Жалғыздықты қалай қызықты өткіземін?

Жалғыздықты қалай қызықты өткіземін?

Кей сәттерде жұмыс пен оқудан қолымыз босап, тіпті уақыт өлтіргіміз келеді. Ал сізбен бірге уақыт өткізетін дос-жарандарыңыздың қолы бос емес. Уақытты қызықты өткізудің талай жолы бар. Бүгін біз бос уақытты пайдаға асыратын тәсілдер туралы айтатын боламыз.

Өз қолыңызбен жасаңыз

Блог жазуды бастаңыз. Блог сіздің ұнататын фильмдеріңіз, ойындарыңыз, кітаптарыңыз, өнерін бағалайтын атақты адамдарыңыз және басқа да қызықтарыңыз жайлы болсын. Мәселен, Massaget.kz-те қызықты блогыңызды бағалап, пікір алмасатын мүмкіндігіңіз бар.

Егер блогыңызда қандай да бір ақпарат болса, оны оқитындар әрқашан да табылады. Оқырманды көбірек жинағыңыз келсе, блогыңыздың сілтемесін әлеуметтік желілерде де бөлісіңіз.

Блог жазу сіздің қызықтайтын тақырыптарыңыз жайлы болғандықтан да, бұл істен ешқашан жалықпайсыз. Әр уақытыңыз болған сайын блог жазуды әдетке айналдырыңыз. Ал оның пайдасы жөнінде мұнда толық жазылған.

Ас үйдің шебері болыңыз

Тек өзіңіз үшін ас дайындайтын болғандықтан, оны әлдекімдер сынайды деп те қорықпайсыз. Ойыңызда жүрген немесе интернет бетіндегі мәзірлерді қайталап жасап, ауыз тиіңіз. Өзіңіз жасаған тағамның қандай тәтті болатынын да сонда білетін боласыз.

Сурет салыңыз. Дүкенге барып, керек-жарағыңызды сатып алыңыз немесе үйіңізде бар қарындаш пен қағазға сурет салып көріңіз. Қиялға ерік беріңіз. Мүмкін сіз ашылмаған дарыныңызды табарсыз?

Егер суретшілік өнеріңіз болмаса, интернеттегі түрлі лайфхактардан қарап үйреніңіз.

Әр түрлі комикстерді салып көріңіз. Жақын достарыңыз бен атақты тұлғаларды сала бастағаныңызда-ақ шабытыңыз оянып, бұл істің қаншалықты қызық екеніне көз жеткізесіз.

Альбом жасаңыз

Егер фотосуреттеріңіз көп болса, оларды біріктіріп, альбом жасауыңызға болады. Альбом жасау түрлері өте көп. Ал тақырыпқа отбасылық, махаббат сияқты идеяларды қоссаңыз болады.

Бос альбом сатып алыңыз.

Суреттерді уақыты мен категориясына сәйкес сұрыптап алыңыз.

Альбомға суреттерді жабыстыруда жаңа идеяларыңызды қоссаңыз әбден болады.

Альбомға қызықты сөздерді жазып, бояп қойсаңыз да болады.

Кітап жазыңыз

Мұндай көп уақыт бола бермейтінін ескерсек, дәл осы шақ кітап жазуға ең қолайлы болады. Өлең шығаратын әлде прозалық жанрларда шығарма жазатын қасиетіңіз болса тіптен тамаша. Кітап жазу үшін де талай кеңестер интернетте бар. Ал егер кітап жазу қолдан келмейді десеңіз:

Күнделік жазуды бастаңыз.

Көп уақыт бойы көрмеген, хабарласпай кеткен досыңызға хат жазыңыз.

Келесі айға, күнге, жылға жоспар құрыңыз.   

Өзіңізді сыйлаңыз

Иә, қол боста жақсы мейрамханалардың біріне баруға болады. Сүйікті асыңызды ішіп, адамдарға қарап, өзіңізге рухани тыныштық сыйлаңыз. Егер мейрамханаға баруға қаражат болмаса, тағы да өз қолыңызбен ас әзірлеп көріңіз.

Тазаланыңыз

Душ қабылдап немесе моншаға түссеңіз де уақытты пайдалы өткізесіз. Үйіңізде әншейінде адам көп болып, ваннаға кезекпен кіретін болсаңыз, қол бос сәтте мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды.

Ванна суын көбіктендіріп, эфир майын қосыңыз. Егер қиялға ерік беруден ерінбейтін адам болсаңыз, балауыз шамын жағып, дауысын ақырындатып музыка тыңдаңыз.

Ұйқыны қандырыңыз

Егер құдайдың құтты күні ұйқыңыз қанбай, мұның салдарынан өнімді еңбек ете алмай жүрсеңіз, сіз үшін ең бір маңызды іс ұйқы болмақ. Түстен кейінгі уақытта да, таңғы уақытта да ұйықтайтын болсаңыз жүйке жүйіңізді, қан айналымыңызды жақсартасыз.

Құжаттарыңызды қайтадан бір жинастырып, арнайы папкаға салып қойсаңыз, кейін дер кезінде таппай қалып жүрмейсіз.

Үй жиһаздарының орындарын ауыстырып көріңіз. Бұл сізге жаңа бір қызығушылық ашуға, айналысып жатқан ісіңізге жаңа дем беруі мүмкін.

Жаңа бір өнер үйреніңіз

Үйіңізде домбыра не гитара болса, уақытты бос шығындамай, оларда ойнау қабілетіңізді дамытыңыз. Әркез жалғыз қалғанда домбыра шертіп үйренетін болсаңыз, бірер уақыттардан кейін бір кісідей өнеріңіздің қалай пайда болғанын да білмей қаласыз.

Спортпен айналысыңыз

Таза ауаға шығып, көшеде немесе стадиондарда жүгіруге болады. Ал үйден шыққыңыз келмесе, үйде бимен айналысуға болады. Қызықты би ойлап тауып, оны жақындарыңызға да үйретсеңіз болады.

Спорттың бұған дейін айналысып көрмеген түрлерімен айналысыңыз. Таңдалған спортқа қызығатын орта немесе арнайы курстарына жазылсаңыз да болады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: www.obouka.ru, vk.com, rssing.com

А. Құлтай