Ұстазым туралы үзік сырым...

Ұстазым туралы үзік сырым...
жеке
блог

       «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» - дегендей, бүгінде белестерді бағындырып, мамандығына деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде жас та болса, көп жандарға үлгі болып жүрген аяулы жандардың бірі – Бұлбұл апай.

       Ол кісінің оқушымен өткізген әрбір сәті, әріптестерінің арасындағы сыйластығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі тәрбиелі ұстаздың даналығын көрсетеді.

       Үлгілі ұстаз бір сөзінде: «Мен әр уақытта білген-түйгенімді, әдебиетке деген қызығушылықты балалар бойына дарыту бағытында еңбектенемін»,- деген болатын. Осы айтылған сөздердің толық деңгейде орындалып жатқандығын байқап жүреміз. Бұл сөзіме  дәлел келтірер болсам:  білікті ұстаздың дайындаған дарынды дүлдүлдері - дүбірлі додаларда топ жарып, бәйгені қағып, ұстаз мерейін үстем жасап жүргені бір болса, ал қай оқушыдан сұрасаңыз да, жас ұстаздың ақылдылығын, парасаттылығын, өз ісінің хас шеберлігін айтып мадақтайдыны тағы бар.  Мен де осы айтылған сөздерді ұстаздың алдын көрген шәкірт ретінде қос қолдап тұрып қолдайтын себебім: Білімді ұстаздың өткізген әрбір сабағы өте қызыққа толы болып, жаңа ақпараттар, жаңа дүниелер әлеміне қарай сапар шегеміз. Қай кезде де еңбекқор ұстаздың білімділігі , ерен еңбегі, үздіксіз ізденісі шәкірт назарын аударып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.

Талапшыл ұстаздың өз жұмысына деген тиянақтылығы бір төбе болса, ал өмірдегі «Бұлбұл апайдың» келбеті мүлде ерекше дер едім. Мейірімді ұстаздың жүзінен төгілген жылылықпен – бүкіл әлемді нұрландыруға болады десем, артық айтқаным емес шығар. Ол кісінің ішкі жан дүниесінің сұлулығы сыртқы сұлулықпен үйлесім тауып, адамды өзіне тарта білетіндігін айтпау мүмкін емес шығар...

       Сөз соңында, шәкірттік ыстық ықыласпен айтарым: гауһар тастың асылдығы – қырының көптігі десек, Бұлбұл апайдың асылдығы – оқушыларына деген махаббаты, жүрегінің тазалығы, көңілінің ақтығы, жанының жұмсақтығы, ең бастысы – адамгершілдік секілді асыл құндылықтардың жоғарылығы.