Жаңбыр

Жаңбыр
жеке
блог

 Бала күнімде жаңбыр жауса, көңіл-күйім болмай, жаңбыр ертерек тоқтаса екен деп армандаушы едім. Жаңбырды жек көруші едім. Мұның екі себебі бар болатын.

1) Мен бала күнімде бұлттардың ішінде кішкентай ғана құмырсқаға ұқсас жәндіктер болады. сол жәндіктер болады. Ал бұлттың ішін ұшақ немесе ракетаның іші сияқты деп ойлайтынмын. Бұлтты ондағы кнопкалар арқылы жәндіктер басқарады. Ақ бұлттардың ішінде жақсылар, ал қара бұлттардың ішінде жаман жәндіктер болады. Аспанды ақ бұлт қаптағанда жақсылық жамандықты жеңіп, бейбітшілік орнағандай, ал қара бұлт қаптағанда жамандық жеңіп, өз зұлымдығын жаңбыры, найзағайы арқылы көрсететін секілді көрінетін.

2) Жаңбыр жауып тұрғанда және жаңбырдан кейін далада ойнауға ата-анам рұқсат бермейді. Оның үстіне жер, шөп су болып тұрғанда дұрыстап ойнай да алмайсың.

Осы екі себептен жаңбырды жек көрдім. 

Есейе келе бұлттың, жаңбырдың қалай пайда болатыны туралы біліп, бұл ойымнан қайттым. Бірақ сонда да жаңбырлы күндері көңілімді бір жайсыздық билейтін.

Уақыт өте келе мынадай сәйкестікті байқадым: менің жан-дүнием алай-дүлей болып, көңілсіз күйге еніп, қатты жылағым келген сәттерде немесе қатты бір қуанышқа бөленген кездерде міндетті түрде жаңбыр жауатын. Мүмкін мен өзімді ауа-райының ыңғайына қарай ұстайтын болармын. Бірақ аспан менің жалғыз жылауыма жол бермей, маған серік болатын секілді. Жауып тұрған жаңбыр менің көз жасыммен үндес. 

Жаңбыр жаумай, тек бұлтты болып тұрғанды ұнатпаймын. Одан да нөсерлетіп, шелектеп жаңбыр бір құйып жіберсе екен деп тілеймін. Осылай тілеп аламын да, оған өкінемін. Оның да себебі бар. Әлемде қаншама жағдайы нашар адамдар бар. Оларға жаңбыр жауғаны ұнамайды: үйлерінің төбесінен немесе жыртық аяқ киімінен су өтеді. 

Міне осылайща жаңбыр жауған күні мені сан түрлі ойлар мазалайды. Дәл қазір Алматыда жаңбыр жауып тұр. Осы жаңбырдың арқасында мен өз блогымды аштым. Өз ойларымды басқалармен бөліскім келді. Менің ойларымды басқа адамдардың оқып, өздері де ойланғанын қаладым.

Сонда да, бәрібір жаңбыр маған ұнайды, ол тіршілік атаулыға нәр беріп, шөлдеген топырақтың сусынын қандырады, кішкене  болса да ауаны шаң-тозаңнан тазартады. 

Жаңбыр - аспаннан төгілген нұр...

Жаңбыр - менің көз жасым(қуаныштың және қайғының көз жасы)...