Егер Махамбет ақын болмаса...

Егер Махамбет ақын болмаса...
жеке
блог
     Махамбет Өтемісұлы – қазақтың біртуар азаматы. Ол халық арасында ақын атымен кең таралған. Егер Махамбет ақын болмаса, кім болар еді?
    „Батыр туса – ел ырысы ”. Расында да, Махамбет елі үшін туылған азамат болды. Оған дәлел – ақынның қолына найза ұстап көтеріліске шығуы. Жолдасы Исатай өлсе де, көтерілісті тоқтатпай, керісінше, көтерілісшілерге руханы көмек беруі Махамбеттің елім деген батыр екенін айғақтайды. Махамбетті өзі айтқандай ел қорыған батыр деп бағалау – ақынға айтылған ұлы мадақ.
     Махамбет – сегіз қырлы, бір сырлы ел баласы. Ол „жігітке жеті өнер де аз” деп, жер бетіндегі өзіне ұнайтын өнерлерді бойына сіңірді. Қазақтың ұлттық аспаптарында да еркін ойнады. Басқа батырлардың серігі – жылқы болса, Махамбеттің серігі – қара домбыра болды. Ол күй шығарды. Махамбеттің 11 күйі бізге мұра ретінде жеткен. Сол күйлерінің ішіндегі бәрімізге белгілісі – Жұмыр қылыш. Ақынның күй шығаруы – бойында бірнеше өнердің бар екенінің дәлелі. 
      „Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады”.(А. Құнанбайұлы) Ұстаз болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тәрбиеленушінің болашағы – ұстаздың қолында. Махамбет те өзі өмір сүрген жылдарда мұғалімдік қызмет атқарды. Ол Жәңгір ханның баласына тәлім-тәрбие беріп, баланы білім нәрімен сусындатты. Махамбет – ұлтшыл ұстаз.
       Махамбет ақын болмағанда да бағындырар белестері мен асар асулары көп еді. Себебі ол – дара тұлға, жан-жақты тұлға. Махамбетті ақын деп танитындықтан, басқа адам ретінде елестету қиын. Махамбет – батыр. Махамбет – күйші. Махамбет – ұстаз. Махамбет – ақын. Соңғысы ерекше екпінмен айтылады. Поэзияны Махамбетсіз, Махамбетті өлеңсіз елестету мүмкін емес.