Анаңмен ұрыспау үшін не істеу керек?

Анаңмен ұрыспау үшін не істеу керек?

Анаңмен сырлас, дос, құрбы болғың келгенімен, кейде ұрыс болып тұратыны анық. Ата-анаңның көзінде ақылды қыз болып қалғымыз келгенімен, кейде өз мүддемізді қорғауға да тура келеді. Анамызбен болатын дауда артық сөзге келмей, жеңіспен шығу үшін қандай қағидаларды ұстану керек?

1. Жер тепкілеп есірмеу

Дау неден туындаса да, егер сен өз-өзіңді басқара алмай, есіріп, жыласаң, әлі де бала екеніңді көрсетесің. Есіру – бұл балалардың қылығы. Сен айқайлап, жер тебініп жатсаң, ата-анаң дәлелдеріңді тыңдамайды. Өзіңді ересек адамдарша ұста және өз көзқарасыңа қатысты барынша көп дәлел келтір.

2. Айқайламау

Бұл одан сайын анаңды ызаландырады, өйткені айқайлап, сен оған деген құрметсіздігіңді көрсетесің. Ол өзінің ата-аналық абыройын түсіріп алмас үшін сені қолдамайды, тіпті жаза ойлап табуы да мүмкін.

3. Көз жаспен ештеңе шешілмейді

Үш жасыңда көз жасың ғажайыптар тудыратын – сенің жылағаныңды басу үшін саған ойыншықтар сатып әперетін, түнге дейін теледидар көруге рұқсат беретін. Енді сен есейдің, мұны анаң да түсінуі керек. Ал сенің көз жасың есеймегендігіңді көрсетеді.

4. Қыр көрсетіп, сөйлемеу

Сен қыр көрсетіп, анаңмен сөйлеспесең, ол да саған үндемейтін болады. Бұл «қырғи қабақ соғыс» ұзаққа жалғасуы мүмкін. Бірақ есіңде болсын, анаңның көмегі қажет болғанда ол әлі де сенімен сөйлеспей жүруі мүмкін, осылайша стратегияң өзіңе қарсы жұмыс істейді.

5. Дөрекілікке жол жоқ!

Даулы мәселелерде өзіңді лайықты ұстауға тырыс, дөрекілік кез келген әңгімені ұрысқа айналдырады. Адамдардың сені тыңдағанын қаласаң, сен де айтылып жатқанды тыңдауың керек. Саған дұрыс нәрселер айтылып жатқан болуы мүмкін. Қалай болғанда да ересек адамдардың сөзіне құлақ асу артық болмайды.

6. Үйден кетемін!

Ұрыс өрши берсе, ата-анаңмен бір пәтерде тұру мүмкін еместей көрінеді. Жасөспірім кезінде көбі үйден кетіп көрген: кейбірі бірнеше сағатқа, ал кейбірі бірнеше күнге. Бұл қателікті қайталама. Үйден кету мәселені шешпейді, керісінше одан сайын шиеленістіреді. Оған қоса сен қауіпті жағдайға түсіп қалуың мүмкін, ал ата-анаң жаныңда болмайды.

7. Көзіңді ақшитпа

Бір әрекетпен біреудің жынына қалай тиюге болады? Өте оңай – анаңмен байсалды әңгіме кезінде көзіңді ақшита қалсаң болды, ұзақ өнегелі әңгімеге тап боласың. Егер үгіт-насихатқа ұрынбай, ұрыс кезінде өз ұстанымыңды жеткізгің келсе, көзіңді ақшиту арқылы жағдайды одан бетер ушықтырма. Оған қоса, анаңның сенен үлкен екенін және көзін сенен де жақсы ақшита алатынын ұмытпа!

8. Кейін өзің өкінетін сөздерді айтпауға тырыс

Ашу кезінде бір-бірімізге көптеген дөрекі сөздер айтуымыз мүмкін. Ал кейін сол сөздеріміз үшін өкінеміз. Сен анаңды ренжітетін сөз айтасың, ал кейін, әрине, кешірім сұрайсың. Бірақ сөздерің анаңның көңіліне тиіп, біраз уақыт уайымына айналуы мүмкін.

9. Жанжалға екі ата-ананы да араластырма

Егер сен анаңмен ұрысып қалсаң, бұл мәселені өз бетіңше шешуің керек. Әкеңе шағымданып, сені қолдауға шақырудың қажеті жоқ. Сен олардың да ұрысып қалуына түрткі болуың мүмкін, ал анаңмен мәселе сол күйі шешілмей қалады.

10. Есікті тарс жауып кетпе

Егер анаң сенің қандай да бір сөздеріңді көтере алмай, есікті тарс жауып кетіп қалса қандай күйде болар едің? Бұл көңілге қатты тиеді және мұндай әрекеттен кейін татуласу түгілі әңгімені жалғастыруға да ықыласың болмайды. Сондықтан, өзің бұлай жасама. Мұның қандай жағымсыз қылық екенін түсінесің ғой.

Сурет: www.buyking.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina