Әл-Фараби трактаттарына тілдік-когнитивтік талдау

Әл-Фараби трактаттарына тілдік-когнитивтік талдау

Аннотация

Бұл жұмыста әлем мұғалімі, философ, математика, музыка теоретигі, Шығыс ғалымы Әл-Фараби туралы айтылады. Біздің жұмысымыздың мақсаты - оның атын екінші жағынан, дәлірек айтқанда, әдебиет саласынан ашу. Зерттеу жұмысымызда оның ғылыми еңбектері мен басқа ғалымдардың мақалаларының мысалдарын келтірдік. Берілген жұмыста әл-Фарабидің «Поэзия өнері туралы» трактаты негізінде ой өрбіттік. Сонымен қатар, әл-Фарабидің сол кезде біз қолданып жүрген әдеби терминдерді бұрыннан білетінін көрсеттік. Зерттеу жұмысына «Әл-Фараби — әдебиеттанушы хақында» деген атау бердік.

ӘЛ-ФАРАБИ – ӘДЕБИЕТТАНУШЫ ХАҚЫНДА

“Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең”

Араб халқының мақалы

Осындай қанатты ойды ту қып ұстаған Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес ғылыми жазбаларын қалдырады. Аты әлемге мәшһүр Әбу Насырдың еңбектерінен нәр алмаған, сусындамаған ғалым жоқ деп айтуға болады. Оның есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан берік орын алады. Дүниежүзі ғалымдары әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп атағаны баршаға аян. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол. Ұлы ойшылдың қаламынан екі жүзге жуық трактаттар дүниеге келген. Оның қаламына арқау болған ғылым салалары: философия мен логика, математика мен физика, астрономия мен ботаника, тіл мен әдебиет, медицина мен музыка. Осы еңбектерінің ішінде философия мен әлеуметтану, этика мен эстетика мәселелері ерекше орын алады деп айтуға болады.

Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалым өзінің әдебиетке қатысты негізгі теориялық ой-пікірлерін: “Риторика”, “Поэзия өнерінің каноны туралы трактат”, “Поэзия өнері туралы”, “Ғылымдарды классификациялау туралы трактат”, “Өлең және ұйқас туралы сөз” және т. б. еңбектерінде саралайды. Оның осы айтылған еңбектеріндегі теориялық ойлары мен көркемдік-эстетикалық пікірлері әлі күнге мәні мен маңызын жойған жоқ. Ғылымның айтылған саласын зерттеу барысында өзінен бұрынғы ұлы философтардың сара жолымен жүріп, олардың дәстүрлерін бойына сіңіріп, дамытты.

Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі — әдеби байланыстар. Бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік әдебиетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады.

әл-Фарабидің “Өлең кітабы” трактатынан мынадай сөздерді кездестіреміз: “Біз поэзиясымен хабардар болған көптеген халықтарға қарағанда арабтар өз поэзиясында бәйіттің соңғы жағына көбірек мән береді.Сол үшін де араб бәйіттері белгілі бір өлшемдегі шектелген сөздермен толықтырылады, көркемделеді.Мұндай жағдайда қолданылатын сөз тіркестері ырғақты, белгілі бір бөлшектерге жіктелген болуы керек, тіпті ондағы әрбір ритм, ырғақ, буын, бунақ саны да шектеліп тұруы шарт. Бәйіттегі сөздерде әңгіме не туралы айтылып жатқан болса, соған ұқсас етіп, бейнелі түрде айтылуы тиіс. Сонымен бірге бәйіттердің бір-біріне үндес болуы да талап етіледі”[1,119].

Әл-Фарабидің әдеби мұрасын зерттеушілер оның “Поэзия өнерінің каноны туралы трактатында” поэзия жанры туралы ой-пікірлерін өрбіте келіп, осы өнер саласында жүрген ақындар мен олардың дарындылықтарының ара жігін айыратынына көңіл аударады. Бұл бойынша автор шайырларды табиғи дарынына, арқалылығына, логикалық ойларына, ұйқас пен үйлесімді сақтауына қарап, үш топқа бөледі. “Біріншісі — өлең жазып, оны оқуға қабілетті, табиғи дарыны барлар. Бұлар поэзияның көптеген түрінде көркем бейнелілікке, тамаша ұйқастар мен теңеулер жасауға шебер. Сондай-ақ, олар өлең өнерінің сырымен, сын-сипатымен, теориясымен жақсы таныс болмаса да, алғырлығы мен асқан дарындылығының арқасында жырлары өткір, әрі тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді.

Ұлы бабамыздың поэзия өнері жайында жазған теориялық ой-пікірлерін сол замандағы мықты ғалымдар жоғары бағалаған және “ақындар падишасы” деп ардақ тұтқан.

Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Бұл зерттеушілердің қай-қайсысы болсын, 1979 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет Аян Нысаналиннің “Трактат және өлеңдер” атты аударма жинағынан әл-Фараби өлеңдерінің мәтінін алады. Олар ұлы ұстаздың өлеңдерін талдай отырып, Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы — Жаратушы-біріншіден кешу тілей отырып, осынау өмірдің мәні мен мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды насихаттау, адамгершілікті уағыздау болды деген ой түйіндейді. Енді бір өлеңінде туған жерден жырақта жүрген бабамыз кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын өлең өрнегіне арқау етеді. Оны Аян Нысаналин аударған мына өлең жолдарынан көруге болады:
Қашықтасың туған жер — қалың елім,

Не бір жүйрік болдырып жарау деген,

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуанар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

 

Поэтикалық пайымдаулардың (А.Нысаналин “ақындық түйіндеу” деп келтіреді) өлшем мен мазмұнға қарай жіктелетінін айта келіп, Фараби өлшем бойынша жіктеулерді музыканттың немесе просодистің үлесіне жататын тіл мен әуеннің тегіне қатысты дүние деп білсе, мазмұн жөніндегі ғылыми жіктеулерді символдарды түсіндіріп, поэзияны талдаушы, поэтикалық идеяларды, түрлі халықтар мен мектептерге тән поэзияны зерттеуші қауым өкілдерінің еншісінде қалдырады.

Фараби көптеген халықтардың поэзиясында мазмұн мен өлшем арасына шек қойылмай, аралас қолданылатынын, бұл мәселеде қатаң қағиданы тек көне гректер ғана сақтағанын айтады.  Әрине, Фараби бұл жерде поэзияның әрбір түріне белгілі бір өлшемді ғана қолданатын көне гректік өлең қағидаларын үздік үлгі ретінде ұсынғалы отырған жоқ. Өлшем мен мазмұнның қатаң қағидаларға бағындырыла бермеуі түрлі халықтардың дүниетанымындағы, көркем ойлауындағы, сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерге байланысты екені айқын. Фараби тек қатаң сақталатын қалыбы бар, теориялық тұжырымға салуға икемді, ең бастысы, біршама зерттеулерге арқау болып үлгерген грек поэзиясын толымды талдауға лайық және танымдық мәні бар объекті ретінде алады. Сонымен Фараби жіктеуінде көне грек поэзиясы мынадай түрлерге бөлінеді:

Трагедия –арнаулы өлшемі бар, тыңдаушыға да, айтушыға да ләззат беретін өлең түрі. Трагедияда өзгелерге үлгі-сабақ боларлық жақсылы-жаманды істер сипатталады, билеушілер марапатталады. Музыканттар әдетте трагедияны әміршілердің алдында орындайды. Әмірші дүниеден өткен жағдайда трагедияға жоқтау сарыны бар өлеңдер қосылады.

Дифирамб — трагедиядан екі есе артық өлшемі бар өлең түрі. Дифирамбта жекелеген адамдарға емес, жалпы адам баласына ортақ абзал мінездер, ізгі істер, сондай-ақ күллі адамзатқа қайырлы істер жасаған дара тұлғалар дәріптеледі.

 Комедия — арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Комедияда келеңсіз, оғаш жайттар суреттеліп, адамдардың мінез-құлық, іс-әрекетіндегі ұнамсыз көріністер шенеледі. Жекелеген тұстарда кейбір адамдар бойындағы жануарларға тән жағымсыз, жиіркенішті мінездер баса көрсетіледі.

Ямб — бұл да арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Ямбта мақал-мәтелдер секілді жақсылы-жаманды істерді сипаттайтын нақыл сөздер келтіріледі. Бұл өлең түрі соғыстар мен дау-жанжалдар кезінде, ашу-ызалы сәттерде қолданылады.

Драма — алдыңғы түр тәрізді поэзия жанры. Ерекшелігі сол — мұнда белгілі бір адамдарға, жеке тұлғаларға арналған ой түйіндері, нақыл сөздер қолданылады.

Айнос — жоғары шеберлікпен жазылған, көркем де келісті пайымдауларды қамтитын өлең түрі.

Диаграмма — тәртіпке бағынбайтын, тезге салуға көнбейтін адамдардың жанын қандай жан түршігерлік азаптар күтіп тұрғанын сипаттайтын заң шығарушылар қолданатын өлең түрі.

Эпос және риторика — өткен дәуірлердегі саяси және құқықтық тәртіптер суреттелетін поззия жанрлары. Өлеңнің бұл түрлерінде сонымен қатар билеушілердің өмір-салты мен іс-әрекеттері, ел басқарған кезеңі мен сол тұстағы айтулы оқиғалар баяндалады.

Сатира — белгілі өлшемі бар, музыканттар ойлап тапқан өлең түрі. Олар өздерінің әндері арқылы аң кейпінде киінген адамдар мен әртүрлі жануарларды таң қалдырарлық, әдеттен тыс қимыл-қозғалыстар жасауға мәжбүр етеді.

Поэма — жақсылық пен жамандықты, дұрыстық пен бұрыстықты бейнелейтін өлең түрі. Мұндай өлеңдердің әрбір түрі өзі сипаттайтын үлгілі, жарқын немесе келеңсіз, айыпты жайттарға сәйкес келеді.

Амфигенезис — жаратылыстану ғылымдарын сипаттау мақсатында жаратылыстанушы-ғалымдар ойлап тапқан өлең түрі. Поэзия жанрларының ішінде өлең өнерінен алшақтау жатқаны — осы түр.

Акустика — шәкірттерді музыка өнеріне баулу үшін қолданылатын өлең түрі. Оның қолданылу шеңбері осымен шектеледі, ол басқа салаларда қолданылмайды [2.36–38].

Ал Фараби ұғымында өлең еліктеу, яғни образ тудыра алса ғана — өлең, тудыра алмаса, өлең емес. Трактаттар контексіндегі “образ” ұғымының астарында кейіпкер бейнесі ғана емес, өлең өнеріне тән күллі көркемдік жатқаны айқын. Қазіргі әдебиет теориясы да образ ұғымына осы тектес анықтама береді. Сондай-ақ өлең өнерінің бітім-болмысы лиризмге, эмоцияға, экспрессияға бейім екендігін ескерсек (“Поэзия — эмоция, проза — сюжет”), Фарабидің амфигенезиске берген бағасы — оның поэзия табиғатын тап басып тани білгендігінің айқын айғағы деуге болады.

Фарабидің өзі ескерткендей, ол жоғарыда келтірілген грек поэзиясы түрлерін осы тұтас қалпында түпнұсқадан тауып, жалаң аударма жасап қана отырған жоқ. Зерттеушілердің анықтағанындай, “поэзия жанрларын бұлайша жіктеу Аристотель туындыларында кездеспейді”. Фараби бұл мәліметтерді “Аристотель, Темистий және басқа да философтар мен олардың еңбектеріне түсіндірме жазушылардың поэзия өнері жайлы пайымдау-пікірлерінен алғанын” айтады. Мұның өзі көне грек поэзиясын талдап-түсіндірмес бұрын оны саралап, жіктеуде, көзқарастарды тиянақтап, тұжырымдауда әл-Фарабидің қосқан үлесі елеулі екенін көрсетеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991. 264 б.

2.      Әл-Фараби. “Поэзия өнері туралы трактат”, Алматы,1972.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Рақымбекова Ә.М., филология және әлем тілдері факультетінің магистранты,

Жанатаев Д.Ж., ф.ғ.к., доцент

 



Бөлісу: