Сізді кім бақытты ете алады?

Сізді кім бақытты ете алады?

Бақытты болуды армандамайтын адам кемде-кем шығар. Алайда «мен бақыттымын» деп бірден айта алмайтын жандар көп. Тіпті «бақыт деген не өзі?» деп ойланып қалатындар да жоқ емес.

Сонымен "бақыт" деген не? Біреу денсаулығында ақау болмағанды бақыт десе, екіншісі байлықты бақыт санайды, үшіншілері «ол маған машина сыйласа» деп армандайды.

Меніңше, әрбір жан өзін-өзі бақытты ете алады: таңертең ұйқыдан күліп оянып, кешке ұйқыға жатқанда сол көңіл күйді сақтай алған адам. Ол үшін ертеңгі күнді өзіңіз жоспарлап аласыз. Мысалы, жаныңыз нені қалайды: жұмсақ халат, таңғы дәмді ас, жағымды музыка, т.б.

Әрі қарай кешегі дайындап қойған киімдеріңізді киіп, айнаға сүйсіне көз тастайсыз. «Менің көзім Жазиранікіндей ботакөз емес немесе Айнұрдың беліндей қиылып тұрған жоқ» деген секілді уайым-қайғының бәрін қоқыс жәшігіне лақтырып (өйткені әркім өзінің дене бітімін сымбатты ететін киім түрлерін ғана таңдай білуі қажет), айнаға сүйсіне көз тастаймыз. Қоғамдық көлікте не өз көлігіңізде жан-жақтағы кісілермен ілінісе кетуден аулақ болу да позитивті көңіл-күйді сақтауға кепілдік береді.

Егер біреу сіз туралы сын айтса, қолға бақанды ала салып, дереу қарсы шабуылға шықпай, «дос жылатып айтады» деген мақалды еске түсіріп, ойланыңыз. Терең тыныс алыңыз. Бұл – бір белес, сүрініп-жығылып, әрең шықтыңыз. Әрі қарай жазық дала көсіліп жатыр, қиын белес артта қалды. Мұндай ой-шұқыры көп, қиын асулар кездессе де, енді тәжірибеңіз бар, абайлап өте аласыз.

Міне, енді үйіңізге келдіңіз. Өзіңіздің сүйікті асыңызды ішіп, дем аласыз. Үй шаруасын реттеп болып, ертеңгі бақытты күніңізді жоспарлайсыз. Тәтті қиялдың жетегінде қалың ұйқыға берілесіз.

Бақытты болыңыздар!

Автор: Фариза Әбілова

Сурет: vk.com

Ф. Абилова