жеке
блог

Отты жылдардың өшпес даңқы

Қақаған қыс. Сықырлаған аяз… Қарға мүлгіген орман. Соғыс даласы…
Дауысы үрейлі де ащы граната қасыңа келіп гүрс етіп жарылғанда, ауа толқыны бетіңе жаңқа соғып, құлағыңды шың еткізіп, қопарылған топырақпен тірідей көміліп, біраз уақыт есіңді есеңгіретіп жібереді.
Ұрыс қатты болды. Біраз саябырлап күш жинап алған дұшпан шабуылының қарқыны енді күшейіп келе жатыр еді. Өздерінің темірден қатты жаңа технологиялы танктерімен совет әскері аз уақытта құрған бекініс шептерін жоямыз деп ойлады. Осы деммен КСРО жүрегін басып алмақшы.
Соғыстың алмалы-төкпелі кезеңі енді басталды. Герман-фашист қолы қалыңға кіргендей. Дегенмен шабуыл қарқыны бұрынғыша болғанмен, бұрыңғыдай еркіндік жоқ, жеміріліп ілгерілейді. Тұс-тұстан дамылсыз атқылап жатқан танктердің атакалары күшімізді кеміріп барады. Бірақ қазір әлсіздікке бой ұсынар уақыт емес-ті. «За нами Москва!» деп командиріміз айтпақшы, мына шайқасып жатқан әрбір солдаттың өмір сүру себебі әртүрлі болса да, мақсаты бір - жерімізге жау аяғын бастырмау.
Сондай атыстың астында әскерлердің «жусаннан жоғары, бетегеден төмен» болып, жер бауырлап ой-шұқыр іздейтіндері қорқақтық емес, тіршілік үшін аман қалудың, соғыстың заңды бір әдісі, айласы деп тану керек..
Үш айдан артық шегініп, қатары бұзылып, қажыған әскерге қарсы шойын салмақты, болат жебелі, жойқын күш лап берді. Совет армиясы бұрынғысынша шегініп бара жатты.
Сіз «стратегия» терминін естіп пе едіңіз? Бәріміз әскери адам болмағандықтан талдап өтейін. Командиріміз Момышұлы - әрдайым өз білгендерімен бөлісіп, бізді тең ұстайтын қолбасшы. Міне «тактика», «қулық, тәсіл» дегендерді сол кісі басынан үйреткен. Бұл - әскери ғылым мен әскерлерді үйрету өнерінің негізгі бөлімдері. Ал стратегия – жалпы алғанда соғысты даярлау мен жүргізу жөніндегі ғылым. Ендеше соғыс сахнасына оралайық: Орманды, далалы, ойлы-қырлы орыстың кең алқабы, аласа ағаш үйлі қалың деревнялары, ұсақ қалалары жаудың болат күшін кеміріп жеп, ақыры неміс армиясының темір қанаты майрылып, тұмсығы тасқа соғылатынын фашист генералдары сезген жоқ-ты. Олардың төбесінен мұздай су құйып есін жидыратын кезең жақындап келеді.
Бірде жауып, бірде қалыңдаған қардан аяқтары ауырлаған, үздіксіз төнген қауіп қажыта бастаған жауынгерлер жата қалып атысып, жаудың бетін қайтарады. Енді неміс колоннасы тез ыдырап соғыс тәртібіне көшті. Арт жақтан жау келеді. Оң жақтан, сол бүйірден немесе алдыңғы жақтан, тұстас айналаның қай мүйісінен қандай жау күші шыға келетіні белгісіз. Тек қана алға! Алға! Батальон не қырылады, не болмаса осы екпінмен жау шебін жарып өтеді.
Соғыса жүріп, көз қырымызбен бір үйдің адамындай болып кеткен жақындарды іздейміз. Көбімен қоштастық та. Осы бір соңғы көзқарастарынан сөзбен айтып жеткізуге болмайтын, жүрекпен ғана ұғысатын шексіз жақындықты түсіндік. Бір минутқа созылған қоштасу бір сағаттай, не бір тәуліктей көрінді бізге.
Осы бір көріністердің бәріне куәгер болып тұрған командиріміз кенет тіл қатты: «Ей, батырлар, мені тыңда. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет. Отан үшін отқа түс – күймейсің. Фашисттерді жан тәніңмен жек көріп соғыс, Советтік Отаныңды жан тәніңмен жақсы көріп соғыс. Тек алға!»
Осындай қиын жағдайда, дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшінен қобалжыған кезде қуат та, медет те, себеп те болған қазақтың ер тұлғалы батыры командиріміз Б.Момышұлының намысымызға тигізе айтқан екі ауыз мақалының күші, қатал тәртібі, қаһарлы келбеті болатын.

Жұлдызды блогтар