Түркісіб теміржолы

Түркісіб теміржолы
жеке
блог

    Түрксіб теміржолы - Орталық Азия мен Сібірді қосатын КСРО-ның ірі құрылыстардың бірі. Толығырақ айтсақ, 1927 жылдың сәуір айында жолға топырақ үю, қиыршық тас төсеу жұмыстары жедел қолға алынып , осы жылдың 15 шілдесі күні солтүстіктен - Семейден және осы жылдың 2-ші қарашасы күні оңтүстіктен - Луговая станциясынан бастап алғашқы рельстер төселе бастаған. Жұмыс күші ретінде 1929 жылы 40 мың, 1930 жылы 50 мың адам тартылған. Ресей мен Украинадан мамандар, инженерлер келді. Ал, қара жұмыстарға қыр қазақтары тартылғандықтан, ұлттық мамандар дайындау қоса жүргізілді. Түрксіб жайлы еңбектерге сүйенсек, осы жылдары 10 мыңнан астам қазақ теміржолда еңбек етіпті. Нәтижесінде құрылыс жоспардан бір жыл ерте аяқталды. Сөйтіп, 1930 жылдың 28-ші сәуірінде 9 сағат 04 минутта Айнабұлақ станциясында Түркістан-Сібір теміржолының солтүстік пен оңтүстік телімдері түйісті. Түрксіб құрылысы мерзімінен 17 ай бұрын бітті. Соның құрметіне 28 сәуірде салтанатты шеру өткен, оған 20 мың адам қатысты деген дерек бар, ал кей деректерде бұл сан 30-40 мыңға да жетіп жатады. Сол жиында ұлтымыздың ұлы тұлғасы Тұрар Рысқұлов тоғыз адамға «Еңбек Қызыл Ту» орденін тапсырған екен.

    Тарих беттерінде Түрксібтің орны ерекше. Түрксіб тек бір облыс емес, бүкіл Қазақстан, Орта Азия, Сібір өлкесі үшін де маңызды жол торабы болғандығы әмбеге аян. Теміржол саласындағы алғашқы қазақ мамандарының қалыптасып, жетістіктерге жетуі де дәл осы Түрксібпен тікелей байланысты. Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышпаев сияқты көрнекті тұлғалардың айналасында теміржолшылардың зиялы қауымы қалыптаса бастады. Қазақтың көзі ашылып, көкірегі ояна бастады.

Орасан зор аумақты, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан Қазақстанның көлік қатынастарын дамытып, қалыптандыруда Түрксіб теміржолы маңызды еді. Ол бүкіл Одақтың орталық аудандарын Қазақстанның белгісіз әрі бай аудандарымен ұштастырды. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытуда үлкен мәнге ие болды. Қазақстанда индустриялық дамудың сатысына жол ашты. Түрксіб Орта Азияның мақта өсіретін аудандарын Сібір мен Жетісудың сапалы астығымен, Сібірдің ағаш-отынымен, ірі-қара малмен жабдықтауға міндетті болды. Нәтиже: мақта егілетін жер аумағы үлкейді, мақтаның құны арзандап, экспортталатын мақта мөлшері азайып, Кеңес Одағының сыртқы саудасы белгілі бір баланс деңгейінен аса түсті.

    Сауатсыздықпен күрес жүргізуде бұл құрылыстың алар орны да бөлек еді. Жаңа жұмыс орындарына тартылған, отырықшылыққа көшкен қазақтардың көбі осы жолдың арқасында ашаршылық жылдары аман қалды. Сондай-ақ, Республика астанасының Қызылорда қаласынан Алматыға көшуіне ықпал етті. Шар, Жарма, Аягөз, Шу, Ақтоғай, Лепсі, Жаңғызтөбе, Матай, Үштөбе, Сарыөзек, Отар сынды қалалар мен жұмысшы кенттері бой көтеріп, отырықшылықтың негізі нығыздала бастаған.