Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы.
жеке
блог

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы.

Әр адам, әр халық қай заман болмасын, әрдайым еркіндікке ұмтылады. Әр мемлекет дербес, тәуелсіз ел болуды қалайды. Тарихқа көз жіберсек, біздің бабаларымыз да қай дәуір болмасын, қандай қасірет, қандай жау болмасын, өз жерін ақтық демі қалғанша қорғап келді. Ежелгі түркі халықтары, сақтар, орта ғасыр мемлекеттер тарихы- біздің тарихымыз, осы күнді аңсаған бабаларымыздың ерлігі, Қазақтың ұлт болып қалыптасудағы ұзақ жолы. Осы жолдағы ең маңызды кезең- Қазақ хандығының құрылуы деп ойланбай айтуға болады. Керей мен Жәнібек хандар басын қосқан халқымыз жаңа мемлекет құрылғалы бүгінгі күнде 550 жылдан асып барады. Бір кездері көшпенді Ұлы Дала халқының егеменді ел болып қалыптасу жолында қаншама қан төгілді, қаншама адам көз жұмды. Жеңіс те, жеңіліс те, қуаныш пен қайғы-қасырет те бастан өтті. Жоңғар шапқыншық кезеңін ең алғашқы Отан соғысы деуге болады. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған халқымыз талай қасірет көрді. Елім-ай деп бейбіт күнді аңсап жылаған, елінің тыныштығын, ерінің амандығын тілеп өткен күндер де өтті.

2015 жылы Елбасымыздың бастауымен бүкіл ел бойынша тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы халқымыздың рухын көтеріп, ата-бабаларымыздың ерлігін еске салып, осы бейбіт аспан астындағы өмірді бағалауға шақырды. Н.Ә.Назарбаев атамыз айтпақшы: «Әлемде белгілі бір халық өз мемлекетінің ресми атауымен бірге арнайы бейресми ұғымды қолданатын көптеген мысалдар бар. Ежелден бері біздің қасиетті жеріміз Ұлы Дала деп аталды, ал бізді Ұлы Дала перзенттері деп атады». Өзіміз білетіндей, біздің ұлан байтақ жеріміздің әр жерінде климат та, табиғат та сан түрлі. Ұлы жүз жерұйығы Жетісуды, Орта жүз таулы өлке Алтайды, ал Кіші жүз халқы батыстағы құмды шөл мен барханды жерлерді де жауға бермей, жерлері үшін бастарын өлімге де тықты. Себебі, көшпенділердің кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігі ерекше. Ал, біз бабаларымызға сол жердің қойнауында бүгінде Қазақстанға қарқынды дамуға мүмкіндік беретін қаншама байлық барын біліп, байтақ даламыздың әр бір бөлшегін қорғап, күрескені үшін тек алғыс айта аламыз.

Кешегі мен бүгінді жалғастырған тарих жолдары біз үшін сабақ- ең алдымен, қазақ ұлты мемлекет құрушы этнос ретінде біртұтас болуы керек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлау тек тарихи мейрам ғана емес, «Мәңгілік Ел» президенттік патриоттық идеясын нығайту жолы. Сонымен қатар соңғы уақыттарда жиі тарихи документалды фильмдер түсіру, Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту сияқты бастамалар қазіргі тілмен айтқанда тек қана ұлттық брендтті нығайту ғана емес, біздің еліміздің ішкі саяси дамуының жаңа кезеңі - ұзақ мерзімді жоспармен патриотизмді дамыту, қазақ халқының кешегі тарихын ұмытпай ертеңгі күнге сенімді қадам жасауы.