Алаш арысы жылап тұр

Алаш арысы жылап тұр
жеке
блог

Биылғы жыл қазақ тарихы үшін ерекше. Дәл осы жылы елімізде универсиада алауы тұтанды. Бірер айдан  соң EXPO-ның да есігі ашылмақ. Тағы бір елеулі оқиға - Алаш партиясының 100 жылдық мерей тойы. Осыдан-ақ, қазақ тарихының тамыры тереңде жатқанын білуге болады. Алаш партиясының, ұлт зиялыларының егемен еліміз үшін төккен терлері өлшеусіз. Қараңғы халыққа сәуле болып, қалың ұйқыдағы қайсар халықты оятуға тырысқан - Алаш Ордашылар бүгінгі күні ел есіңде қалды ма екен? Халық жадында қаншалықты сақталды? Олар қазаққа үлкен мұра қалдырды. Ол - өлмес тіліміз, өшпес тарихымыз. Қазақ үшін барын салған халық ұлдарының жаны азапқа әбден салынды. Жер аударылып, өздері де, отбасылары да тағдыр тауқыметін аямай тартты. Олар бірақ, ешқашан осы істері үшін өкінген жоқ. Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатұлына жазған хатының бірінде: "Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!» деп жазады. Олар келер ұрпаққа сенді. Үкілеген үміттерін соларға артты. Біздің мойнымызда сол кешегі азапты, ауыр күндерді бастан өткерген бір топ қазақ зиялыларының аманаты бар. Сол жайлы біреуіміз болсын ойландық па? Ұлт зиялыларын күніге есімізге алып, бізге қалдырған мол мұрасы жайлы ойланып көрік пе? Бір сәт болсын ой елегінен өткізіп көріңізші...

Қазіргі заманға кешегі алаш арыстарының көзімен қарағыңыз келе ме? Олардың сезінгенін сізде сезінуді қалайсыз ба? Онда, солар жайлы сыр шертетін мекенге бас сұғыңызшы. Алып қаламыз Алматыда ұлт зиялысының бірі Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй бар. Қазір музей. Мемлекеттік емес, өкініштісі сол. Жекенің қолында. Қай күні шаңырағын ортасына түсірер екен деп алаңдаумен жүресін. Жап-жасыл алаңқайда басқа сәулет құрылысы бой көтермей-ақ қойса екен. Ахмет атамның тұрған үйінің орны даңғара шудың ортасына айналамасыншы - бұл музей директоры Райхан Сахыбекқызының жан айқайы. 20 жылдан астам уақыт бойы осы музейде 1 тиын алмай қызмет етіп келе жатқан жалғыз жан. Ол кісіден басқа музейде қызмет жасайтын да ешкім жоқ. Еден жуушы да, аула тазалаушы да, гид те сол Райхан апайымыз. "Егер музей мемлекет қолына өтсе, жағдайымыз біршама жақсарушы еді. Арнайы штат бөлініп, қызметкерлер алушы едік. Музей жұмысы да сәл алға ілгерілейтін еді. Бірақ, музейді жеке меншікке өткізіп алған атамыздың ұрпақтары бабасының мұрасын халыққа қайтарғысы келмейді. Музей үшін істеп жатқан жақсылығы да жоқ. Соңғы рет жөндеу жұмысын Иманғали Нұрғалиұлы қала әкімі болып тұрғанда жасап берген. Содан бері музей жөндеу жұмысын да көрген жоқ. Осы мәселені көтеріп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бірақ, нәтиже жоқ. Алаш арысының бірі Ахметтің мұрасы ешкімді қызықтырмағанына ішім ашиды",-дейді Райхан Сахыбекқызы. Осы сөздерді естіген соң өткенінен көп сыр шертетін, рухани азық мекенінен, біздің де тауымыз шағылып қайтты. Кішкентай жотаның үстінде, Ахметтің үйі жетімсіреп тұр. Келушілер мүлдем жоқ! Сонда жұрт өткенін ұмытқаны ма? Олай бола қоймас. "Өткеніңді ұмытсаң, болашақ саған тас атады",-деген жақсы сөз бар. Бір сәт артқа мойын бұруды естен шығармайық. Кино мен би кеші десе, құны қанша болса да, сол есікті аттауға әзір тұрамыз. Ал, Ахметтің Алматыда үйі бар екенін де білмедік. Жүректі ауыртатыны сол... Бір сәттік қызықты қайтеміз? Одан да рухани азық алуға асығайық. Өткеніміздің бағасына жете білейік. Олардың біз үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың алдындағы қарызымызды ешқашан өтей де алмаспыз. Тым құрығында, ұлт зиялыларын жадымызда жаңғыртып жүрейікші!