«АЛАШ» АНТЫ
жеке
блог

«АЛАШ» АНТЫ

Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.

Әлихан Бөкейхан

 

«Айбынды салтын ел бұзбас,
Адамдық антын ер бұзбас» деген екен дана халық. Ал сіз «Алаш» антын

білесіз бе?

 

  Саяси ұйым ретінде құрылуының алғышартын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығындағы бірінші Бүкілқазақ съезі айқындаса да, «Алашты» құруға сонау 1905 жылдан-ақ әрекет жасалғаны тұғырлы тарихтан мәлім. Съезд Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Оның ішінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышпаев, Х.Ғаббасов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқаев, С.Асфендияров, тағы да басқалары болды.

Енді Қазан төңкерісін еске түсірейік. Қазақ либералдық-демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазан төңкерісіне дейін-ақ Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындықты кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізді. Ал шын мәнінде, қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен шешілуіне келіспеді. Өйткені:

1.     қазақ зиялылары о бастан тәуелсіз ұлттық автономияны жоспарлады;

2.     Қазан төңкерісін қабылдамады, Кеңес үкіметін заңсыз орнаған үкімет деп санады.

Сол себепті «Алаш» зиялылары ұлттық тәуелсіз мемлекет құру үшін күресті. Сол жолда партияның жетістікке жетуін қамтамасыз еткен он тармақтан тұратын бағдарлама жобасы құрастырылып, «Қазақ» газетінің 1917 жыл 21 қарашасындағы санында жарияланды. Кеңес үкіметімен келіссөздер жасап, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Ал Кеңес үкіметінің ұстанымы – «Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс».   

  И.В.Сталиннің өзі телефон арқылы Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасовпен сұхбаттасқанда, Алашорданы мойындайтындығын, бірақ бір ғана шарты барын айтқан еді. Ол ­– Алашорданың Кеңес өкіметін мойындауы.

1929 жылы 10 қарашада ОГПУ-дің тергеушісіне Халел Ғаббасовтың берген жауабынан үзінді: «...Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерінің қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы автономия құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату...»

Дегенмен Кеңес үкіметінің іс жүзінде Алашорданың өзін де, талаптарын да мойындағысы келмегенін тарих өзі дәлелдеді. Тарихтың «уақыт» атты ағысына еріп, «Алаш» жайлы ойланғанда, ең бірінші ойыма олардың анты оралады.

«Алаш» зиялыларының берген анты: «Шықсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық».

Мен айбыны асқақ хандардың, өр мінезді аналардың, түк жүректі батырлардың, тілі найзадан өткір ақындардың және антын сақтаған «Алаштай» интелегенцияның рухты жанымен, киелі қанымен келген тәуелсіз Қазақстанның топырағында тәй-тәй басқаным үшін бақыттымын! Әрі баба алдындағы борышымды білектің емес, білімнің күшімен өтегім келеді. Ал сіз ше?

 

Шайық Жанель Нұрланқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Ф.Қозыбақова, жоба жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.