Eurasian Music Award ұсынады (Сурет)

Eurasian Music Award ұсынады (Сурет)

Бұл жыл үшінші рет өткізіліп жатқан Орта Азия көлемінде әзірге жалғыз, жас жұлдыздардың болашағын бағдарлайтын байқаудың әдеттегі басқосуы болып өтті. 

Алғашында "Муз Фишка" атауымен белгілі болып, 2009 жылдан қазақстандық MuzZone телеарнасының ұйымдастыруымен басталған арнайы байқау жыл сайын мәртебесін асырып келеді. "Таң" телеарнасының президенті Аманжол Байтасов және Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өткізіліп жатқан EMA байқауының жеңімпаздары биыл да 11 номинация бойынша анықталады екен.

Қазақтың эстрада жұлдыздары мен байқауға қатысушы жас таланттар айтулы кештің бас қонақтары. Голливудтың қызыл жолағын аттап жүргіңіз келсе, мына жер тура сізге арналып жасалғандай. Келуші қонақтар өздерін киножұлдыз ретінде сезініп, фотосессиядан да өтті.

"Eurasian Music Award жыл өте келе өз қарқынын алып келеді. Әр жылда жаңадан қатысушы болашақ жұлдыздардың орындауындағы әндерді байқаймыз. Әлеуметтің де жыл өткен сайын қызығушылығы артып жатқанын бүгінгі басқосудан біле беруге болады. Ал байқаудың өзіне келсек, оның бірінші кезеңінің аяқталуына бірнеше күн ғана қалды. Ресми сайтымызда қойылған әр қатысушының бейнеклиптері ғаламтор арқылы жинаған дауыстардың есебінен келесі кезеңге іріктеліп шығады. Әр номинация бойынша 6 үміткерден сараланған соң, тағы екі айдың көлемінде смс дауыс беру арқылы үздік номинантты анықтайтын боламыз", - дейді Аманжан Байтасов.

Құлақтан кіріп бойды алатын әуенмен басталған кештің барысында аз-кем дәм тату да болды.

Бір-бір композициядан алып келген әншілеріміз сахнада тұрып, қонақтардың шапалағына бөленді.

Естеріңізге сала кетейік, ЕМА байқауының ұйымдастырушылары бірінші кезеңнің нәтижелерін 1 шілдеде анықтап, келесі кезеңге өткендерді смс сауалнама бойынша ары қарай жарысқа түсіретін боламыз. Ал үлкен галаконцерт Алматы қаласының күніне орай, 20 қыркүйек күні Орталық Стадионда өтеді.

Арнайы massaget.kz үшін: Жолдас Өрісбаев

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай