Шырмалған, шұбарланған тілім-ай

Шырмалған, шұбарланған тілім-ай
жеке
блог

Наурыз айынының 25-і еді. Мерекелік демалыстан кейін Орал қаласынан Алматыға бет алған пойызға мінген болатынмын. Пойызға  мінісімен өз орныма жақсылап орналастым. Жаныма  сұлу, жылы жүзді бейтаныс қыз келіп жайғасты. Қуандым (Алматыға барғанша уақыт өтетін болды ғой деп ойладым). Бірақ...

Кенеттен қыздың ұялы телефоны шырылдап, сөйлесе бастады: 

-  « Алло... да,да

-  Ма, приветик. Какие люди?!

-  И, картопты жармашиш

- Мен поездамын. С утра шықтым.     

- Ну, не знаю енді

- Обратно барғасын көремін ғой

- Короче, давай, сонара перезвонить етермін», - деді де телефонды қоя салды.

Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Егер «тіл – ұлттың тағдыры», - деген сөз рас болса, бір минуттық сөйлесуден бір тілдің тағдырын көргендей болдым. Сол қызға үнсіз қарап отырып, ойымды сансыз сұрақтар мазалай бастады...

Қазақ тілі – бай дейміз, көркем дейміз. Шығармада қолданамыз, сұлулап тұрып  жазамыз. «Қазақ тілі - қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы бола білген, дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген тұсында әрі қару, әрі қалқан бола білген » - деген жақсы сөздерді жатқа білеміз. Бірақ, ауызбен айтып, әрекет жасаудан алшақтаймыз. Көпке топырақ шашқым келмейді. Дегенмен, ауызбен айтылып қалатын, мағынасы мен мәні келіспеген сұрықсыз сөздерден не ғаламат іздейміз?!

Күнделікті өмірде жанымда жүрген құрбыларымнан  да байқаймын. Біреуді абайсызда қағып кетсек, ия бір келеңсіздік болса, «sorry», «please» дейміз, айтар сөзіміздің «біссмілләсін» «по идее», «на самом деле», «как всегда», «если честно», «не гони» сөздерімен бастаймыз.  Иә, әрине, көп тіл білгенің көп елді білуге деген мүмкіндігің шығар. Бірақ бұл әрекетің бір тілдің тағдырын байлап жатқанын естен шығармағанымыз жөн. Егер біз бұлай бұлғақтасақ, біздің тілді кім білгісі келеді?

Қарапайым ғана өмірден тағы бір мысал. Айтпаса да белгілі дүние әлеуметтік желілерде осылай сайрайтынымыз тағы бар:

- Слм, каксын?

- Нест?

Қаласаңыз, дәл осы күйінде сіз де оқып көрсеңіз болады. Тіліміздің қалай қорланып жатқанын өз көзіңізбен сіз де көріңіз. Түсінеміз, қысқартып жазу керек шығар, телефонда қазақша қаріптер жоқ шығар. Алайда, мұндай нәрсеге немқұрайлы қарау қазақ тіліне деген сауатсыздықпен бірге күнделікті өмірде қолданатын сөздеріңіздің жазу емлесін ұмытуға алып келетінін естен шығармаңыз.

Кезінде  «Тіл өнері-дертпен тең»,-деп айтып кеткен Абай атамыз осы бір дерттің біздің қоғамды, жалынды жастарымызды,  балғын бүлдіршіндерімізді науқастық халге түсіретінін сезді ме екен?! Өкініштісі-асыл сөз бен далбаса  сөзді көбіміздің ажырата алмайтынымыз.

Тілім, дінім деп шырылдайтын азаматтар да бар, бірақ осы бір жеңіл сөз  жанашырларының көптігінен бе ол кісілердің  жан айқайы сезілмейді де.

 ... Мейлі он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса

 Өз ұлтыңның тілі мен рухы

 Ой санаңа іргетас болып қалмаса,-деп ұлттық құндылықтың ұлтжанды азаматы Мұхтар Шаханов жырлаған тіліміз әр кез, әр уақыт санамызда сайрап жатуы тиіс. Өз тіліңнің  асылдығын  сақтап, өз ұлтыңның жанашыры болғанға не жетсін!

Сөз соңында айтқым келетіні: тіл тазалығы, тіл сұлулығы  өте маңызды екенін, ол – қазақтың ары мен рухы екенін естен мүлде шығармағанымыз жөн. Әдеби, көркем сөздерді былай қойғанда, біздің бұлай сөйлеуіміз басқа берекетсіздіктерге бастама болуы мүмкін.