«Қоштасқым келмейді...» драмасының премьерасы өтті

«Қоштасқым келмейді...» драмасының премьерасы өтті
жеке
блог

Орыс драматургі Александр Володиннің «Сүйгендеріңнен арылмаңдар» («С любимыми не расставайтесь») атты пьесасын қазақ театр сахнасына шығарған режиссер Асхат Маемировтың  бұл жұмысы шарттылыққа негізделген эксперименталды қойылым. Сахнадағы бар декорация жалаң темір төсек, екі шабадан мен актерлер отыратын орындықтардан құрылса, кезекті көріністің қай жерде және қашан орын алып отырғанын бейнепроектордың көмегі арқылы нақтылайды. Қазақ театр сахнасындағы аскетизм бұған дейін Нұрқанат Жақыпбайдың, Елік Нұрсұлтанның және т.б.  қойылымдарында белең алса, режиссер Асхат Маемировтың спектакльдің басынан аяғына дейін бірде сот залының көрермендеріне айналып, бірде қарапайым көрерменнің кейіпіне еніп отыратын қырыққа жуық актерді сахнаны жандандыратын  қосымша бір элементіне айналдырғаны өзінше ерекшелікке ие.

Александр Володиннің аталмыш пьесасы талай рет сахналанып, фильм де түсірілгені белгілі. Осы тұрғыда режиссер Павел Арсеновтың «Сүйгендеріңнен арылмаңдар» («С любимыми не расставайтесь» (1979)) атты фильмі есімізге еріксіз түсуде. Александр Абдулов пен Ирина Альферова аталмыш фильмдегі кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін терең ашып, олардың неге бір-бірімен ажырасуға дейін барғандықтарын көрсете білді, көрерменге қасіреттерін сездіре білді, сезімінің шынайылығына сендіре білді. Көп жұптардың ажырасу себебі махаббаттың уақыт өте жоғалуында болса, Митя мен Катяда бәрі керісінше. Олар бір-бірін өлердей сүйеді, бірақ, мінездерінің мүлде өзгеше болғандықтарына байланысты араларында өзара түсінушілік болмай, үйлесімділікке қол жеткізе алмайды, бара-бара бір-біріне сенуден қалады. Александр Абдуловтың Митясы өз дегенімен ғана жүретін, қызу қанды, нағыз ер мінезді жігіт. Қызғаныштан көзі қарауытып, жұбайының басқа еркекпен көңіл қосқанына өзін сендіріп алған ол намысының жерге тапталғанына жол бергісі келмей,  әйелін сүйе тұра ажырасуға бел буады. Катяны қанша ұмытуға тырысқанымен орның орнын ешбір әйелдің баса алмайтынын түсінген ол лаулаған сезімімен алпарысып, іштей қынжылады. Ал Ирина Альферованың Катясы болса күйеуінің сенімсіздік танытқанын  кешіре алмаған, өмірдің соққысынан шаршаған, әлемде арқа сүйер ешкімі қалмаған, бақытсыз әйел.  Фильмді көре отырып өз ақымақтықтарынан бақыттарына балта шауып, өздерін өздері бақытсыздыққа қиған адамдардың жеке басының драмасына куәгер боласың, солармен бірге қайғырып, бірге қаймығасың. 

Ал, режиссер Асхат Маемировтың «Қоштасқым келмейді» қойылымындағы Салтанат Бақиева өзінің Алла берген табиғи сұлулығы арқылы көрерменді баурап алатын тартымдылығымен белгілі. Десек те, актрисаға өз кейіпкерін ашуда тереңдік жетіспеді. Салтанаттың Катясы күйеуімен ажырасқанын түсініп үлгермеген, өмірінде орын алған келеңсіз жағдайларды  таңертең оянғанда ұмытылып кететін түс сияқты қабылдайтындай әсер қалдырды. Мүмкін Салтанат өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесін осылай қабылдаған шығар?.. Қалай болғанымен актрисаның жасаған кейіпкерінің бойынан жүрегінің жартысынан айырылып, өмірдің мағынасын жоғалтқан, жалғызбасты әйелді таба алмадық.   

Сол сияқты, соңғы жылдары Астана қаласындағы «Жастар» театрында қосалқы кейіпкерлерді сомдап, кішігірім рөлдерімен шығып жүрген жас актер Абзалбек Асхатұлының Митясы да өз деңгейінде шықпады. Ол Абдулов сомдаған қызу қанды, нағыз ер мінезді Митяның бейнесін бақытсыз махаббат жайлы баяндайтын телехикаялардағы жағымды түрінен басқа кеудесінде ештеңесі жоқ кейіпкерлермен шатастырып алғандай ой тастады. Тым сабырлы жүзінен ешбір эмоция байқалмаған Абзалбек Асхатұлының Митяның кейіпінде айтқан жаттанды сөздері арқылы көрерменді селт еткізіп, сендіре алмады. 

Оқиғаның қай кезеңді көрсетіп жатқаны нақтыланбаған қойылымда үйлеспейтін жерлер де кездеседі. Олай дейтініміз, некелерін бұзуға сотқа барған Мироновтар отбасынан сот олардың қай жылы некеге отырғандары жәйлі сұрайды. Осы кезде күйеуі 1800-ші жылы десе, әйелі оны 1900-шы жылы деп түзейді. Сонымен қатар, Миронованың сот алдында тұрып Айгүл және Нұргүл есімді екі қыздарымыз бар деп, негізгі кейіпкер Катяның Абай көшесінде жүргенін еске алуы, хабарландыру арқылы пәтер ауыстыруға келген әйелдің ескі үлгіде киіне тұра бүгінгі заманның белгісіне айналған ұялы телефон ұстауы залда отырған көрерменді шатастырып, езулеріне күлкі шақырды. Иә, режиссер Асхат Маемиров актерлерге сенім артып, импровизацияға қолдау көрсеткені жайында естідік. Осы тұрғыда оқиға өтіп жатқан мекен мен кезеңнің алдын-ала нақтыланып, ортақ бір келісім болуы кез-келген қойылымның шынайы шығуында маңызды рөл атқаратыны аян.

Десек те, Еркебұлан Дайыров, Данагүл Темірсұлтанова, Ажарлым Бақытжанова іспеттес бірқатар актерлер қойылым барысында ерекшелігімен есте қалар өте сәтті образ жасап, көрерменнің көзайымына айналған актерлік жұмыстар жасай білді.  Әсіресе, соңғы кездері кинодағы рөлдерімен көрермен қауымды тәнті еткен Еркебұлан Дайыров театр сахнасында да өз талантын тағы бір мойындатты. Туған қызына деген махаббаты үшін араларында ешбір сезім қалмаған әйелімен талай жылдар бойы бірге тұрып келе жатқан әкенің рөлін сомдаған актер бар жоғы он минуттан аспайтын көріністе көрерменді өз қайғысына ортақтастыра білді, асқан нанымды ойыны арқылы сендіре білді.

Өнердің мақсаты жауап беру емес, сұрақ қою. Осы тұрғыда  «бір-бірін сүйіп қосылған екі жастың уақыт өте ажырасуға бел бууларының негізгі себебі неде?», «махаббат деп аталатын ұлы  сезімнің уақыт өте ешқашан болмағандай ғайыпқа айналуы неліктен?»,  «жалпы, үлгілі отбасын құру үшін екі адамның арасындағы сезімнің болуы шарт па, әлде бір-біріне деген өзара сыйластықтың өзі жеткілікті ме?», «мүмкін, осындай келеңсіз жәйтттардың туындауы  жастардың махаббат пен құштарлықты ажырата алмауында болар?..»  деген көптің көкейінде жүрген көптеген жауабы жоқ    сұрақтарды  қоятын бұл қойылым жауап бермейді, тек сұрақ қою арқылы көрерменге ой тастап,  жауап іздеуді әркімнің өз еншісіне  тапсырады.

«Үйлену оңай – үй болу қиын» дейді халық мақалы. Осы тұрғыда Александр Володиннің жарты ғасыр бұрын жазылған пьесасында көтерілетін тақырып өкінішке қарай, бүгінге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше жылдан жылға өршігіп келе жатыр. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес Қазақстанның неке бұзу тұрғысынан әлем бойынша оныншы орында тұрғандығы осының айқын дәлелі. Сол себепті, жоғарыда айтып өткен қателіктеріне қарамастан, осындай өзекті тақырыптың қозғалып, қазақ театрында сахналануы әрине қуантарлық жағдай.

P.S. «Барлық бақытты отбасы бірдей бақытты, ал әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» дейді Л.Н.Толстой өзінің әлемге әйгілі романында. Ендеше, шаңырағымыз биік, босағамыз берік болсын!

Дана ӘМІРБЕКОВА