Сыншылар жоғары бағалаған "Қарагөз" балеті 8 қаңтарда сахналанады

Сыншылар жоғары бағалаған "Қарагөз" балеті 8 қаңтарда сахналанады

8 қаңтарда «Астана Опера» театрында балет сыншылары мен сарапшыларының жоғары бағасына ие болған «Қарагөз» ұлттық балеті сахналанады, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі, «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бас партияда «Астана Опера» балетінің жетекші солисті Әнел Рүстемова ойнаса, басты кейіпкерлер Сырым мен Наршаның бейнесін талантты биші-әртістер: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балетінің жетекші солисті Тайыр Гатауов пен Арман Оразов сомдайды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисті Гауһар Усина Қарагөздің әжесі Мөржанның рөлін ойнайды.

Өнертану докторы, Мәскеудегі П. И. Чайковский атындағы консерваторияның профессоры Елена Долинская, ұсынылған әр кейіпкерге өзіне тән қимыл түрі бекітілген хореография тілі үлестірілгенін айтады. "Қарагөз пластикасының жұмсақтығы әсіресе адажио, балеттің лирикалық шарықтау шегінде айрықша көрінеді. Нарша – Қарагөз – Сырым махаббат үштігінде екі кейіпкердің де жеке хореографиялық бояуы қанық шыққан. Қарагөзді қатты жақсы көретін әжесі Мөржан мінезі күрделі, алайда ата-баба заңдарын берік ұстанған кейіпкер ретінде көзге түседі, - дейді ол.

Ғазиза Жұбанова балетті Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасының желісі бойынша 1987 жылы жазған. Балеттің тұсаукесері «Астана Операда» 2014 жылы 5 желтоқсанда 2 бөліммен және 9 көрініспен, реквиемдегідей Прологымен және Эпилогымен өтті. Музыкалық редакцияны «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және балетті қойған Вакиль Усманов (Алматы хореографиялық училищесінің түлегі, ұзақ жылдар бойы Мәскеуде жұмыс істеп, 1988 жылы өзінің Мәскеулік В. Усманов хореография театрын құрған) жасады.

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Ф. Абилова