Әл-Фарабидің философиялық ойлары

Әл-Фарабидің философиялық ойлары
жеке
блог

Әл-Фараби – өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның фәлсафасын, әсіресе Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халиланың айтуына қарағанда  Әбу Насыр Аристотельдің «Метафизикасын», «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждағаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген. Оның фәлсафалық еңбектерінің  басым көпшілігі грек ғылымдарының, әсіресе, Аристотельдің мұрасын зерттеуге арналған. Әбу Насыр Аристотельдің «Категория», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты фәлсафалық және логикалық шығармаларына түсіндірмелер жазған. Сондай-ақ өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактаттар туындатқан.

Әбу Насыр әл-Фараби ғылымы фәлсафа, логика сияқты салаларының ірге тасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математикада үлкен жаңалықтар ашқан, астраномияда кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын тың ойларымен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірле­ріндегі озық қағидаларды талдаған. 

 Фарабидің философиялық жүйесінде материяға көп көңіл бөлінеді. Ол ай астындағы дүниенің шын мәнінде бар екенін, оның айдан жоғары орналасқан дүниемен, яғни аспан әлемімен бірлікте болатынын мойындайды. Біздің, яғни айдан төмен жер бетінде орналасқан дүниеде материя мен формадан тұратын заттар, нәрселер – ақиқат. Олар негізгі бастапқы материя болып табылатын төрт элемент­тердің сан алуан әртүрлі қосылыстарынан тұрады. Фараби өзінің дүниеге деген көзқарасын социология, этика және эстетика мәселелерін   қамти отырып жүйелендіре, нақтылай түседі. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету туралы» трактаттарында ол адам қоғамының шығуы, оның өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің бейнесі туралы ой толғайды. Ол ең әуелі өмір сүріп отырған қоғамның құрылымын талдайды. Адамдар қауымы өмір сүру ортасы ретінде қала халқын алады. Қалаларды жік-жікке бөле келіп, ол кемел де үлгілі құрылым ретінде «Ізгі қаланы» таңдайды, оған жақын келетін және тұрмыстық байланыстағы құрылым – еңбекшілер тұратын «қажеттілік қаласы» деп қарайды. Фараби әрі қарай «алыс-беріс қаласы», «бақытсыздық пен бұзылғандық қаласын» бөліп ажыратады. Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда Фараби Платонға еліктеп, мемлекетті әрбір мүшелері белгілі бір қызметті атқаратын адам тәніне ұқсас етіп қарастырады. Осыған сәйкес ізгі мемлекеттегі феодалдық құрылыс суреттеледі. 

Аристотель және басқа гректің ұлы ойшылдарының еңбегінде математиканың көптеген философиялық-методологиялық мәселелері шешімін тауып, бұл ғылымның болашақ дамуының жолдары белгіленген. Олардың математиканы философиялық негіздеуінде бірсыпыра осал, әлсіз жерлері болғанмен, ғылымның даму деңгейіне сай дәл тауып айтылған пайымдаулар мен тұжырымдары ғылымды дұрыс жолға бағдарлап, ілгері дамытуда үлкен кызмет атқарды.

Алайда эллиндік грек ғылымының, әсіресе математиканың Аристотельден кейінгі қол жеткен орасан зор жетістіктері Бағдат мектебінде жинақталған математикалық жаңалықтар (мысалы қазіргі алгебраның бастамасы) дұрыс философиялық негіздеуді, талдауды және сара бағыттауды қажет етті. Римдік дәуірдің соңына таман өмір сүрген философ-математиктер (мысалы, неоплатониктер) бұл мәселені шешуді қолға ала бастайды.

Бірақ олар Платонның математика жөніндегі идеалистік жолын қуып, Аристотельден басталатын ғылыми-материалистік элементтерді ұмыт қалдырады немесе өңін теріс айналдырады.

Араб математикасын қоғамдық прогреске, жаратылыстану ғылымдарының кажеттілігіне сай дамыту бірсыпыра іргелі принципті математика философиясы проблемаларын шешуді талап етті. Мұндай мәселелер алғаш арабтың ойшыл-энциклопедист Әбу Юсуф әл-Киндидің (IX ғ.) еңбектерінде қойылып, әл-Фарабидің ғылыми-философиялық шығармаларында сол заманға лайық дұрыс шешімін тапқан деп айтуымызға толық дәлеліміз бар.
Философия мән тұрғысынан гректік болып саналады. Мұны орта ғасыр кезеңінде болсын, жаңа дәуір кезеңінде өмір сүрген теріске шығарған бірде-бір философ жоқ. Сол сияқты әр тарихи кезең философиясы өзіндік түр мен ерекшеліктерге ие.

Бірақ грек философиясы мен Ислам философиясының кейбір ортақ мәселелер төңірегінде келіспейтін тұстары бар, сондықтан бұл мектептердің негіздері бір деп айтуға болмайды.

Бұл мектептерді бір-бірінен ажыратып тұратын  еркшеліктерді жалпы түрде былай анықтауға болады – ол философияның басты сұрағы болмыс, яғни ол(сол зат) не үшін бар деген сұрақ. Соған сәйкес тарихта бұл сұраққа берілген жауаптар да әр түрлі болды. Платонның айтқан ойларына сәйкес келмесе де, философтардың ортақ тұстары  көп болғанымен, Аристотель бұл сұрақтарға өзінше жауап берді.

Әл-Фарабидің жауабына келетін болсақ, оның жауаптары түбінде Ежелгі Грекияның екі ұлы философының дниетанымынан өзгеше болды.

Әл-Фарабидің ойынша болмыс – ол Құдай, дәл Ол болмыс пен өзінің мәні. Философия тарихында Фараби бірінші болып бар заттарды екі рационалды бөлікке бөліп қарастырды: болмыс пен мән. Мәнді ол соған сай болған заттарға( квинтэссенция мен аксиденция ретінде көрсетілетін) теңеп, оны өз кезегінде 9 бөлікке бөлді.

Аристотельдің тоғыз заты болмыс болғанымен, ол оның мәнін анықтай алмайды.

Бұлай бөлуді жеке басына қатысты бөлу деп санауға болмайды және бұл жай ғана маңызсыз тақырыптарды ашу үшін ғана пайдаланылыды деуге келмейді. Фарабидің философиясында бұл сұрақ Аристотель философиясымен салыстырғанда аса өзекті болған жоқ деп айту дұрыс емес. Дегенмен шындығына келгенде Фарабидің идеясы философияның басты сұрақтарына жүргізілген онан кейінгі  зерртеулерге үлкен потенциал болды.

Бұл көзқарастар, әсіресе ақиқатқа қатысты және себептілік идеялары жаңа үнде қабылданды. Сонымен жеке жағдайларда Фараби: "Ақиқат ─ бұл Құдай" деп айта отырып, ақиқаттың басқа түсініктерін осы сияқты айтылған ойлардың  байланыстырушы мағынасынан іздейді. Егер ақиқаттылық заттарға қатысты білімге сәйкес келетін болса,Фараби бұл жерде, Құдай іліміндегі барлық заттар өзінің болмысына ежелден ие. Құдайдың алдын ала белгілеуі, кейіннен тағдыр ұғымына алып келді.

Фараби ақиқатты ежелден бар деп қарастырған кезде,  ең маңызды осы екеніне өзіңнің назарын аударады. Сондай-ақ себептілік те Фарабиде мүлдем басқа мағынаға ие, яғни бұл жерде әрекетке себептілік. 

Платон мен Аристотельдің бірде-бір еңбегінен бұндай мағынаны кездестіре алмаймыз. Егер Ислам философиясында ежелгі грек философиясында болмаған қандай да бір жаңа тақырып қарастырылғанын көретін болсақ, біз ислам философиясы бұл тақырыптың дінге жалтақтау негізінде және оның тікелей ықпалымен қарастырды деп санамауымыз керек.

Бірақ жаңа фундаментальды негіздің қалыптасуына бұрын зерттелмеген көптеген философиялық тақырыптардың қарастырылуы себеп болғанын айтып өткен жөн.

Нақ сондықтан да Фарабиді ислам философиясының негізін салушы деп санауымыз қажет. Егер біз Фарабидің ізгілігі Батыстың екі мыңжылдық мәдениеті мен өркениетіне қарсы шыққанын көретін болсақ, бұл тағыда Исламның белгілі бір әсерінің және батыс өркениетіне қарсы жаңа өркениеттің пайда болуын растауға байланысты деп айту дұрыс емес. Бұл көбіне ислам философиясының мәні мен философияның ислам мәдениетімен қатынасына байланысты. Міне дәл осы тұста шындап ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек…

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы, 1972.

2. А. Көбесов, Әл – Фараби. – Алматы: Қазақстан. – 1994. 43б.

3. http://aqiqat.kazgazeta.kz/news/23

 

Байдетова Қ. Қ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты

Жанатаев Д. Ж – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті