Бір жылдан кейін орындалған аманат...

Бір жылдан кейін орындалған аманат...
жеке
блог

«Академиктің көз жасы» жайында тұңғыш өткен жылы Нұрсерік Жолбарыс ағамнан естідім. Бас қалаға барған сол сапарымда Нұрекеңмен жүздесіп, жақынырақ танысудың сәті түсті. Әңгіме Әлиханнан басталып, елдегі өзгерістер, музей ісі, Массагеттің жұмысы, қойшы әйтеуір, біраз тақырыптың басын қайырып, ақырында соңғы оқыған кітаптарға келіп қалса керек. Нұрекең «Академиктің көз жасына» арқау болған қазақтың біртуар азаматы, ғалымы Қаныштың талан-таражға түскен өмірі, көрген қиыншылығы, қысқаша айтқанда, «көз жасы» жайлы Қабдештің тілімен әңгімелеп отыр екен. «Есіктен Алтын адамды тапқан Кемел Ақышевты білесің ғой, сол Қаныштың туған әпкесінің ұлы екен. Ашаршылықта қайтыс болған әпкесінен қалған екі ұлын бір туғанының аманатына балап, Қаныш бағып алған екен» деді. Бұл деректі хикаятты жақында ғана оқып тауысқан болса керек, сондай бір ерекше сезіммен таңдана баяндағаны әлі есімде. Қазір ойлап қарасам, 63 беттік хикаяттың берер әсері енді сұмдық екен... Оны бүгін түсіндік қой. Қысқасы, «қалайда уақыт тауып оқып шық» деді, Нұрекем сөзін түйіндеп.

Ой-пой, бірақ, мен де бір «мықтымын» ғой, екі бетім бүлк етпей, ағамның «сол повесті бір парақтап шық» деген аманатын тұп-тура бір жыл арқаладым... Басында кәдімгідей, сол кітапты іздестіргендей болып жүрген едім. Кейін қалай ұмыт болғанын, білмеймін?... Әсілі, мына ағыны қатты ақпараттық заманда ойға алған істі бір күннен ары кешіктіргенің, шаруаңның біткені екен ғой...

Кім біледі? Сол хикаятты ақ параққа түсірген Қабдеш Жұмаділов «АЙНА»-ға қонақ болып келмегенде, мен қара тұлпарыммен қазақтың дара қаламгерін үйінен редакцияға, редакциядан үйіне тасымағанда, жазушы үйіне кіргізіп аталған кітапқа қолын қойып, тілек жазып өзі ұсынбағанда ағамның (Нұрсерік) аманатын тағы қанша жыл мойныма жүк қыларым бір Құдайға аян. Сөйтіп, бір жыл уақыт таба алмай жүрген 63 беттік деректі хикаятты бірнеше сағатта-ақ тәмәмдап тастадым...

Бірнеше сағатта бала Қанышпен қара тайға міңгесіп, Баянауылды араладым. Екеуміз бірге Жезқазғанның мысын іздеп, кен қопардық. Сталинге хат жаздық. Ғылым академиясын құрдық. Елдің қошеметіне де, қиянатына да тойдық... (деп бәрін тізбектеуге болар еді. Бірақ, мен «спойлер» емеспін) Сапардың соңғы бекетіне келгенде Сәтбаев көшесінің Академик атына берілген университет орналасқан тұсына таяғанда Қазақтың Қанышы менімен қоштасып, еріксіз көз жасын тағы бір сығып алды да, ғарышта күн жүйесін шыркөбелек айналған «Сәтбаев ғаламшарына» ұшып кетті. Мен қол бұлғап қала бердім...

P.S.: Қабдеш Жұмаділов Массагет редакциясына келіп, «АЙНА» бағдарламасына қонақ болды. Жазушы барлық сұрақтарға көсіле, шешіле жауап берді. Сұқбатымыз 1 сағаттан асып кетті. «АЙНА» -ның хронометражы 15-20 минут. Түгел берсек, форматтан ауытқимыз. Екінші жағынан классиктің сөзін қию – үлкен күнә. Сонымен, ақылдаса келе «АЙНА»-ның бұл санынан 2 бөлім жасаймыз деген байламға келдік. 1- бөлім бүгін шығады. Сағат 17.00-де.