Сызат түскен сезім...

Сызат түскен сезім...
жеке
блог

Ербол ауылдағы Ақ Серіктің (қай ауылда болмасын Серіктің де, Сайлаудың да және басқалардың да түр-түрі болады) 11-і сыныптағы «Самал» деген қызын құлай сүйді.

Ербол қайдан білсін бір-екі жыл бұрын үйінің қасында қызыл көлгөтки, көк сланцы киіп алып, бұзау қуып жүретін қыз осыншама тартымды ару болып шыға келетінін.

4-ші курстың қысқы демалысында ауылға келген Ербол кешке ауыл клубындағы дискотекаға типа старшак болып барып, щиголдарды сындырамын деп барып, өзі сынып қайтты. Қызға сынып қайтты. Көркіне көз тоймайтын көрші қыз Самалды көріп, ғашық болып, артынан сөз салып, екеуі кәдімгідей жүре бастады.

... Содан соңғы қоңырау, бітіру кеші, таңды күтуге жиналған ауыл түлектері. Самал Ерболға Астанаға оқуға түсетінін, сонда өзімен бірге баруын өтінді.

Не істейсің махаббат. Ербол дипломын ала салып, әкесі дайындап берген жұмысына да қарамай тура арман қала Астанаға тура тартты.

Елордаға келді, тәубә тұратын жері бар. Ағасының үйін паналап, жұмыс та тапты.

Сүйікті Самалы алғашында туысқандарының үйінде тұрды, артынан Ербол оны жатақханаға орналастырды.

Әр демалыс бірге. Ерболдың барлық туысқандары біледі. Самал Ерболдың ағасының үйіне де келіп, келін болып жүре береді. Ербол жанталасып, күні-түні тыным таппай Самалмен жазғы демалыста, қысқа демалыста ауылға бірге бару үшін көлік алды кредитке. Қысқасы ауылдың барлығы, оған қоса Самалдың да, Ерболдың да ата-аналары біледі. Самал оқуын бітіргеннен кейін Ербол екеуі үйленеді.

Содан қойшы сезімге толы 4 жыл өте шығады. Мемлекеттік экзамен, диплом қорғау. Барлығы сәтті. Самал көптен күткен қызыл дипломын қолына алды. Тойдың күні белгілі. Ауылда екі жақтың ата-анасы тойдың қамына кірісіп кеткен.

Ербол мен Самал тойға киім алу үшін Алматыға барады. Барлығы жақсы. Ербол Самал армандаған қымбат көйлегін алып берді. Бес күн базар аралап тағы да не қалады барлығын алды. Содан кейін Астанаға қайтты. 2 күннен кейін ауылда той.

Астанаға келген күні Самал Ерболдан «ертең жол жүреміз, кешке апайым жаққа барып қонсам болады ма? Әңгімелескім келеді. Таңертең мені сол жақтан алып, жолға шығып кетеміз» - деп сұранып, таксимен апайының үйіне кетіп қалды.

Жолдан кейін шаршап келген Ербол соткасын зарядкаға қойып, ұйықталап қалады. Таңертең тұра салысымен Самалға телефон шалады. Ұялы телефон өшіп жатыр. Самалдың апайына звондайды. Ол кісі Самал келмегенін, тіпті олардың Алматыдан келгендерін де естімегенін айтады. Ербол Самалдың қыз жолдасына звондайды ол да түк білмейді. Зәресі ұшқан Ербол телефонында Самалды танитын барлық адамдарға телефон шалады, ешкім ештеңе білмейді, Самалды көрмеген.

Полицияға барып арыз жазды. Телефоны соңғы рет кешкі 20.00-де Жастар сарайының маңында болғанын көрсетеді. Ол жаққа барды, барлық дүкендерді аралап сұрады.  Жүрегі дауаламаса да моргтарды аралады. Самал ешқайда жоқ.

Кешке дейін Ерболдың жаны жай таппады. Ойына небір қорқынышты ойлар келе бастады. Түндегі таксист маньяк болмады ма? Апайының үйіне бара жатқанда бірдеңе болды ма?  Бар ойлағаны сүйікті Самалы аман болса болды. Соны тіледі. Біреу ұрлап кетсе де сұраған құнын беруге дайын болды.

Таң атқанша Астананы 10 рет айналып шықты. Барлық жерде болды. Бірақ нәтижесіз. Амалы таусылып, көлігінде отырғанда телефонына смс келді...

«Ербол ренжіме. Мен сенімен бола алмаймын...»

Ербол ұқпай тағы да смс-ті оқыды. Дәл солай жазылып тұр. Дереу телефон шалып еді, Самал тұтқаны көтермеді.

Түкте ұқпаған Ербол есеңгіреп отырып қалды.

Қанша уақыт өткенін білмейді, әкесі телефон шалғанда бірақ есін жиды. Тұтқаның ар жағында әкесі «Самалды группаласы алып қашып кетіпті. Сол Астананың маңайындағы бір ауылдан. Екеуі баяғыдан бері жүреді екен. Жаңа Ақ Серік кешірім сұрап келді. Олар да аң-таң. Самалдың өзі звондап айтыпты» - деді.

Бұл өткен жазда болған оқиға. (адамдардың есімі өзгертілген)

Ал енді не дейсіздер?

Сезімді бірінші орынға қою керек па? Барлығын тастап сүйемін деген адаммен кетіп қалу.
Әлде ұят бірінші орында тұру керек па? Ата-анаңның арын ойлап, ауылда мазақ қылмауы үшін сені сүйетін адаммен қалу керек па еді?