Тазының өлімі немесе ол  сенің сенімді серігің...
жеке
блог

Тазының өлімі немесе ол сенің сенімді серігің...

Тазының өлімі

Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" атты шығармасын оқыған боларсыздар. Мен сол хикаяны оқып, соның әсерімен осы Массагете бөліспекшімін. Және өмірде болған оқиғамнан бір үзік сыр шерткім келіп отыр. Себебі,бұл шығарма есіме көп нәрселерді салды. 

Хикаяның соңына келгенде суреттелгендей Лашынның өлімі көз алдыма елестеп, жанарыма жас келді. Асыл тұқымды жануардың соңына дейін талпынғаны, берілмей аш қасқырлармен алысқаны, жаралы аяғына қарамастан барынша күрескені - тектілігінің нышаны болды. Тіпті,бұл өмірде адамдардың өзі болмашы бір қиындыққа төзе алмай беріле салып жататындары бар ғой. Оның қасында Лашынның бұл әрекеті ерлікпен пара-пар болды. Қақпанға түссе де жанталасып,бар күшін жинап иелеріне белгі бермекші болды. Қатты ұлимын деп, торуылдап жүрген аш қасқырларға тап болып қалды. Бірақ,қорықпады да.

Иелеріне адал иттер туралы біраз фильмдер қарадым. Қай жылдары екені есімде жоқ "101 Далматтықтар" деген фильм болған. Мүмкін көрген де боларсыздар))) Өздеріңізге белгілі "Хатико", менің сүйікті актерларымның бірі Ричард Гир түскен фильм,одан соң  қателеспесем жапон елінің бір фильмін көрдім (дәл қазір есіме түспей тұр атауы). Екеуінде де жыладым.Біріншісінде, иесіне берілгендігі сонша тіпті ол бұл өмірден кетсе де Хатико күтті,соңғы демі қалғанша күтті. Екіншісінде, күшік кезінен асыраған балаларға көмектесіп, көзі көрмей, жанары су алғанша жауыздарға қарсы тұра білген еді. Егер көрмесеңіздер Сіздерге де рекомендеймін. 

Үзік сыр...

  • Бала кезімнен еміс-еміс есімде қалған, түр-тұлғасы да аттары да әлі күнге дейін жадымда қалып қойған екі төбетіміз бар еді. Үлкенінің аты Журик болды. Суреттегі ит типтес, шамалы тұлғасы ірілеу,жүні қалың еді. 

Осы типтес төбет болды.

Павлодардан көшетін кезде жоғалып кетті. Әлі есімде екі итті де қатты жақсы көрдім. Мойындарынан құшақтап, бірге жарысып жүгіретінім кеше болғандай көз алдымда. Жүктеріміз артылып бітуге жақындағанда тауықтар мен үйрек-қаздар торларға қамалып, сиырлар бөлек камаздарға артылып,екі итті де өздерінің торларына қамамақ болып Журикті іздедік. Ешкім көрмеген һәм білмейді. Жалғыз Рекс қана жанымызда жүрді. Шыдай алмай іздеймін деп жүгіріп кеттім. Шақырдым,айғайладым, бірақ таба алмадым. Ұзақ жыладым. Тым болмаса соңғы рет көргім келді. Ақыры,Рексті ғана алып таң азанмен жолға шығып кеттік. Қазіргі мекен-жайымызға келгеннен кейін Рекс үйренісе алмады,үре берді,бізге ол Журикті іздеп тұрған секілді көрінетін. Өйткені екеуі ылғи бірге жүрді.

Шамамен екі жылдан соң, бір күні сабақтан келсем есік алдында Рекс көрінбеді, үйде анам да, ағамның көңіл-күйі жоқ отырғандарын байқадым, әкем жұмыста тұғын. Не болғанын сұрадым,ойымда ештеңе жоқ.  Сөйтіп,ағам иттің шешіліп кеткенін,таңертеңнен келмегенін айтты. Киімімді ауыстыра сала сыртқа шығып,айналаны, жақын көшелерді, барады-ау деген жерлерді қарап келдім, таппадым. Ертеңіне ит ататындардың атып кеткенін естідік. Көршіміз көріпті. Ауылдың шетінде жатқан жерінен әкем әкеліп, алыстау жерге апарып көміп тастады. Солайша, туысымыздан да жақын болып кеткен екі бірдей төбеттерім жемтіктерін көрсетпей көзден ғайып болды. 

Рекстің тұқымы неміс овчаркасы болды. Оны бізге Павлодарда көшеміздің бас жағында тұратын неміс берген дейді. Ол кезде орыс пен неміс көп болды біздің ауылда. Рексті күшік кезінен асырапты, бірақ мен оны үлкейгенде ғана көрдім. 

Тазының өлімін оқып отырып осы екі итім көз алдыма келе берді. Еріксіз аққан жасымды әзер тыйдым. Кешірерсіздер, негатив болып кеткен болар. Бірақ көңілді етіп жаза алмадым. Себебі,шығарма қатты әсер етті. Содан бері әлі күнге дейін ит асырамадық. Бірнеше рет ағаларым әкелген еді өліп қала берді,көпке шыдамайтын тұғын. Сондықтан керек емес деп шешті. 

Шынында,ит адамға нағыз досың бола алады екен. Кейде,жаныңдағы адамның адамға лайық емес істер жасайтындарын көргенде, ит артық екен деген ойға қаласың. Сіздердің де адал иттеріңіз болған шығар?! Ой бөлісе отырыңыздар. Келесі жолы негатив болмайды деп ойлаймын. Рақмет!