«ХХІ ғасыр – биология ғасыры»
жеке
блог

«ХХІ ғасыр – биология ғасыры»

«ХХІ ғасыр – биология ғасыры» деп текке айтылмаса керек. Себебі ХХІ ғасырдың басында тіршілік туралы ғылым – биология өзінің дамуында жаңа серпін алды. Биология ғылымдағы жаңа ғылыми ашылулар адамзат баласының тұрмыс тіршілігіндегі қолданбалы салалардың – медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология және фармакология және т.с.с. бұрын соңды адам баласының ойына да кіріп шықпайтын жаңа даму сатысына шығуына түрткі болды.

Мектеп бағдарламасында Сіздер міндетті оқу пәндерінің бірі – биологияны оқисыздар. Биологиялық білімнің дүниеге деген көзқарасты қалыптастыруда маңызы зор, себебі ол тірі табиғат туралы материалисттік көзқарасты дамытуға үлес қосады. Биологиялық білім өскелең ұрпаққа дұрыс экологиялық тәрбие беруге, табиғатты аялауға және де табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға баулиды. Мектеп жасындағы балалардың арасында келешекте биолог болуды, тірі табиғатты зерттеуді қалайтындар баршылық. Арнаулы биологиялық білімді қай жерден алуға болады? Егер де осы сұрақ сізді мазаласа, жауап біреу ғана, ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті! Мұнда биологиялық ғылымның жекелеген салалары: ботаника, зоология, өсімдіктер физиологиясы, микробиология, цитология, биохимия, биофизика, адам және жануарлар физиологиясы, биотехнология, генетика, молекулалық биология, вирусология және т.б. бойынша маманданған кең профильді биологтарды даярлайды.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі классикалық, алдыңғы қатарлы көп салалы білім беретін Қазақстан Республикасындағы алғашқы университет. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің дамуын 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы қаласында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімімен Қазақ мемлекеттік университеті құрылды. Алғашқыда университет құрамында екі факультет: биология және физика-математика факультеттері кірді. Бұл сол кездің өзінде жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінгендігінің айғағы. Қазіргі таңда университет құрамына 15 факультет, колледж, бейіндік мектеп, біліктілікті арттыру институты, 7 ғылыми-зерттеу университеті, 67 мамандық бойынша докторлық диссертация қорғау бойынша 25 мамандандырылған диссертациялық кеңес, 11 ғылыми орталық кіретін еліміздегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде мұнда 20 мыңнан астам студент 180 мамандық бойынша білім алады.

С.М. Киров атындағы ҚазМУ биология факультетінің алғашқы студенттері, 1934 ж.

 

Бүгінгі күні 87 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті биология саласында жоғары білім берудің қара шаңырағына айналып отыр. Қазіргі уақытта биология және биотехнология факультетінде 1300-ден астам студент, магистрант және PhD докторант білім алады. Білім беру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, көп деңгейлі жүйеде жүргізіледі: бакалавриат, магистратура және PhD докторантура. Болашақ биолог мамандарды дайындауда жоғары білікті оқытушылар, профессорлар мен академиктер дәріс береді. Биология және биотехнология факультеті – ҚазҰУ-нің ірі оқу-ғылыми орталығының бірі, бүгінде құрамына 4 ірі кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты, биология мұражайы, биологиялық клиника, аквариум бөлмесі, агробиостанция, биогаз өндіретін орталық, жылыжайлар кіреді. Биология мұражайы еліміздегі бірегей мұражай, мұражай қорында сирек кездесетін, жойылып кеткен, эндемик түрлердің 5 мыңнан астам түпнұсқасы сақталған.

 

Жануарлар физиологиясы пәні бойынша лабораториялық сабақ, 2020 ж.

Оқу процесін сапалы ұйымдастыру мақсатында кафедралардағы оқу зертханалары заманауи құрылғылармен, лабораториялық сабақтарға қажетті реактивтермен жабдықталған. Студенттердің білім алуына қажетті оқу және анықтамалық әдебиеттерді әл-Фараби кітапханасының абонементі мен оқу залдарынан, ғаламтор орталықтарынан табуға болады. Факультеттің оқу-әдістемелік базасы бүгінде биологиялық білім берудің мызғымас іргетасына айналып отыр.

Бірінші және екінші курстарда биолог-студенттер – ботаника, зоология, микробиология, цитология, гистология, анатомия, генетика, физика, химия және математика сияқты базалық ғылыми пәндерді оқиды. Оқылатын пәндердің арасында латын тілі, биологияға кіріспе сияқты бірегей пәндер де бар. Үшінші және төртінші курстарда студенттерге адам және жануарлар физиологиясы, биофизика, иммунология, эндокринология, радиобиология, биологияны оқыту әдістемесі сияқты ғылыми, қолданбалы пәндер оқылады. Төрт жыл оқу барысында студенттер далалық, оқу, өндірістік, ғылыми-зерттеу, педагогикалық, дипломалды практикаларынан өтеді. Практика Іле өзенінің жағалауында, Қапшағай су қоймасында, сұлулығына көз тоймайтын Көлсай көлдерінде, агробиостанцияда, Алматы қаласының жетекші мектептері мен ғылыми орталықтары базасында жүргізіледі. Бірінші курстан бастап студенттер факультеттің, университеттің қоғамдық өміріне етене араласады. Осы мақсатта университетімізде «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, «Көмек» еріктілер қозғалысы, «Студенттік кеңес», «Болон үдерісі бойынша студенттік бюро», «Студенттердің ғылыми қоғамы», «Студенттер сенаты» сияқты ұйымдар қызмет етеді. Сабақтан тыс уақытта студенттер спорттық-сауықтыру кешеніндегі спорт үйірмелері мен секцияларында, олимпиада чемпионы Д. Баландин атындағы жүзу бассейнінде, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайындағы шығармашылық-өнер үйірмелерінде өткізеді. ҚазҰУ қалашығында әл-Фараби кітапханасы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, жастар интернет орталығы, тамақтану комбинаты, кинотеатр, «Smart Health» медицина орталығы әрдайым студенттерге қызмет көрсетуге әзір.

 

Маутенбаев А.А.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының доценті

Қайрат Б.Қ.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының оқытушысы




Жұлдызды блогтар