"Айқап" пен "Қазақ" неге айтысқан?

"Айқап" пен "Қазақ" неге айтысқан?
жеке
блог

Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» ел мұқтаждығын айта білген журнал ретінде есте қалса, «Қазақ» газеті де сол кездегі оқырманның көзайымына айналған. Бұл журнал мен газет керекті мәліметпен бөлісуден, оқу-ағарту ісін алға тартудан еш тынған емес. Екеуі де халық үшін қызмет істеп, пайдалы болуды көздеді. Бірақ «Айқап» пен «Қазақ» неге айқасқан?

Мақсаты - бір ойға бағытталғанымен, бұл екі басылымның көзқарасы әр түрлі болған. Олардың арасындағы айқасты бір-біріне жауап ретінде жазылған мақалалардан-ақ байқай аламыз. Осындай жағдайда бірінің ойы екіншісінен әлдеқайда асып кетсе, бесті мен құлын жарысқандай әсер қалдыратын.

Тарихшы Бақытжан Кенжебаевтың зерттеуі мынандай дәлелдер көрсетеді: олардың айқасуының бірінші себебі – съезд шақыру, екіншісі – жер орналастыру, ал үшіншісі – әліпби түзу болған.

Сьезд мәселесі...

Бірінші мәселе – съезд мәселесі екі басылмның арасына от салды деуге болады. Мәселенің анық-қанығын алып қарайтын болсақ «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин жалпықазақ съезін өткізу туралы ой тастаған. Бірақ бұған екінші басылым тарапынан келісім болған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы да, Әлихан Бөкейханов та оларға қарсы жауап ретінде өз мақаласын жазды. Тек мақаламен ғана шектелмей сатира, фельетон жанрындағы жазбалары оқырманға жол тартты. Жұлдызы жараспаған екі басылымның айқасуы тіпті өршіп кетті. Ол туралы жазушы М. Дулатұлы «Қазақ» газетінің 51-ші нөмірінде жариялаған «Айқап» мақаласында « «Қазақ» та «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сәтсіз күні бастаған басқосу мәселесі шыға келді» деп жазады. Ақыр соңы ешқандай съезд өтпей, екі басылымның да ойы іске аспады. Бірақ бұл мәселе екі басылымды да жаңа деңгейге көтеріп, жаңа бір көзқарас қалыптастырды.

Жер мәселесі...

Келесі өзекті мәселе – жер мәселесі. Ол кездегі уақыт «жаппай қоныстандырумен» тұспа-тұс келді. Сөйтіп бұл жолы да екі басылымның көзқарасы екіге бөлінді. «Қазақ» газеті бұл жер мәсеелесі бойынша көшпенді өмірді құптаса, «Айқап» журналы керісінше отырықшы шаруашылықты жөн деп санады. Жер жөнінде «Қазақ» газеті баса көңіл аударып, халыққа дұрыс жол көрсетуге тырысты. Оған айшықты дәлел Ә. Бөкейхановтың өзі болмақ. Қазақ халқы Ә. Бөкейхановтың жер мәселесі бойынша қаншама тер төккенінен хабардар. Екі басылымның ойы екіге жарылғанымен, мүддесі – халыққа дұрыс жолды нұсқау болатын

Әліпби түзу мәселесі...

Сол кездегі баспасөз саласы халықты оқу-ағарту ісіне бет бұруды өз алдына мақсат етіп қойды. Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш қазақ әліпбиін жасап, тарих сахнасында бұрын соңды болмаған ғажап іс тындырды. Бірақ бұл жолы да «Айқап» журналы қызметкерлерінен айтарлықтай қолдау болған жоқ. А. Байтұрсынұлының аз-маз таңбаларды қысқартуы оларға ұнамаған.  Оларға жауап ретінде ұлы ағартушы «таңбаларды қысқартып, артығын борышыма берейін деп отырған жоқпын» деп айтады. Қаншама сын айтып, ел қолдамаса да бұл қазақтың маңдайына біткен тұңғыш әліпби екендігі рас.

P.S.Жазбамды «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқан ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен аяқтағым келеді. Себебі қай гезеттің тарихын алып қарасаң да олардың мақсаты – халыққа пайдалы ақпармен бөлісу, халықты дұрыс жолға бағыттау болған. «Айқап» пен «Қазақтың» сөздері жарасып, бір бітімге келмесе де олардың мүддесі мен мақсатында айырмашылық жоқ. Тек өз мақсаттарына жетуде бөлек бағыт ұстанған.