Жазғы сәнді аяқ киімдер

Жазғы сәнді аяқ киімдер

Көктемде ашық, жеңіл аяқ киімдерді кию ерте болғанымен, олардың қамын қазірден ойластыра берген жөн сияқты. Егер таптаурын балеткалар мен шәркейлерден жалыққан болсаңыз, дизайнерлер жазғы аяқ киімдердің басқа да түрлерін ұсынады.

Слипондар


Міне, осымен бірнеше маусым бойы спорттық стиль, соның ішінде слипондар сәннен түспей келеді. Бұл сәнді аяқ киім Prada, Celine, Ash, Zara және тағы да басқа маркалардың топтамаларында бар. Слипондар түрлі материалдардан тігіледі: матадан немесе былғарыдан, сол себепті ол ауа-райының түрлі құбылыстарына шыдай береді. Сонымен қатар, ыстық күнде аяқты ыстықтатпай, ал жаңбырлы күні аяқтың тоңбауын қамтамасыз етеді.

Сандалия аяқ киімдері


Осы күні сандалия материалынан жасалған аяқ кімдердің көптеген сәнді, әдемі түрлері ұсынылған. Дизайнерлер бұларды ойлап табуда барынша жасампаздық танытады. Сандалия аяқ киімдерінің әмбебаптығы да көп рөл атқарады, оны көйлекпен де, спорттық киімдермен де үйлестіруге болады. Бұл мезгілде пастель реңктер өзекті: ашық көк, көк, алқызыл, ашық сары, қоңыр.

Қайықшалар


Жазда, өздеріңіз білетіндей, той-жиын өте көп. Осындай мерекелік кештерге классикалық қайықша туфлилерді таңдаған жөн. Олар өз позициясын ұстап тұрып қана қоймай, гардеробтың басты бұйымына айналып келеді. Ақ немесе қара классикалық қайықша кез келген ресми шараға жарасады.

Эспадрильдер


Тоқыма табанды спорттық үлгідегі бұл аяқ киім көптеген әлемдік дизайнерлердің топтамасында ұсынылған. Эспадрильдер жағажай мен теңізге саяхаттағанда өте ыңғайлы. Егер сәтті таңдалған желпілдек көйлек пен тоқылған сөмкемен үйлестіретін болсаңыз, онда кез келген шипажайдың гүліне айналарыңыз сөзсіз.

Сурет: avito.ru, myfashionmind.com, spletnik.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina