Оқырманға сауал

Оқырманға сауал
жеке
блог

егемендік

«Оқулығы жұқа, тарихы қалың» қазақтың басынан сонау ықылым замандардың тасқа қашалған таңбасындай болған талай дәурендер өтті. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып кезеңдер де азаттық дейтін асыл ұғымның бұлтарысында бұғып қалғаны ақиқат. Иә, мынадай «қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда қазақтың маңдайына бұйырған бақыттың құсы пыр етіп ұшпасын деп тілейік. Мұқым бір ұлттың қалыптасу жолында қайраткерлік танытып, елдік мүдденің жоғары болуы үшін күресу – кез келген саналы көшбасшының негізгі тенденциясы. Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жинап, еңсемізді тіктегенімізге ширек ғасырдан асса да, өз кезегінде өзге мемлекетке бодан болғанымыздың негізгі куәсі ретінде "Қазақстан" атауымен егіздің сыңарындай болған "тәуелсіз" термині қолданылып келеді. Айдай әлемді аузына қаратқан алпауыттардың да, күні кеше ғана бодандықтан арылған өзге мемлекеттердің де атауына мұндай "өрескел" сөз таңылған емес. Неге Ресей Федерациясы "Тәуелсіз Ресей" немесе өз тілінен басқа тіл білмейтін Қытай елі "Тәуелсіз Қытай", талай жыл Орыс патшасының айтқанына көніп, айдағанына жүрген Жапония "Тәуелсіз Жапония" деп аталмайды? Тіптен, Қазақстан он орап алатын Еуропа мемлекеттерінің ешбірі олай аталмаса керек. Иә, азаттық талай шейіт болған бастың, төгілген жастың есебінен келген ардақты ұғым. Бірақ, ол сөз "басын изесе де, тізесін бүкпеген" ұлттың өз шаңырағында отауы ортасына түскенін, екі жүз жетпіс жыл бойы "көрші" елдің уытын бойына дарытып келгенін айғақтайтын дүние болмауы тиіс. Ал сіз қалай ойлайсыз оқырман?