BATYR.LIVE
жеке
блог

BATYR.LIVE

Қыркүйек айының 15-жұлдызында, Алматы қаласындағы Esentai Mall сауда үйінде қазақстандық танымал әнші Батырхан Шүкеновтың өміріне арналған фотокөрме өткізілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік танытқан, Алматы қаласының әкімдігі қолдауымен өткізілген бұл игі бастаманың ұйымдастырушысы – Олжас Байкановтың жетекшілігіндегі Батырхан Шүкенов атындағы Қоғамдық Қоры. Ақпараттық қолдағандар – KTK, Alma TV, Muzzone, MuzLife, Post studio, Radio NS.

Фотокөрмеге қазақстандық белгілі фотограф Николай Постниковтың суреттері қойылған. Әйгілі фотограф қаншама жыл «А-Студио» тобымен, Батырханмен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыс істегендіктен, фотокөрмеге біз білмеген, бұрын-соңды көрсетілмеген дүниелер қойылды.

Осында келе салысымен, мен үшін Батыр тірі жүргендей болып көрінді. Айналамыздың барлығында оның нұрлы жүзі, күлкісі, саксофонда ойнап тұрған келбеті бейнеленген. Әр фотода бір терең мән жатқандай. Бір қарай қалсаң, тұңғиық сезімге беріліп, ойланып кетесің.

Көрмеге келген халықтың қарасы да қалың. Соған қарап, өзі өлсе де, оның бейнесін, оның әуезді әндерін сағынған адам бар екен-ау дейсің. Бұл нені білдіреді?! Бұл – оның тыңдармандар үшін, халық үшін өлмегендігін білдіреді.

Тағы бір риаз болғаным – музыканың болғаны. Фотокөрме жай ғана үнсіздікте өтпеді. Арнайы шақырылған группаның сүймелдеуімен Батырхан Шүкеновтің атақты «Джулиясы», «Отан Анасы» және тағы да көптеген әдемі әндері шырқалды.

Фотокөрмеге арнайы шақырылған қонақтар да болды. Солардың ішінде Батырханның досы, джаз фестивалінің менеджері Қарлығаш Макатова да өз ойымен менімен бөліскен болатын:

-          Бұл фотокөрме – бәріміз үшін де аса ерекше оқиға. Себебі біз осы арқылы Батырды ұлықтап, оның әуезді әндерін насихаттап жатырмыз. Ол – тірі. Оның шығармашылығын сүйетін осындай халқы барда ол мәңгі біздің жүрегімізде сақталады.

Жалпы, фотокөрме деген - танымды, қызықты шара. Фотографтармен, танымал тұлғалармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрасың. Мәнді де сәнді дүниелерді көріп, біраз мағлұмат түйесің. Негізі, қолыңыз қалт ете қалса, фотокөрме, мұражайларға барып тұрыңыз. Әрі уақытыңыздың бос өткеніне өкінбейсіз, әрі мәдениетіңізді жоғарылатасыз.

Ал, достар, жазбам ұнап жатса, пікір қалдырып, оймен бөлісулеріңізді сұраймын.