Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
жеке
блог

Шәкірт лебізі!

 

                «Сен де - бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» - дейді еліміздің мақтанышы Абай атамыз. Әр адамның іргетас болып қалыптасуына, кірпіш болып қалануына осы ұстаздардың үлесі өз септігін тигізеді.  Бала шағымның тәтті естеліктеріне куәгер болған, бұзықтығыма басын шайқап, ұмтылғыштығымды байқап, бетімді қақпай, басымнан сипап жан досым, екінші анам, тәлім берер тәрбиешім болып жүрген Рысбекова Мәрия Нәбиқызымен таныстығымыз тағдырдың берген тартуы деп білемін. Өмір атты қымшының сабындай қысқа ғұмырымда қателеспей, қадамдарымды қатайтуға, қырандай қанатымды қағып, арманымнан алшақтамауыма араласқаныңызға мың алғысымды білдіремін. Тынбай, талмай, нәтиже шығармай қайтпайтындығыңыз бен мейірлене күлімдеп, мейірімділініңізді мейлінше көрсетіп жүретін қасиеттеріңіз менің бойымнан табылса екен деп тілеймін әрқашан.

         1986 жылы өткен қыс айының қаһары, ызғарлы, ызалы оқиғасының желі жаныңызды қарап та, алып та өте алмады. Сіз жаста болсаңыз жасқанып, жан аяп жасырынып жатудың орнына,  қасқая қарсы тұрып, суықта, сұмдық желді маңдайды сипап өтетін самал желдей қарсы алдыңыз. Бұл дегенің халық үшін, ұлт үшін қарсы тұра алатындығыңыз, елдің қамын жей алатындығыңыз, көп еркек деп жүрген ездерде табылмайтын қасиеттердің бар екендігінің дәлелі.

          «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» - дейді Мәлік Ғабдуллин. Мәрия апайымның білімділігіне бірде-бір адам шүбә келтірген емес. Себебі ауданның азулы, облыстың орақ тілді, республиканың мұғалімдеріне өзін дәлелдеп үлгерген, жеткен жетістігін, бағындырмаған белестерін санасаң екі адамның саусағын қоссаң да жетпейді. Сонымен қатар шәкірттерін де шың құздың шегіне жеткізіп, бағындырар белестің басына шығарған.

         Сондай-ақ көпке үлгілі ұстазым қазірде төрт баланың аяулы анасы. Өмірлік тәжірибесінің арқасында балаларына мейірімін төгіп,  ұлды ер қылып тәрбиелеп, қызды болашаққа бағам жасай отырып болашақ ана қылып өсіруде. Ұлы да ананың ұлы жолын қуып ұстаз болып қызмет істеуді жөн көрген. Өзінің ұясынан көргенін өмір атты ұзақ жолдың тұғырына айналдырды десекте болады.  Буын алмасу орын алып, өткеннің жаңарып, жаңаның дамуы орын алуда. Баласына өмірлік тәжірибесімен қоса, білім беру ісінде үздік болуды насихаттауда.

         Мәрия апайымыздың бір басында он екі түрлі өнері бар десек артық айтпағандығымыз. Саусағынан бал тамған аспаздық қасиетінің арқасында бүкіл ауылдағы туыс - туғандарды тойғызып, қазақтың қонақжайлығында дәріптеуде. «Күміс көмей, жез таңдай» деген халық мақалы кімге арналған деп сұраса, ойланбастан Мәрия апайымды көрсетер едім. Орыс халқының баяны мен қазақтың бас аспабы домбыраны үйлестіре ойнап, ауылдың адамдарын аузына қаратып сағаттап ойнағанда қазақылықтың иісі әлі де болса өшпегендігін байқайсың. Бір бойында бірнеше өнерді жинаған Мәрия апайымыз ата – әжесінің қолында өскендігін айқын көре аламыз.

         Ауылдағы менмен деген келіншектердің бірі, біреумізге ұлағатты ұстаз болса, бірімізге қамқоршы, сырсал дос, бірімізге мейірлене қарайтын ана. Өмірден алған үлкен тәжірибеңіз және 21 жыл бойы жинаған абыройыңыз мектептің жүрегі болдырып, өшірмес ат қалдыруыңызға септігін тигізуде. Көптеген білім нәрімен сусындаған оқушыларыңыз жан – жақта жоғары жақтан көрінсе, ол сіздің ерен еңбегіңіздің өтеуі десек артық айтпағандығымыз. Болашақта бабамыздың табаны тимеген жерге, баламыздың қаламы тисін деп көзіңіздің майын тауысып, шыдамдылық танытып жүрген мамандығыңыздың жемісін көре беріңіз. Таң қалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таңқалдыруға адамның бүкіл ғұмыры жетпеуі мүмкін. Сондықтан ешқашан бізді таңқалдырудан шаршамаңыз!!! Біз сізді жақсы көреміз!!!