Астанада Бродвей музыкасы шырқалады

Астанада Бродвей музыкасы шырқалады

Көптен күткен «Мемлекеттер мен құрлықтарды шарласақ» абонементі 30 қаңтарда «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін «Бродвей музыкасы» атты концертімен ашылады.

Бродвей Американың театрлық мәдениетінің негізі. Күн сайын көрерменін қарсы алып жатқан 39 театр орналасқан әйгілі Театр кварталы жерде. Егер спектакль осы театрлардың бірінде көрсетілсе, онда ол «Бродвейде қойылған» деп аталады. Атақты жазушы Эдгар По Бродвейді америкалық жүйенің ең жақсыларының қаны ағып жатқан қолқамен салыстырған. 

- Баршаңызды Бродвейдегі музыкалық серуенге шақырамыз, - дейді концертмейстер Жанар Ахметова. – Қонақтарымызды америкалық стильде театрландырылған концерт күтіп тұр, бұл кез келген талғампазды сусындататын мюзиклдер тізбегі болмақ. Бағдарламаға кезінде бродвейлік театрлардың сахнасында шырқалған үздік туындылар енгізілген.

Кеште америкалық музыканың классиктері - Леонард Бернстайн, Джордж Гершвин, Джером Керн, Фредерик Лоу, Николай Бродскийдің музыкалық шығармаларынан үзінділер орындалады. «Астана Опера» театрының хоры көпшілік сүйіп тыңдайтын Spirituals-ты шырқайды.

Концертте опера солистері – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмиля Жарқымбаева мен Бибігүл Жанұзақ, сондай-ақ Айзада Қапонова (сопрано), Салтанат Мұратбекова (меццо-сопрано), Мейір Байнешов (тенор) және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыргөзов (баритон), сонымен қатар музыкант-аспапшылар – симфониялық оркестрдің әртістері өнер көрсетеді. Бас хормейстер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Концертмейстер – Жанар Ахметова.

Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 1 000 теңгеден жоғары.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Ф. Абилова