Белгілі жазушы Нұрдәлет Ақышпен онлайн-жүздесу өтті
жеке
блог

Белгілі жазушы Нұрдәлет Ақышпен онлайн-жүздесу өтті

2021 жылдың 16 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «Жазушы және әдеби дәстүр» пәнінің дәріскері Райхан Имаханбет және 1-курс магистранттарының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, филогия ғылымдарының докторы, ғалым – Нұрдәулет Ақышпен онлайн-жүздесу өтті. Онлайн платформада өткен жүздесуде қазақ филологиясының магистранттары Нұрдәулет Бәбиханұлына өздерінің қызықтырып жүрген сұрақтарын қойып, ақпараттық-танымдық сұхбат алмасты.

Сұхбат барысында Нұрдәулет ағаның өмір жолын, шығармашылығын жазушылық стилін ғана  танып қоймай, әрбір жазушы білуі тиіс маңызды мағлұматтардан хабардар болдық. Жазушылық өнермен қоса ғалымдықты қатар алып жүрген қаламгер өзінің өмірлік тәжірибесінде әрбір жазушы білуі тиіс қабілет-машықтарды тізіп айтып берді. Нұрдәулет Ақыш көркем туындының прозалық не поэзиялық түрі болсын, ең әуелі оның көркемдік дәрежесінің бәрінен бұрын маңызды қызмет атқаратынын және бүгінде қазіргі жас қаламгерлердің қатарында бұл принципті басты орынға қоймайтындардың да бар екенін айтады: «Көптеген ақын-жазушалыр әдебиет теориясынан бейхабар. Олардың әдебиет теориясынан хабардар болуы міндетті емес. Алайда, соған қарамастан ортақ талап бар. Рецепт бар. Ол қандай шығарма болмасын көркемдік эстетикалық деңгейі. Негізгі бағдар тақырып та емес, идея да емес, ең бастысы, көркемдік дәрежесі.  Көркемдік дәрежесі қай жерде де өшпеуі керек. Мейлі ол шығарма модернистік, постмодернистік немесе басқандай эксклюзивтік жағдайда жазылсын бәрібір ол көркемдік деңгейін жоғалтпауы тиіс». Жазушылық өнерге ерте бет бұрған жазушы көркем туындыны дүниеге әкелуде көркемдікке, образдылыққа, тілдік заңдылықтарға, сөйлемнің құрылыстары мен түзілімдеріне баса назар аударатынын айтады. Себебі әдебиетті – ардың ісі деп білетін ғалым көркемдік өрісте де тілдік ерекшеліктерді естен шығармауды өзіне парыз санайтындай. Және осы тұста әрбір детальға сыни көзқараспен қарайтын жазушының жазушылық өнерінен гөрі ғалымдығы басым түсіп жатқандығын да аңғарып қалдық.

Нұрдәулет Бәбиханұлы көркем туындыда тілдің дұрыс қолданылуына баса назар аударатынын, тіпті тілден ақсап жатқан, тілді дұрыс қолданбай жүрген мейлі ақын, мейлі прозашы болсын оның туындыларына оқырман ретінде көңілі толмайтынын айтады. Жазушының ойынша, кез-келген жазушының деңгейі осы тілдік қолданысынан көрініп қалатынын ескертеді. Егер тілі дұрыс қолданылса оны әрі қарай оқи беруге болатынын, тіпті ойы терең, оқиғасы қызық туынды болмаса да тілдік қолданысы, көркемдік деңгейі жоғары болса басқаларына көз жұма қарайтынын айтады.

Жазушы қаламынан таматын тағы бір маңызды тілдік қолданыс - сөздің бейнелі болуында екенін білеміз. Сөздің образды оралымдары сөйлем ішінде қолданылу аясына орай қарапайым не күрделі болып келеді. Сыншы ғалым қазіргі жас қаламгерлердің бірден күрделі жазуға ұмтылып, ұрынып қалатындарын айтады. Себебі күрделі қылып жазудың өзі көп еңбекті, тәжірибені талап ететініндігінен оны бірден игеру тек таланттардың қолынан келетінін ескертеді. «Сөздің бейнелі болуы үшін оның тілінің күрделі болуы шарт емес. Тілдің қарапайым жазылып-ақ көркемдікті алатынын, күрделі жазып та көркемдікті алатыны да бар», - дейді Нұрдәулет Ақыш. Яғни мәселе күрделілікте не қарапайымдылықта да емес көркемдікті игере отырып тіл әсемдігінің шыңын бағындыру екеніне назар аударуымыз керектігі түсінікті болды. Сөз оралымдарын қиюынан қиыстырып өз орнымен, нормасымен қолданса, ол қандай сөйлем құрылысы болмасын оқырман көңілінен шығатынынынан хабардар болдық.

Менің түсінігімде, жазушының шығармасы – жазушының айнасы. Әр жазушы жеке тұлға болған соң оның шығармашылыққа деген өзіндік жеке принцип, талаптары да түрліше болады. Көркем туындының дүниеге келу, жазушылық стилінің қалыптасу жолы бірден бола қоятын мәселе емес. Ол әркімнің өзінің өмірлік тәжірибесіне, талабына, талантына байланысты. Соған орай – шығармашылық нәтижесі уақыт сынынан өтіп, сыншы ғалымдардың, оқырмандардың сүзгісінен өтеді. Біз әдебиетте жүрген болашақ ғалымдар болғандықтан сыншы ғалымның әдеби норма тілін сақтауы керек деген принципін өз басым қолдаймын. Әрине, тілдік қолданыста арнайы көркемдікті арттыру мақсатында жасалған уәжді ауытқуларды есептемесек өзгесінің өрескел қолданылуы жөнсіз деген пікірдемін. Сол себепті кез-келген жазушы өзінің жазар дүниесіне үлкен жауапкершілікпен қараса, сапалы оқырмандар көбейіп, көркем әдеби тілдің сапасы да артады деп ойлаймын.

Сұхбат барысында қаламгер өзінің шығармаларының қалай туатынын, қалай жазылатынын арнайы айтып берді. Жазушы көбіне бір шығарманы жазардан алдын оны жоспарлап алады екен. Мәселен, бір белгілі-бір оқиға әсер етсе, белгілі бір бастан өткен, кешірген оқиғаны ойда пісіріп жүреді. Кейде ой оралымдары аяқ астынан келетінін айтады. Бірақ, негізінде көп шығарманы басталуы, өрбуі, аяқталуы деп жоспар бойынша жазып отыратынын айтады. Жазушы шығармасын аяқтап болғаннан кейін бірер күннен кейін қайта айналып соғып тексереді екен. Жазған кезде жоспарын дамытып, жаңадан жазу үстінде тың нәрселер қосып отырады. Жаңа негізгі сюжетке жаңа бір жағдайлар, ситуациялар, эпизодтар ойына келе қалса, соларды жазып кетеді.

Нұрдәулет Ақыш туындысын жазарда өзіне не әсер етті, жүрегін не тербетті соны жазады. Көбіне тақырып таңдамай өзінің өмірінде шынайы болған, өзі көрген не естіген оқиғаларды көркемдеп жеткізеді. Ең бастысы, автор қандай туынды жазбасын ұлт келбетін көрсететін айқыштарды көрсету, насихаттау, қорғау мәселесін басты назарда ұстайды. Және бұл қолданысты өзге де жазушылардың басты мақсаты болуы керектігін тілге тиек етеді. «Қазақ жазушыларының бірінші миссиясы – қазақи рухты сақтау, ұлтын қорғауы болуы керек», - дейді жазушы.  Ұлтты қорғау мәселесі деп біз қоғам арасындағы бүгінде көрініс тауып жүрген ұлттық менталитет, ата-баба дәстүрі, салт-санасы, тілі, ділі т.б ерекшеліктерін айтамыз. Яғни шынайы қазақи рухтың сұранысынан туған өзекті мәселелер туралы жазу жазушының басты міндеттерінің бірі деп түсінеміз.

Бүгінде, қоғамдық құндылықтарымыз арыған заманда, жазушы қоғам бейнесіндегі олқылықтарды өз туындысына реалисттік тұрғыдан көрсетіп жүр. Мәселен, қаламгердің «Нағыз әже қайда», «Қалалық емес қарт», «Сынық домбыраның сазы», «Бейуақта жанған от»,  «Көлік үстіндегі «қызыл көз» деген әңгімелері соның айғағы. Өзіміз бүгінгі қоғамда кездестіріп, көріп жүрген сан қилы тағдырладың көркемдік шындыққа айналу үрдісін көреміз. Сондай-ақ жазушы өз шығармаларында адамгершілік, адалдық, имандылық сияқты бүгінгі қоғамның маңызды мәселелерін қозғайды.

Жазушымен пандемия жағдайында өткізілген бұл онлайн-жүздесуден рухани азық пен мол мағлұматты ақпарат алып қана қоймай, өзіміздің мазалап жүрген сұрақтарымыздың да жауабын алдық. Бұл кездесуден, өз басым, аты белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыштың шығармашылығын тереңірек тани түсіп, шығармаларын оқуға деген қызығушылығым артты.

ҚазҰУ, Филология факультетінің 1-курс магистранты: Байдетова Қанымай