Тәуелсіздік мәңгі жасасын!

  Тәуелсіздік...Қазақ елінің жадында өшпестей болып сақталған 16 желтоқсан...Ата-бабамыз тағатсыздана күткен,жан-тәнімен күресіп,қадір-қасиетін жете түсіне білген асқағымыз -- тәуелсіздіктің бүгінде қалың елім қазағымның қара шаңырағыңа мәңгілік орнаған күні.Бұл күн-тарихтың беттеріңе төңкеріс жасап,ел тағдырын мүлде өзге жарқын арнаға бұрған күн.Ал,тәуелсіздік деген не?..Ғылымға жүгінсек,тәуелсіздік-мемлекеттің сыртқы саясатының өзгелерге бағынышты болмауы және ішкі саясатта мемлекеттік жоғарғы биліктің орнауы.Ақын-жазушыларымыз болса,тәуелсіздікті мейлінше сөз маржандарымен көмкере,айшықтай түсіндіреді:тәуелсіздік-баға жетпес байлық.Әр елдің сан ғасырлар бойғы ерең еңбегі мен оның жолында құрбан болғандардың асыл арманы.Сонымен қатар,мен тәуелсіздікті ықылым заманнан бергі төгілген қан мен аққан тердің ең қымбат өтемі дер едім.
  16 желтоқсан...Осы бір сөзді естігенде еріксіз ойға ызғарлы сол бір күн оралады,иә?Атап айтпасам да,ойыңызға 1986 жылдың қаһарлы 16 желтоқсаны түскен болар?..Қазақтың бозбалалары мен бойжеткендері батылдықпен Алматы алаңында ерлік көрсетіп,егемендікке тағы бір қадам жасады.Балалық шағымыздан белгілі Қабанбай,Бөгенбай батырлар және олардың сара жолын жалғаған Қайрат,Ләззаттар-бұлар ел азаттығын өмір бойы аңсап,армандарына қол созған қазақ ұландары.Біздің еліміз азаттық жолындағы ауыр күндер мен ұйқысыз түндерге куә бірнеше ғасырды артта қалдырып,тағдырдың небір сынағына төзе білді.Қалмақтар мен жоңғарлардың жойқын шабуылдары,Ресей патшалығының озбыр саясаты мен басып-жаншуына,ашаршылық пен жұтқа да шыдымдылық танытып,алға ұмтылған халқымыз қазірде қастерлі тәуелсіздік күнін тойлауда.Бүгінде еңселі еліміздің бой көтеріп,әлемге тәуелсіз ел болып танылғанына 26 жыл толып отыр.Біздің ел егемендігіңе бір жыл тойланғанында-ақ АҚШ,Германия сынды ірі елдерді мойындата білді.Осы күнге дейін тәуелсіз еліміз әлемді таңдай қақтырған біршама жетістіктерге жетіп те үлгерді.Қойнауы қазба байлықтарға толы кең-байтақ жеріміз бен қонақжай мейірбан еліміз-біздің барымыз.Көгілдір туым,бедерлі елтаңбам мен әуезді әнұраным-менің елімнің тәуелсіздігімнің дәлелі.Махамбеттер ерлікпен қорғай білген қазақ жері-менің кіндік қаным тамған туған жерім.Мен өз елімді сүйемін."Мен қазақпын!" деген жалынды сөздер менің жүрегімде.Ерлік пен елдікке толы тарихымыз және үміт пен сенімге толы болашығымыз - тәуелсіз Қазақстанымның барша құндылығы деп білемін.Керей мен Жәнібек көтерген шаңырақтың керегесін кеңейтіп,нығайта білген кемеңгер елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бізге,өскелең ұрпаққа сенім артуда."XXI ғасыр- бой жарыстыратын заман емес,ой жарыстыратын заман" деп түйген көшбасшымыздың бұл сөздерінен мен жігер аламын.Сол себепті,қиыншылықпен қол жеткізген тәуелсіздікті қастерлеп,Отанын сүю,халқымыздың рухани құндылықтарын ұмытпай,болашағынан үміт күттіретін тұлға болып қалыптасу-маған және әр елжанды азаматқа міндеттелген деп білемін.
 1991 жылдың  16 желтоқсаны - халқымыздың жасқа толған жанарыңа күлкі мен бақыт шуағын сыйлаған ұлы күн болса,тәуелсіздік-осы күннің мерейін асырған басты себеп.Тәуелсіздік-біздің алаңсыз,бейбіт өміріміз болса,оның жолында құрбан болғандар-біздің әр арайлы таңымыздың себепшісі.Тәуелсіздік-менің қастерлім.Тәуелсіздік-тірегім.
                                                                                           Гүлнұр Аманкелдиева
                                                                         Ақтөбе облысы,Темір ауданы,
                                                                                 Шұбарқұдық кенті


Бөлісу: