"Бір ши" (әңгіме)

"Бір ши" (әңгіме)
жеке
блог

«Бисмилләһир – рахманир-рахим».

Көрші ауылда кішкене сәбиден бастап, үлкен кәріге дейін қарайтын емші әйел бар тұғын. Көктемнің қара суығы қиын, егер сол мезетте жылы оранып үлгермесең. Солайша, ойнақтап жүріп, бізгеде қатты суық тиген-ді. Біз қазақ қашанда дәрігерлер қызметін пайдаланбай, алда-жалда тосыннан басы ауырып, балтыр сыздай қалған кезде беделді бақсы-балгер мен тәлімі мол тәуіптер көмегіне жүгініп, олардан ем-дом қабылдаймыз. Сонан енді, апам « қой мына жағдайың жарымас » деп, арқасына салып, әлгі емші әйелге апаруды жөн көрді. 10 – 12 үйден тұратын ол ауылды қазір есейгеннен кейін жатсынамын, әйтпесе сол маңайда жан – құрдасымызбен балғын балалық шақты да өткеріп едік. Құдай – ау қайда сол жылдар?...

Ұзақ шақырым жолды артқа тастағаннан кейін, апам екеуіміз сәл ентігімізді басып алғанымыз жөн деп, жасыл теректің түбіне жақындадық. Түс ауған шақ еді. Айнала тым – тырыс. Күннің нұры төгілгенімен, желде гуілін тоқтатар емес. Баяу жылжып жатқан бұлттарға қарап отырып, байқаусыздан, ойдың теңізіне шомып кетіппін. Сондағы бар ой : « Ауру келмей, денсаулықтың қадірін білмедім ә? Бар сай сүйектерім сырқырап барады. Емші апай қандай ем жүргізер екен?  Теріс дұға беріп жүрмесін. Тәйт! Қара ниетті ібілістің санамды улауынан бет әрмен». Ойға шомып кеткенімді , сырттай бақылап отырған апам: « Қалқатай, сөмкеңнен салқын су әперші, екі жүзім ысып барады» деді. Мен жалт еттім. Жолға деп алған « Tassay » суымды алып, апамның алақанына құйдым да, « Апау, реңіңіз қашып барады, мені емдетуге барғанда, сізді емдетіп жүрмелік, ентігіп алған секілдіміз. Тұрайық» дедім.

Жайқалған жасыл шөптер мен жұпар иісті гүлдерге тамсанып келе жатқанымызда, көкжиектен көрші ауыл көрінді. Бір қадам алдыға жылжи берген сайын, қызғылт – сары шатырлары бар үйлер байқалып, көз алдымнан алаңсыз балалық шағымның сәттері жүгіріп өтті. Біздің ауылдай тыныш емес, әйтеуір күндік өмірді күбірткедей кеміргіп, күйбең тіршілікке кіріскен үлкенді - кіші. Асыр салып ойнап жүрген көшедегі бір топ балалардан «дем салатын» апайдың адресін сұрастырдық. Желі шығып кеткен кішкентай сары добын қолымен құшақтап, мөлт – мөлт еткен көздерімен біресе бізге, біресе жолға қараған сары бала, солайша апам екеумізді қызыл қақпасы бар үйге әкелді. Хош иісті гүлзарларға толы есік алдын көргенімде, сенбестен таңырқап қалыппын. Апамда: « Па шіркін, мына сұлулыққа қарасаңшы! Бағына қарап, баптайтыны қандай адам екенін білуге болады » деп қалжыңдасып қоя берді. Таңырқатқан сұлулықты көрсемде, емшінің бөлмесіне аяқ басуға жүрексіндім. Онымен қоса, бірінші болып келген біз емес-ті.  Тек  жарты сағаттан соң ғана, арғы бөлмеден « Кел, кір » деген дауыс шықты. Апамды күту бөлмесінде қалдырып, өзім әлгі дауыс шыққан бөлмеге қарай беттедім. Қызыққұмар боп туған соң, кіре сала, дем салушыны емес, бөлмені зерттей бастадым: сүртілген әйнек, терезе алды шам, түсініксіз картиналар, қабырғаға тақалынып тұрған дөңгелек үстел үстінде: қоңыр қамшы, дәптерге жазылған дұғалар және бойтұмар ретінде жасалынған « бір ши » тұрды.

-         Кіре берісте тұра беремісің, әлде ішке қарай жылжимысың?, деді

күлімсіреп емші апай.  Сәл бетіне түскен әжіміне қарап, елуге таяу қалғандығын аңғаруға болады.

-         Айып етпеңіз, елдің жиһаздарына көз салу, әдетке айналыпты.-деп  сасқалақтандым да,  ұялғанымнан баяулап, қасына келіп жайғастым.

-         Қане берші қолыңды,- деп, мен жайлы еш сұрамастан, қолымды алып, тамырымды ұстады. Бет сүйегі шығыңқы, жағы солған, қуқыл тартқан реңінде мәңгі арылмас қайғының табы қалғандай. Бірақ, соншалықты сұлу көздер «мені мүсіркеме, менімен бірге қайғырма, қайғының қара тереңіне бойлама, мені ұқ» деп үздігетін секілді көрінді, көзбе – көз үндескенде.

-         Е-е-е қарағым, қаның азайып, аураң нашарлап кетіпті, одан бөлек елдің сұғы да бар. Көз, сөз, тіл тұрғанда қалайша жанарың сұқтанбасын!- деп емші апай бір күрсініп, дөңгелек үстел үстінен қоңыр қамшысын алды.

-         Орыстарда бұны « Кашпировский сеанс » дейді, ал менде « Камшийский сеанс» деп әзілдей түсті де, маған көзімді жұмуды өтінді.

-         Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим

       «Аллаһу ләә иләәһә илләә һуәл-Хайюл-Қайюм – деп «Аят – әл Күрси» сүресін оқып, маған қамшымен дем сала бастады. Денем түршіккенімен, бар бойымнан ыстық пен ауырлықтың біртіндеп тарай бастағанын сезіндім. «Камшийский сеансын» аяқтағаннан соң, маған дұға жазылған дәптердің алғашқы екі  парағын жұлып беріп,

-         Осы сүрелерді үйге барған соң іштей қайталай бер, қайталай бер, деді. Артынша « Тұзды суға шомылып, денеңді қойдың майымен ысқыла » деп кеңес берді.

-         Дем салынғанымен, ем – дұғасы бойыңа сінген жоқ, сол себептен маған әлі екі күн бойы қаралуға келесің. Таңертеңменен кел, әйтпесе үш жүз адамнан соң, кезекте қалып қаласың, деді. Мен 5 минуттай кідіріп қалдым. Екі күн келерімді білсемде, бөлмеден аяқ басып шыққым келмеді. Кіре – сала, бөлмені зерттеген сәттен, ойымда сан саққа жүгірген мың сұрақ тұрған-ды. «Ілулі картиналар неге соншалықты түсініксіз? , бойтұмар бір шидің құдіреті неде? ,терезе алды, жанып тұрған шамның адам сырын сақтауы мүмкін бе?»  Осы сұрақтардың жауабын алмайынша, ауылға оралмаймын деп шештім. «Ертең таң намазының уақыты кіргенде , қаралуға келемін» деп,   емші апаймен бір – екі ауыз сөз алмасып, бөлмеден шығып кеттім. Күту бөлмесінде отырған апам орнынан атып тұрып, сұрақ қоюға асыққандай менімен бірге сыртқа шықты.

-         Ал, қалқатай баянда! Қалай болды? Емші әйел недеді? Қандай ем түрін жүргізді? Шошынып қалған жоқпысың? Не жайында әңгімелестіңдер? Қандай сұрақтар қойды? –деп апам сұрақтың астынан алды.

-         Түү, апа онсызда не болғанның бәрін баяндар едім ғой, сонша асығып,  аптыққаныңыз не? - деп сәл реніш білдіргендей, аузы – мұрнымды түржиітіп алдым. Жаяу жүріп келе жатып, апама болған жәйттің бәрін баяндай бастадым. Екі күн осы ауылда қаларымызды еске түсіріп, «кімнің үйіне барып, есік қағамыз ?» деген алда кішкене сес тұрды. Өз ауылға қайту тым кеш-ті. Кенеттен, біз өтіп бара жатқан көшенің алаңынан, балалармен допты таласып, тармасып ойнап  жүрген таныс жанның даусы шықты. Қайсібір жан екен деп жақындай түскенімде, бала кезден « тауды бірге қопарамыз » деп армандасып жүрген жан – құрбым екен. Мені көре салысымен, маған қарай құшақ жая жүгіріп, екі жүзімнен бастап, шекеме дейін, аймалап сүйіп шықты. Менде сағынышымды басар - басқанша, құшақтай таусылдым...

Құдай берген қазынадай құрбым  - жазушы еді.  Ұл шымшитын қырым еті жоқ. Дүбірлі дүниеден мүлде бейхабар дей алмаймын, саясатты сапырып, кітап оқитын. Ақ сөмкесінде мұқабасы тозып, ақжемделген бір-бір кітап жүретін. Ақын, жазушыларды құрмет тұтып, «Біздің ауылға келсе ғой солар» деп армандайтын. Адамды сөзсіз ұғатын қасиеті де бар.  Сондықтан болар, менің « осы ауылда қалуымыз абзал болып тұр » деген сөзіме, сүлесоқ қарамады.  Менің « құтты мейманжандарым» деп, қонағын құдайдай күткен әр қазақ секілді, апам екеумізді екі күн арасында баптап жіберді. Ұйқтар уақытқа таяу талғанда , ата – анасынан ерте айырылған құрбым, кездеспей кеткен күннен бастап бар тағдырын баяндап берді. Сұм тағдыр десеңізші. Кірпіктеріне кіреукеленіп мұң тұнған көздің бейнесін көру ауырлық етті маған. Сол күні түніменен  бітпейтін шексіз ойларға беріліп, ұйқтай алмай, аунақшып шықтым. Уақыт өтпестей көрініп, терезеден қара түнге қарап жатқанымда, аспан сары , қызыл түстерге боялып жатқанын байқадым. Таң намазының уақыты жақындады – ау сірә, деп жуынып – шәйініп, бұл жолы дем салушының сеансына өзім аттындым. Құрбы үйінің « күн шығарда ақ сәуле үйіне кірсін деп» есігін ашып кеттім...

Алғаш келген өзім шығармын деп, ыржиып келе жатқанымда , емші үйінің алдынан бес адамның кезекте тұрғанын көрдім. Көңілім күзгі күндей мұнарланып, күту бөлмесіне барып, орындыққа жайғастым. Түні бойы миыма маза бермеген ойларым тыныққандай, демалып отырып, қалғып кеткенімді байқамай да қалыппын. Көзімді ашсам, кезекті күткен соңғы адам мені түрткілеп оятып жатыр екен. Ес жиыңқырап, қоңыр қамшысы мен «бір ши» бойтұмары бар бөлмеге аяқ бастым.

-         Е-е-е қалқатай, бүгінгі реңіңді кешегімен салыстыруға келмей қалыпты, алма – жүзіңе бояу құйылғандай – деп « сағындырып келер күз секілді, қоңыр көзінен мұң ғана сезуге болатын» емші апай, маған қарай екі езуін жымыйтты. Екінші күндік ем дұғаны қабылдап болғансоң, менен кейін бәрібір тірі жан көрінбейді ғой деп, сұрақтарыма жауап алуға кірістім.

-         Кеше сізге кіргенге жүрексініп едім, бүгін айналасына сыйлы, қарапайым абыз, әулие екеніңізді байқадым. Көрші ауылда тұрғандықтан, мұнда жиі келе бермеймін, сізге енді қашан жолығарымда , бір Аллаға аян. Тұла – бойым аурудан айыққанымен, көңілдегі мазасыз сұрақтарды өзіммен бірге алып кете алмаймын. Жазушылар одағына кірмесекте, сыр сұхбатты жүргізетін жас журналисттерше, сауал қойсам қарсы емеспісіз? – деп ыңғайсыздана сөйледім.

-         Хмм. Қоя ғой, сұрағыңа жауаптарыңды ал, мазасыз ойлардан арыл-  деп дем салушы байсалды тіл қатты.

-         Адам баласы жаңалыққа, таң қаларлық ғажайып дүниелерге құмар ғой. Оның себебі, біз, адамзат қанша білімдіміз десек те, әлемдегі небір жаратылыс жүйесінің сырлары мен қырларын жете зерттеп, түсіне алатын жағдайға әлі жеткен жоқпыз. Жете қоймаймыз да. Мұндай көп сұрақ тудыратын, біз сіз болып отырған бөлмені көргенде, қаламгер де ойланып-толғанып талай сезімді бастан кешіретін еді – дей бергенімде ,емші апай дереу түсінгендей , сөзімді жалғастырмастан:

-          Әә, бөлмедегі өзіңе жат дүниелерді айтамысың? Қоңыр қамшыдан бастасаң, оны өзіңде көрдің, дұға оқыдым. Сүгіреттерді сұрасаң , бойымдағы бар бақсылық пен осы суреттер бабамнан қалған-ды. Ал бойтұмар « бір ши»... Оның тарихы бөлек.

-           Мен таңнан таңға әңгіме айтамын. Сосын тыңдағанды жақсы көремін,- деп тұспалдай сөйледім.

-      Көптен көңіл сарайында сақталып, қойын дәптер бетінде қапталған сырды өзіңмен алғаш бөлісейін онда – деп емші, әңгімесін бастады.

«Бұл жағдай осыдан жиырма жыл астам уақыт бұрын болған. Он сегіз жасымда бойыма емшілік қасиет дараланып, сырқат жандардың ауруына дауа, шипагерлік көрсетіп бастаған шағым еді.  Менің осы уақытқа дейін жер басып тіршілік етуіме алдымен Алла Тағаланың мейірімі себепші. Қағидам осы. Тамылжыған тамыз айының іші болатын-ды. Он екі айдың сұлтаны Рамазан айының таңында, тамаша ауамен дем алып тұрған едім, бір сәт талдың көлеңкесіндегі бұлыңғыр қара бейнеге көзім түсті. Не нәрсе екен деп жақындап қарасам, жетім балаша кол-аяғын бауырына ала бүрісіп жатқан маскүнем екен. Үсті-басты адам көргісіз кір – қожалақ , ұзын болып өсіп кеткен шашы құйын ұрғандай дудырап білтеленген, кір басқан аяғына әбден тозығы жеткен бәтеңкені шұлықсыз суға салған және өмірбақи шешпейтін болуы керек, бауы шиеленген, ауының, өңірінің бірде-бір түймесі салынбаған. Ең сұмдығы сол - жатқан жері, жамбасы су, астына жіберіп қойғанын сезбеген-ау. Көгеріп, көзінің асты көлкілдеп кеткен беті, кісі танығысыз. Жаным ашып, түргілеп оятқанымда, әбден арақ өтіп лайланған көзі кең ашылып, жан-жағына жалтақтап, сосын маған қарап, тұла бойын қорқыныш па, әлде жан сыздатар жалғыздықпа өзі де біліп, сезе бермес өзгеше бір мұңлы хал тұтқындап, өзінен – өзі жерігендей жиіркене меңірейіп тұрып қалды. Аяп кетіп, қолтықтап үйге әкелгенімде жұбайым: « Үйге қондыра алмаймыз, құтырып, ес – ақылымызды алып , тынышымызды кетіреді. Ыңғайсыз болады бізге,- деп жақтырмады. Амалым таусылып, орда бұзар отыз жастан енді ғана аса берген (маскүнем) ағайды екі қадам аттасаң, жақын және жалғыз тұратын кластас досымның үйіне «тамыздың екінші аптасына дейін сенде жата тұрсыншы» деп қалдырып кеттім. Жер жарықтықтың алып түндігі іспетті қара көк аспанның түбі тесіліп, самсам жұлдыздар шыққан. Ауылдың кешкі қарбаласы сабасына түсіп, саябыр тауып, енді не істесеңдер де еріктеріңде дегендей тұншыққан түн басталған-ды. Қимылдап, қыбырлап, ұйқтай алмай, таңның тез кіруін қаладым. Ертесі, күндізгі қарбалас тіршілік тырапай  асып, іңірмен бірге іріп, таусылған тыныштық болсада, кластасымның үйіне бәрін тастап тыпырладым. Өлім мен өмірдің арасында жатқан ағамды ем қабылдайтын бөлмеге әкелдім. Бұрынғыдай емес, ауылдың адамдары бұлдана есендесетіндей, бейне бір кісікиік көргендей көздерінің астымен сүзе қарады. Гүбір де таусыла қойған жоқ. « Адам болмайды демеңіздер, емдеу парыз. Абайлап сөйлеп, ойлап іс істеу Лазым. Біреуге өлім тілемей, өзімізге өмір тілейік» дедім де, есікті тарс жаптым.  Жуындырып – шәйіндіріп алған соң, сұңғақ денелі, өткір көзқарасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, жылы шырайлы жан шыға келді. Ем жасар алдында, қажетті емдік шөптерді теріп алып, қолдан сан түрлі дәрілер жасадым. Бар ниетім « Ағайды қалай болсын, арақтан арылту» еді. Дем салмас алдын, өзімен- өзі күбірлеп, біреулермен тілдескендей көңіл күйде отырды. Арасында өткен күннің мән – мағынасын сұрай қалып едім, жай ғана « тұрмыстық жағдайымыздың жөнді болмағаны да әсер еткен шығар, кім білсін. Мен жас күнімнен көп ауырдым» деді. Уақыттың артқан ауыртпашылығына төзе алмай, тіршіліктің тоқтаусыз керуеніне ілесе алмаған ағайдың жүрегі бір күндік емнен кейін, ашылып шыға келді.

Алты айдан астам уақыт кластасымның үйінде тұрды. Күн сайын тамағын әзірлеп, көрпелерін қағысып тұрдым. Екі – үш күннен бері қабағы ашылған күннің бірінде, үйге қажетті ауқаттар таусылған соң, үш шақырым жердегі дүкенге беттегенім бар еді. Кері қарай қайтқанымда, (маскүнем) ағайдың үйде болмай шыққанына, түпсіз терең ой Алтайдан алысқа жетеледі. Тек үстел үсті жазу жазылған  бір бума қағаз бен бойтұмар тұрды. Қағаз бетінде « Мен тағдырымды Құдайыма табыстадым, ал сенің тағдырыңды бойтұмарға...» деп жазулы тұр екен. Тілім байланып, өкпем қысылып, қай Алатаудың бөктеріне барып тығыларымды білмедім. Бұлай тіпті  әке – шешемнің жаназасында да жас төкпеп ем. Алдымен кең әлемнің осыншалық тарылып,  ауыр азапқа зар қылғанына өкпеледім. Сонан соң өзімді жек көре бастадым. Еш нәрсеге зауықсыз, өмірге өкпелі болдым. Іштен тынып, сары уайымға салына бастадым. Жым – жырт түннің ортасына дейін кірпік айқаспай, әрі аунап бері аунап ұйқтай алмайтынды әдетке шығардым. Мың өліп, мың тірілдім. Бар ойым: « Енді қайтып көрмеймін бе? Ішімдікке салынып, сандалып кетпеді ме екен? Алысқа ұзамаған шығар, осы маңайды төңіректеп жүрген болар?. Сансыз сұраққа бірде – бір жауап таба алмадым. Қыс өтіп, көктем туды. Дала шөбі желкідей өсіп, айнала көк кілемдей құлпырды. Күн салып, қанша қарағаныммен, батар күннің нұрында үміт болмады. «Ол бүгін жоқ. Келмейді.» деп кластасым жабырқаған жанымды, одан әрмен күйзелтті. Ертеңгі күнім белгісіз, ертеңгі күнім тұманды болса да, Құдайымнан рахым күте бастадым. Таңнан таңға, айдан жылға өтті. Қара үзіп, қарада бой, қарда ізін қалдырмай сол бойы ағай ауып кетті...

Менің осыншама бауыр басып,  ағайдың қайтып оралуын күндіз – түні тілеуім, әке-шешемнен бауырларымнан ерте айырылуым еді. Алдымен әке, ана, әпкем кетті, сонан соң, ішімдікке салынып үлкен ағамда көзден ғайып болды.  Жерлеуге сүйегін де таба алмай қалдық. Жан сарайы азанда жауған қардай таза, тұманың суындай мөлдір, балиғатқа толмаған баладай аңқау да адал, жақсы мен жаманның, сұлулық пен сұмдықтың аражігін ажыратып, өмір екеш өмірдің өміршеңдігі мен өшпенділігін  де саналай алатын зейіні бар еді. Тағдырдың осыншама ауырлық еткенін? Қара шаңырақ күйретіліп, жападан – жалғыз өзім қалдым. (Маскүнем) ағайды, туған ағамдай көріп, қимастық сезімге ұшырасқаным сол себепті еді.»

-         Айтып – айтпай не керек, не көрмедік, неге көнбедік?- деп емші апай өткен күннің тарихын бастан – аяқ баяндап берді.

-         Рахмет сізге. Қиынға соққан болсада, таңғажайып оқиғаның куәсі болдым – деп, сұрақтарыма жауап алғаныма балаша қуанғаныммен, бұл оқиғаға іштей ауырсындым. Ішім :  Бұл жалғанда «түрлі – түрлі тағдыр бар» екен –ау деп күбірледі...

Емші апай үзбей үш күн, үш түн оқыды. Алғысым деп ақша ұсынғаным да, « Бұл қызметім үшін ақша алмаймын. Тек Құдайдың берген ерекше қабілеті болған соң, елге пайдам тисе екен деймін» деп  жауап қатты. Емшінің үйінде бәлкім соңғы күнім болуы керек деп , есік алдын жаулап тұрған хош иісті гүлзарлар мен дәрілік шөптерге жақындап:  « Мұндай шипагер бағымызға  туған, қадірін біліп, қасиетін асырыңдар» деп сыбырлап, үн қатып кеттім. Қызыл қақпадан көшеге аяқ баса бергенімде, « сұңғақ денелі, өткір көзқарасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, жылы шырайлы жан» дәл қасымнан өте шықты. Елес шығар. Мүмкін емес. «Соол! Өзі...»