Әке мені өлтірмеші...

Екі жыл бұрын...

Ерболдың екі баласы бар. Ұлы үштен асқан, тәтті қызы енді енбектеп жүр. Өзі отбасымен пәтер жалдап тұрады. Жағдайлары қиын деп айтуға келмейді. Бастысы, пәтерақы мен ішер асына жетеді.

Жақында ол тосын жаңалық естіп, төбесі көкке жеткендей ерекше қуанды. Сүйген жары Сезімнің аяғы ауыр екен. Ерболдың қуанғаны сонша, жүрегі жарылып кетердей күйге бөленді. Өйткені ол жетім өскен еді. Сондықтан жастайынан көп балалы үлкен отбасын армандайтын.

Алайда арқа-жарқа болған осы бір қуанышы көпке созылмады. Нақты айтсақ, үйлеріне қонаққа келген енесі қызының жағдайын естіп, баланы алдыртып тастау туралы ой қозғады.

«Өздерің далада қаңғып жүріп, үшінші баланы не істемексіңдер. Тым болмаса аяқтарыңнан тұрып алыңдар, кейін көрерсіңдер. Алдымен осы екі баланы өсіріп, қатарға қосыңдар», – деп ақыл айтқан болды.

Қуанышты хабарды алғаш естіген кезде еңсесін тіктеп, өмірге деген құлшынысы артқан Ербол үшін нағыз тосын сый енесінің сөзі болды. Мұндайды күтпеген ол ашуға ерік беріп, әйелінің анасын үйден қуып шықты.

Әрине, енесінің мұндай сөзді өздеріне жаны ашып айтқанын түсінгісі келсе де, күйбең тірліктің кесірінен бала сүюден бас тарту, тіпті ондайды ойлаудың өзі Ербол үшін ең ауыр қылмыс болып көрінді. Әлгінде ғана қуаныштан қарс айырыла жаздаған Ерболдың жүрегі енді әлі жарық дүниеге келмек тұрмақ, анасының жатырында кесек ет болып та үлгермеген сәбиінің болашағын ойлап қан жылады.

Дереу есін жиған Ербол санасын торлаған тұман ойлардың шымылдығын батыл түріп тастап, әйеліне қандай жағдай болса да үшінші ұрпағының өмірге келетінін айтты. Бұрындары бес жылдан бері пәтер жалдап келе жатқанын ойлап, ертеңі үшін елеңдеп, екі құлыншағының болашағы үшін алаңдайтын. Бұл жолы ондай дүнияуи ойлардан біржола ада болған ол: «Жатырға біткен шарана қалай да жарық дүниеге келуі керек. Оның өміріне балта шауып, үкім шығаратын мен де емес, енем де емес. Өмірді беретін де, алатын да бір ғана Алла тағала», – деп іштей өз-өзін қайрап, өз-өзіне серт беріп, белін бекем буды.

Бүгінде...

«Қорада бір қозы туса, далада бір түп жусан артық шығады» емес пе. Құрсаққа біткен бойда жарық дүниеге келу-келмеуінің өзі мұңға айналған үшінші сәбиі өмір есігін ашқан сәттен бастап Ербол мен Сезімнің жағдайы барлық жағынан түбегейлі өзгерді. Бүгінде тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшқан бұл отбасының өз пәтері де бар. Ерболдың жұмысы да өрге басып, темір тұлпар тақымдап үлгерді. Осы мамыражай тірліктің барлығын өзінің сол бір батыл шешіміне Жаратқанның қайтарған қарымтасы деп қабылдаған Ербол ешқашан аузынан тәубәсін тастаған емес.

P.S. Үшінші баланың атын Айсезім деп қойыпты.

P.P.S. Бұл өмірде болған оқиға. Мұндай мысалдардың мың санын келтіруге де болады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтар болсам, әр баланың көрер өз жарығы бар. Расымен сәби өміріңді өзгертері анық. Қай жағына? Ол сіздің таңдауыңыз.

Сізді білмеймін, өзім пәтер жалдап тұрудың азабын тартқан адаммын. Ай сайын жиған-тергеніңді бөгде біреудің қолына ұстата салу былай тұрсын, бір тұрлауы жоқ түрпі ойлар маза бермей, санаңа салмақ түсіріп, еңсеңді басып тұратыны тағы бар. Емін-еркін аттайтын өз табалдырығыңның болмауы үнемі тұрақсыздықтың отын өшірмей, үрлеп тұратыны да белгілі. Дегенмен, осының бәрі балалы болуға, Алланың адамға берген ең басты сыйын қабыл алуға кедергі емес. Өйткені, бала ол сенің өмірің, яғни сенің өзің, соңында қалар ізің.

Десек те, үлкен өкінішке қарай, қазіргі таңда осы баспана мәселесін сылтауратып, кейбір жас отбасылар баладан бас тартатынын естіп жатамыз. Сондай кезде Ербол сияқты менің де жүрегім қан жұтып, көкірегім қарс айырылады.

Әр адам өміріндегі сәтсіздіктердің салдарын баладан да, басқадан да емес, ең алдымен өзінен іздеуі керек. Данышпан Абай айтқандай, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Ендеше ізденуден, еңбектенуден жалықпайық. Сол кезде арман болған пәтер де, көздеген көлік те, үнемі санаңыздың бір бұрышында үшбу хаттай сақталып тұратын саяхат та қолжетімді болады.



Бөлісу: