Сүйрік саусақтардан тамған "Қыз ғұмыры" туындылары
жеке
блог

Сүйрік саусақтардан тамған "Қыз ғұмыры" туындылары


Сүйрік саусақтардан тамған «Қыз ғұмыры» туындылары

 Қазақстан Республикасы «Астана» ұлттық сурет галереясы» республикалық мемлекеттік мекемесінде 2016 жылдың 23 қыркүйек күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жас суретші, мүсінші, сәндік – қолданбалы өнер шебері Жанна Нүгербектің «Қыз ғұмыры» атты жеке көрмесі өтті.

Жанна Нүгербек - Астана қаласы балалар өнер мектебінің түлегі. «Қазақстандық өнер аптасы» халықаралық заманауи өнер конкурсының «классикалық домалақ мүсін» номинациясында I орын иегері (Алматы қаласы, 2010 ж.), «Толқын әуені» жобасын жүзеге асыру бойынша ҚР Бірінші Президент қорының грант иегері (Астана қ., 2012 ж.), «Халықаралық өнер аптасының» I дәрежелі диплом иегері (Мәскеу қ., 2014 ж.), Drewoodlution ағаш архитектурасы бойынша халықаралық фестивальдің II дәрежелі диплом иегері (Санкт-Петербург қ., 2015 ж.).      

Автордың туындылары Қазақстан және Ресейде өткен көрмелер төрінен орын алды. 2010 жылы Алматы қаласында өткен «Жас өнер» кескіндеме, графика, мүсін және сәндік қолданбалы өнер көрмесі, Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай және Өскемен қалаларында өткен «АРТ-Сапар» алғашқы жылжымалы көрмесі, 2015 жылы Мәскеуде өткен «Адам және жануар» көрмесі және Санкт-Петербургте өткен «Вокруг света» жобасы және т.б. Қазіргі уақытта қолөнер шебері И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург кескіндеме, мүсін және сәулет институтының «Мүсіндеу» мамандығы бойынша білімін жалғастыруда.   

«Астана» ұлттық сурет галереясында» өткен көрмеде жас суретшінің «папье-маше» әдісімен жасалған түрлі мүсін композициялары, декорациялық оюлы паннолары, ағаш және металл рельефтері сияқты туындыларын көруге болады. Атап айтар болсақ, «Құртқа туралы аңыз», «Абай», «Алаштың балалары», «Сырттай қарау», «Шоқан Уәлиханов», «Әлия Молдағұлова», «Түркістан таңы», «Құс жолы», «Әйгерім», «Солтүстік-Оңтүстік», «Алабайлар», «Ақ сарбаз», «Қызыл хан туралы аңыз», «Абай мен Әйгерім», «Шәңгіштау», «Дала түні», «Ою», «Бөрі басы», «Періште».

Папье-маше әдісімен қолөнер туындыларын жасау өте төзімділікті, ептілікті, дәлдікті, ұқыптылықты қажет етеді. Желім қосылған суға жібітілген қағазды қатты материал бетіне жапсыру арқылы немесе заттың бейнесін жапсырмалау арқылы орындалатын жұмыс.

Алғашқы желімделген қағаз бетіне бірнеше қабат желім араластырылған суға жібітілген қағаз жапсырылады. Соңғы қабатына арасында ауа қалдырмай біркелкі етіп кедір-бұдырсыз тегіс ақ қағаз төселеді.

Жұмыс жасалып болған соң кептіріледі, артық жиектері қайшымен қиылады, қатпарлары зімпара қағазының көмегімен тегістеледі.

Қолөнер шеберінің әрбір жұмысынан пішін ізденісін, композиция пластикасын, сонымен қатар автордың туындыларынан ұлттық дәстүрмен тығыз байланысын көруге болады.

 

 

Автордың Ұлы Абайды бейнелеуі оның ұлтына, елі мен жеріне, тілі мен діліне деген сүйіспеншілік сезімін аңғартады. Ұлы Абай мұралары мұхиттай терең сарқылмас рухани мол қазына. Дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр уақыт өтсе де, қоғамдық сана құбылып түрлі өзгерістер болып жатса да ақынның мұрасы сан қырлы жағынан танылып, қадірін арттыра түсіп келе жатқанына көзіміз жетіп келеді. Абай бейнесін көргенде қазақтың дархандығын, кеңдігін, даналығын сезіну қиын емес.

 

Жас мүсіншінің «Әйгерім» туындысынан қазақ қызының бойынан табылатын ибалық пен инабаттылық, сезімталдық сияқты барлық қасиеттерді аңғаруға болады. Қазақ қалыңдығына ғана тән халқымыздың байлығы мен сән-салтанатын көрсететін сәукелесі, үстіне киген дүрия көйлегі мен қамқа тоны үйлесімді суреттелген.

 «Қазақ қызы» деген аяулы атау жан тебірентеді. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, халық болып қайрат танытуда қазақ қыздарының орны ерекше. Сондай нәзіктігіне қарамастан ер етігімен қан кешіп, ауыздықпен су ішкен заманда еңсесін түсірмеді, мұқалмады, қайта қанжардай жарқырай түсті.

 

 

Автор «Түркістан таңы» туындыларында жалпы шығыс әйелдерінің киім үлгілерімен қоса, оларға тән инабаттылық пен ибалық, ұяңдық сияқты мінез-құлықтарын айқын көрсеткен. Сонымен қатар, шығыс әйелдерінің ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес кең етекті, жеңі білезікке, ұзындығы тобыққа дейін жауып тұратын киім және бас киім үлгілерінің сан алуан болатындығын үйлесімді көрсеткен.

 

«Періште» деп аталатын туындысында бүкіл жер беті, ғаламның періштелер бақылауында екендігін бейнелеген. Әрине, бұл өте ауқымды тақырып. Көптеген діни еңбектерде періштелердің көптігі туралы айтылады. Тіпті әрбір жауған жаңбыр тамшылары және қар түйіршіктерімен періштелер түседі делінген. Алла тағала періштелерді жердегі, көктегі, ғарыштағы деп жаратып, оларға түрлі қызметтер жүктеген делінеді. Қазақ дүниетанымындағы періште ұғымына және оның барлығына сенімнің молдығын оны пәктіктің, тазалықтың символына балап, құрметтейтіндігінен білуге болады.

Автор туындыларынан эпостық тұлғалардың көрініс табуы автор жанының сұлулығын, нәзіктігін көрсетеді. Қазақ үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен қазақ халқының дүниетанымында Қамбар ата түлігі - жылқының орны ерекше. Жылқы адам бойындағы сезімдерді бастан кешіреді.  Жылқы қазақтың жаны мен сәні деуге болады.

 

«Құртқа туралы аңыз» туындысында ел мен жер үшін болған егесте басын оққа тіккен батырдың тұлпары мен адал жары болған Құртқа ару бейнеленген. Құртқа сұлудың батырға қанат болатын Тайбурыл тұлпарды көкала биенің ішінде жатқан кезінен тануы бұл туындыда айқын суреттелген.  

 

«Абай мен Әйгерім» деп аталатын автор жұмысы «Абай жолы» романынан бір үзіндінің көрінісі іспетті.  

Байшораның қызы Шүкімәннің «Топай көк» әнін құбылтып салған дауысына, сұлу бітіміне ғашық болған Абай оған Әйгерім деп ат қояды. Әйгерімнің сұлулығына тәнті болған ақын:

            Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

          Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

          Жіңішке қара қасы сызып қойған,

          Бір жаңа ұқсатамын туған айды, - деп жыр арнайды.

Жас суретші «Шоқан Уәлиханов» туындысында ұлы ғалым, тарихшы, этнограф, ағартушының ойға шомған келбетін шебер суреттеген. Шоқан Уәлихановтың қазақ мәдениеті мен әдебиеті тарихында ерекше орын алатыны белгілі. Аса дарынды қазақ халқының ғалымы мен ағартушысының өмірі мен атқарған қызметін танып білген Ғ.Мүсірепов, «Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз», - деп жазды. 

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да, көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады, - деп хакім Абай жыр жолдарын арнады.

Суретші «Дала түні» туындысында балбал тас пен дала тағысы қасқырды кестелеп бейнелеген. Тастан қашап жасалатын адам бейнесіндегі балбал тастар аруақтарға арнап қойылатын ғұрыптық кешен. Ол түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін символ болып табылады. Түркі халықтарының дүниетанымында балбал тастың этномәдени орны ерекше.

Түн тағысы қасқыр еркіндікті жақсы көретін аң екендігі белгілі. Түркі халықтарының танымында қасқырдың тотемдік орны өте ерекше. Қазақ халқы бүгінгі күнге дейін ержүрек, батыр жігіттерді Көк бөріге теңеп, көркем шығармаларда бөріні батырлық пен батылдықтың символы ретінде бейнелейді. ХІХ ғасырдағы белгілі ақын Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым» деп жырлауы бекер емес. Мүлгіген қараңғы түнде екі түрлі қасиетті ұғымның бейнеленуі қасиетті Ұлы дала сан алуан тарихтың куәсі екенін аңғартып тұрғандай.

   

Суретшінің ауыл көрінісін суреттеген «Туған жерім» туындысындағы жаңбырдан кейін тыныштыққа тұнған дала, тау етегінде тігілген киіз үйлер, жусап жатқан Шопан ата түлігі, жаңбырдан соңғы қызылды-жасылды құбылған кемпірқосақ балалық шақты еріксіз еске түсіріп, жаныңды тебірентеді.

Тау етегін қуалай өскен бұталы орманы, тау суын сарқырата кең далаға алып қашқан өзендері, көк майса жамылған жазық даласы, төрт түлікке төсін ашқан құтты жайлауы, туған өлке төсіндегі жаздың әсем күнінде сұлулыққа тұнып тұрған осы бір көрінісі ауылға деген сағынышыңды арттыра түседі.

Жас суретшінің қазақтан шыққан біртуар азаматтарды, «Алаш балалары», «Дала әуені», «Алабайлар» сияқты ауыл, дала көріністерін суреттейтін туындыларына қарап оның туған жерге деген патриоттық сезімінің қаншалықты жоғары екенін байқау қиын емес.

Бұл туындылар жас суретші, мүсіншінің сәндік-қолданбалы өнер туындыларын жасауда оларды жасау техникасының бірнеше түрін меңгергендігін көрсетеді. Осындай түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеру суретшінің қиялын шыңдай түсуіне көмегін тигізетіні сөзсіз. Оның барлық туындыларынан ұлттық салт-дәстүрді, даланың лирикалық мұраларын көруге болады.  

 

                                                                           «Астана» ұлттық сурет галереясы»

                                                                            ғылыми қызметкері

                                                                            Елемесова Дәмежан Байдоллақызы