Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақтың өкпесі"
жеке
блог

Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақтың өкпесі"

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «елім» деп еміренген азамат болғандығы  баршаға мәлім. Қазақ зиялыларының биік сатысында бірінші болып тұратын бұл кісінің қазаққа сіңірген еңбегі мол. Ақын айтқан әрбір сөздің өзі әлі де болсын өз мәнісін жоғалта қоймаған. «Ашынған соң шығады ащы даусым» демекші, бұл тұлғаның күлімдеп жазғаннан гөрі, күңірене жазғаны өте көп. Соның бірі «Қазақтың өкпесі» атты мақаласы.
Аталмыш мақала «Айқап» журналының мұқабасында жарық көрген. Мақалаға зер салып қарасаңыз, сол уақыттағы ащы шындықтар баяндалады. Ол өзінің жазбасында халық жүрегінің түбінде ұялаған ізгі арманның жүзеге аспауының мәнін көрсеткен. «Оның мәні не екен?» деген сұрақ көкейіңізде туындаған болса, қаламымымды осы тақырыпқа сілтеп көрейін.
Ахмет Байтұрсынұлы әлімсақтан бері тек шындықты ғана жазатын. Бұл жолы да ол әдетінше мінезінен таймай, шындық жайлы өрбітті. «Қазақ халқының өкпесі өзгеге емес, өзіне болу керек» дейді Ахмет. Сол кездегі халықтың жауқаулығы мен еріншектігі А. Байтұрсынұлына ұнамаған. Жалқаулықпен қоса, халық өз істерінің өнбеуіне өзгені кінәлайды екен-міс. Мұндай жағдай қазақ зиялысын бей-жай қалдырып қояр ма?! А. Байтұрсынұлы бұл мақаласы арқылы өзгеге мін тақпастан бұрын, өзіңді түзе деп айтқысы келген. Ахаң бұл мақаласымен қазақтың өкпесін ғана емес, өзінің қазаққа деген өкпесін айтқан. Басқа жұрт ілгері жүріп дамып жатқан кезде, қазақты қазақ қана артқа сүйреп жүргені Ахметтің жүрегіне қанжардай қадалды. Өз сөзінде ол: «Өзге жұрт ілгері басқанда, қазақ кері басқан» дейді. Ащы болса да шындық осы. Жалқаулық түбіне жеткен қазақтың осылай жатқаны Ахаңды толғандырмай қоймады.
Бұл мақаладағы екінші бір айшықты мәселе – халықтың надандығы. Біз А.Байтұрсынұлын надандықпен күресуші ретінде танимыз. Оған осы мақаласы да дәлел болмақ. Мақалада Ахмет «Олжалы жерде ұлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. Қазақ ғылымнан надандығын тыныш көреді» деп жазған. Осыны оқып отырып, көз алдыңа бұрынғы қазақтар ғана емес, қазіргі біз сүріп жатқан заманның адамдары да елестейді. Осыған қарап-ақ бұл мақала қәзіргі күнде де өзекті екенін байқаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы қашан да халқының саяси санасын оятып, көкірек көзін ашуға талпынған. Өмірінің соңына дейін халқыма пайдамды тигізсем деген мұратты көздеген. Оның осынау бір ғана мақаласында мұхиттай терең мағына жатыр. Ақынның көзі тірі болмағанмен, сөзі мәңгілік боп сақталды.