МЕН КӨЗБІН
жеке
блог

МЕН КӨЗБІН

Негізі мен жансызбын. Бірақ бүгін маған жан бітіп, сөйлеу құқы берілді. Тілсізге жан бітсе болды, әдеттегідей ол жансыз дүние адамға деген ренжішін үйіп төгеді деген ой тууы мүмкін. Дегенмен, мен өзіме берілген осы мүмкіндікті қолданып, құрметті оқырманға терең    мағыналы     жеткізерім     бар.

«Көз жеткізу» деген сөз тіркесін алсақ, қоршаған ортадан келіп жатқан ақпаратты, негізінен, көздің алатынын түсінуге болады. Көзбен көрген дүние адамда небір ойларды туғызады. Мысалға, ақындар көзбен көріп, жүректе туған сезімді жырлайды, ал философтар құбылысты, не затты бақылап ой тудырады және т.б. Осылайша, көз арқылы әр адамның түпкі санасында әлем туралы «көзқарасы» қалыптасады.

Бұл көзқарас арқылы  ол өз келешегін қалыптастырады. Егер оқырман эзотерикадан хабары бар болса, бұл тақырыппен тереңдей таныс болар. Яғни, адам өз өмірін өзгерткісі келсе, алдымен өзінің өмірге деген көзқарасын, сана-сезімін өзгертуі керек. Мысалы, бай болу үшін байлар сияқты ойлауы, ал жеңімпаз болу үшін солар сияқты ой қалыптастыруы керек. Ал көзінің назары сапасыз болса, әрине олар сапасыз өмірді алады.

Осылайша менің адамзатқа ренжіш білдірер жөнім де жоқ. Себебі, адамзат қиянат жасаса, ең алдымен өзіне қиянат жасайды. Себебі, көз қызметін орынсыз қолдану арқылы адамзат ең басты ақиқатты ұмытады.

Ол ақиқат – өмірідің су сияқты ағып жатқаны. Маңызы жоқ дүниелерге көзді жұмсап, күнтізбенің айлап, жылдап бет ауыстырып жатқанын байқамай қалуға әбден болады.