Бірлігі күшті ел азбайды.
жеке
блог

Бірлігі күшті ел азбайды.

 

2019 жылы, желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда тұтас әлемді дүрсілкіндірген COVID-19 індеті пайда болды.Сол сәттен бастап бұл вируспен әр ел шама-шарқынша күрес жүргізіп жатыр.Біздің еліміз вируспен қалай күрес жүргізіп жатыр?Карантин енгізілген соң біздің отандастарымыздың өмірі қалай өзгерді?
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 вирусын пандемия деп жариялағаннан бері,Республикамыздың барлық аймағында азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында карантин жарияланған болатын.2020 жылдың  16 наурыз бен 15 сәуір аралығында енгізілген төтенше жағдай,30 наурыздан бастап күшейтілген режимге өтті.Сол сәттен бастап адам көп жиналатын жерлерге дезинфекциялық кешендер орнатылып,қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан астам жиналған топтық жиналыстарға тыйым салынды. Сондай-ақ Республикамыздағы барлық ірі сауда ойын-сауық кешендерінің жұмысы тоқтатылды.Міне өмір салтымыздың осылай өзгергеніне жарты жылдан көп уақыт болды.Алғашында барлық адам үшін бұл жағдайға үйрену қиындық туғызды.Өздерінің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарынан бастарту керектігі,бұрынғыдай еркін қала ішін аралап,саябақта серуендеуге мүмкіндік болмайтыны көп адамның көңілін түсірді.Бұл жағдай балалармен жасөспірімдерге де өз әсерін тигізді.Карантин басталғаннан бері еліміздің барлық мекетептері қашықтан оқу әдісіне көшкен болатын.Күнделікті мектепке барып,жора-жолдастарымен ойнап,сабақ оқыған балаларға бұл мәлімдемені қабылдау оңай болмағаны анық.
Осындай қиын-қыстау кезеңде дәл бір ел қорғаған Алпамыстай арамыздан қаһармандар шығады.Біздің ортамыздағы қаһармандар-пандемия кезінде айналысына көмектесіп,әлемді жақсырақ етіп,мейірімін төге түскен медицина қызметкерлері, волонтерлар, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер.Қауіпті кеселдің қазанында қайнап,өз өмірлерін қатерге тігіп ,халық денсаулығы үшін аянбай еңбек еткендер ақ халатты абзал жандар.Олар әлі де әр науқастың өмірі үшін жан аямай күресіп келе жатыр.Олардың бұндай атқарып жатқан қызметтері үшін,еліміздің барлық аймағында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып,көмек көрсетіліп жатыр.
Бұл тұста қарапайым халық арасындағы жауапкершілік пен бірліктің маңызы зор.Қауіпті індеттің беті қайтпағанша,тұтас халық болып карантин ережесін сақтауымыз керек.Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді".Түн қанша ұзақ болса да,артынан әрқашан күн шығады.Бұл кеселден құтылып,еліміз қайта жанданатынына сенемін.
                                                                                            Сейдахмет Еркежан

                                                                                             №25 орта мектеп