Заманауи қоғамдағы қазақ қызының орны

Заманауи қоғамдағы қазақ қызының орны
жеке
блог

 

 

Қазақ халқы қыз баланы әр кез ерекше құрметтеп, туған үйге қонақ деп өсіргені баршамызға мәлім. Оны барынша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап, еркелетіп өсірген. Келген үйдің берекесі мен құты қашады деп сеніп, қонақ болып келген қыз баланы еш уақыт босағаға отырғызбаған. Дәл осы айтылған қағидаттар атам заманнан бастауын алып, қыз тәрбиесіндегі негіздің негізі болып әлі күнге шейін өз құндылығын жоғалтпаған. Дегенмен, қазіргі кезде кейбір түсініктер заман ағымында бұрмаланып, теріс бағытта қолданысқа түсуі осы мәселені қозғауға себеп болып отыр.

Осы тақырып аясында талқыға түсетін мәселелердің алғашқысы – қазіргі заман отбасыларындағы қыз бала. Аталмыш мәселенің бастауы ана құрсағына сәби біткен сәтте талқыға түседі. Себебі қазақ халқы, әсіресе отбасындағы отағасы тарапында іштей құрсақтағы сәби жынысы ұл болғанын қалайды. Әрине бұл ұғым астарында барлық отағасы атанған ер азаматтарының бәрін бірдей, жаппай қарастыра беруін болмайтындығын атап өткен жөн. Ендігі кезекте үміттенген отағасы мәселесіне қайта оралатын болсақ, құрсақтағы сәби ұл болып туса ұлан – асыр той жасап, сәйкесінше қыз болған жағдайда шағын ортада ғана атап өтеді. Бұл мезетте бала - сәби бұны сезбейтіндігіне іштей қуанамын. Бұл жерде туындайтын мәселе, жалғыз қыз туып, бала таппай қалған қазақ отбасыларын қаншалықты жиі кездестіреміз? – Өте сирек. Ұлды болмағанша, алған жарын әр тоғыз ай сайын еш жиғызбай бала тапқызып, бес қыздан кейін ұлды болды дегенді есту үйреншікті жағдай. Бұл жағдайда біріншіден қыз бала тапқан әйелге деген құрметтің жоқ болып қала беретіндігінде, ұл тапқанша бұл құрметті алты баланың анасы деген күміс немесе қола құрсақ деп мемлекет тарапынан ғана көруінде. Екіншіден алғашқы туған қыз өскен сайын, отбасыдағы жағдайды көріп психологиялық тұрғыдан жапа шегуі.

Уақыт өте қыз бала өсіп, бой жетеді, бұл мерзімдегі оның тәрбиесімен тікелей анасы айналысатындығы ешкімге жаңашылдық емес. Бұл жерден тақырыптың қарастыратын екінші мәселесі – қызды ұзату. Той десе, қазақ деген бар жиған тергенін салып, жетпей жатса қарызға алып, қандай жағдай болмасын ұятқа батпай тойды өткеріп салуға барын салады. Бұл жерде салттық ұғымдардың сақталуына еш гәк келтіре алмаймын. Бірақ қыз ұзатылып кеткен соң, жігіт жақтың оған деген құрмет білдіруі қайтадан бала табуға келіп тірелетіндігінде. Әрине жаңа, жас отбасы құрылғаннан кейін бұл айтылмай қалатын мәселе емес, алайда әйел затының құрмет пен сыйластыққа қазіргі кезде неліктен бала, одан ұл бала табудан кейін ғана  қол жететіндігі өз басымды терең ойға салады.

Келесі айтылатын мәселе – гендерлік теңсіздік. Бұл жерде әрине, отбасыдағы ер азаматтың әр кез әйел затынан бір саты жоғары тұруы шарт, және талқыға салынбайтыны сөзсіз. Бірақ бұл заңдылық ер азаматтың өз өмірлік жарына қол жұмсауына еш құқық бермейтіні қазіргі кезде кей аймақтарда ұмыт болуда. Оған нақты мысал ретінде «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасының кезекті бір санында оңтүстік Қазақстан аймағының тұрғынының әйелі ол қол жұмсаған соң төркініне кетіп қалғаны жайлы баяндалады. Аталған ер адам бұл болған жайтты, оның әйеліне жеті жыл қол жұмсамаған соң «страх потеряла» деп түсіндіріп, ақталып шығады. Бұл жерде ата – бабаларымыз айтқан «малды бастан ұрма» - деген нақылы еске түсіп, сондағы бұл жағдайда қазіргі кезде  әйел заты мал құрлы болмай қалғаны ма?! Әйел затына ер тараптан қол көтеру қашаннан бері қоғамда қалыпты жағдайға айналып кеткен? Салт пен дәстүрді ұстанамыз деп, бұндай жауыздыққа көз жұматынымыз калай?!

Барлық айтылған мәселелердің түпкі түйіні мен мағыналық мақсатына келетін болсақ, қазіргі қазақ халқы қоғамындағы қазақ қызын бұрын болмаған мәртебеге көтеріп, ер азамат затынан жоғарылату емес, қазақ халқының рухани жадында сақталған салттық негіздегі қыз баласының ары, қадірі, отбасындағы әйел затына деген сыйластық пен құрметті қайта қалпына келтіру екенін дұрыс түсінгендеріңіз абзал. Қазақ қызының намысын бағаласақ, қыз баласы да гүлдей құлпырып, күндей шуақ шашып жарық беретініне сеніп, үмітке жол берейік. Адам затына сыйластық таныту – маңызды қасиет екенін ұмытпағанымыз жөн.