. Жіберілген материялдар міндетті түрде жарыққа шығады. Кейде уақыттың тапшылығынан ғана кешеуілдеп шығып қалатын кезі болады. Бүгін де қоғамдағы шығармашылық қабілеті бар жастардың дарынын ашу мақсатында жұмыс жасап тұр. Бұдан ары қарай да жоғарғы деңгейде өркендей бермек, — дейді "qazaq_aqyndary_" парақшасының ұйымдастырушысы.
     Қадірлі оқырман біз бүгін инстаграм қосымшасының бір ғана қыры жайында сөз өрбіттік. Оның ішінде — поэзия турасында. Ашылмаған қаншама сырлары жатыр десеңізші. Жоғарыдағы парақшадан бөлек өзге де бірнеше топтар бар. Бірақ біз бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы болған парақша жайында баян еттік. Бойыңызда шығармашылық таланттыңыз, дарыныңыз болса оны құршаулап, құлыптамаңыз. Керсінше ізденіңіз. Сіздің жолыңыздың ашылуы әбден мүмкін!

 

Бибіт НҰРМҰХАНОВ