Ыстық көл туристерінің саны жергілікті тұрғындардың 55%-ын құрайды

Ыстық көл туристерінің саны жергілікті тұрғындардың 55%-ын құрайды

Қазақстан мен Ресей туристері демалатын орынға айналған Ыстық көл - Қырғыз Республикасының маржаны. Қазірдің өзінде жыл сайын бұл аймаққа 2 миллионға жуық турист келеді. Осы уақыт аралығында олар жергілікті тұрғындардың 55%-ын құрайды. Яғни туристердің саны жергілікті тұрғындардыкімен бірдей. Келушілердің экономикаға әсері туралы Қырғыз Премьер-министрі Джоомарт Оторбаев Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

«Елімізге көбінесе велосипед мініп, қол дорбасын асынған туристер келеді. Олардың экономикамызға қосатын үлесі аз. Сондықтан қонақтар көп келсін деген ниетпен 44 мемлекетке визасыз кіруге рұқсат бердік. Осы шараның арқасында туристердің саны 30%-ға өсті. Ең көп келетін Қазақстан, Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттерге қонақжайлылығымызды көрсетуге тырысудамыз. Ең басты мақсатымыз – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал келіп, қоныстануын жекеменшік секторлар реттеп отырады. Өкінішке орай, бізде туризммен жеке айналысатын мемлекеттік мекеме жоқ. Бір шетінен мұның өзі жекеменшік бизнесмендерге пайдасын тигізеді. Мысалы, Ыстық көл облысы жыл сайын келетін 2 миллион туристің қалдыратын 500 долларынан белгілі бір мөлшерде салық жинайды. Осы салық экономикамыздың өркендеуіне едәуір әсер етеді».

Оның айтуынша, қарапайым халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін туризмнің рөлі жоғары.

«Күні кеше Нарында болдық. Бұдан өзге шаңғылық туризм бар. Біз сіздердің Шымбұлақтарыңыздан да жақсы шаңғылық туризм салуды жоспарлап отырмыз. Әлемдік деңгейге көтерілгіміз келеді. Өткен жылы осы секілді жобаларға салынған инвестиция құны бір миллиард долларды құрады. Қаракөл аймағы толығымен туризмнің арқасында өмір сүріп отырғандықтан, ол жерді дамытуға ат салысатын инвесторлар іздеудеміз. Осыншама күш-қуат пен табысты көршілерді бергені үшін Аллаға ризамыз», - дейді.

Мұнымен қатар, туристерге қызмет көрсету сапасының жоғарылағандығын байқауға болады. Жоғарыда аталған көрсеткіш бірнеше есе өсетін болса, көршілеріміздің жағдайы едәуір жақсара түсетіні анық. Қазақ бизнесмендерінде қаржы ресурсы мол болғандықтан, олардың арасында аталған елге ақшалай көмек көрсетіп отырған инвесторлар өте көп. Бұдан өзге жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауға ат салысатын «Air Astana» компаниясын ерекше атап өтуімізге болады.

Арнайы Massaget.kz үшін Қырғызстаннан: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай