Наурыз қалай тойлануда?

Наурыз қалай тойлануда?
жеке
блог

Наурыз қалай тойлануда?

 

         Көктем. Жер ананың бусанып, айнала керемет бір күйге енетін бұл тамаша мезгіл Алла Тағаланың пендесіне тартқан ғажайып сыйы дерсіз. Табиғат та, жан-жануар да жаңарып, тал-теректер бүршік жаратын, күн нұры айналаға шуағын төгіп, ұлы дала төсінде қызғалдақтар құлпыратын осынау шақта түркі халықтарына ортақ, жыл басы саналатын Наурыз мейрамы тойланады. Ал, біз, қазақ халқы ата-бабадан мұра болып келе жатқан ұлық мерекемен араға жарты ғасыр салып барып қайта қауыштық.

         Наурыз – жыл басы. Парсы тілінде «нау» – «жаңа», «руз» – «күн» деген ұғымдарды білдіреді екен. Демек, біздің дана халқымыз өзінің жаңа жылын «жаңа күн» ретінде санап, күн мен түннің теңесіп, жер беті жаңаратын осы мезгілде білгендіктен атап өткен. Жер-жерде жеті түрлі дәмнен наурыз көже дайындалып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы тойлаған.

         Ал қазіргі Наурыз қалай тойлануда? Сол қазыналы халық мұрасы  ұрпағына өзгеріссіз жетті ме? Меніңше, бүгінгі Наурыз бұрынғыдан өзгерек. Мерекені тойлауды қазақ үйді құра салып, алаңға концерт қоюмен шектеліп жүргендейміз. Көздің жауын алатындай етіп жабдықталған киіз үйлерді тойға жиналған қауым мен жас балалар кіріп көруді былай қойғанда, маңына жолай да алмайды. Наурыз көже мен арнайы жасалған ұлттық тағамдар әкім бастаған бір топ құрметі қонақ өткенше жай көрініс үшін тұратыны да мәлім. Ауыл-ауылға бөліп, кімдікі керемет өтеді деп жарыстырып қоятыны тағы бар. Ұлыстың ұлы күнінде дастарханын «комиссия» тексеріп, киіз үй мен киімін бағалауды қай салтымыздан көріп едік? Ал дәл осы күні басқа ұлттардың өз ұлттық киімдерімен біздің мерекені тойлап жүргенін де көреміз. Бейне бір 1 мамырда тойланатын халықтар достығы мерекесінде жүргендей боламыз. Иә, наурыз-ынтымақтастықтың, татулық пен береке-бірліктің мерекесі екені де анық. Дегенмен, көп ұлтты ел екенбіз деп,  ұлттық дәстүріміз бен мерекеміз уақыт өте келе тасада қалмаса болғаны. Ал осындай жасандылық арқылы, өзі көрмеген, таныспаған салт-сананы жас ұрпақ келешекке қалай жеткізбек? Дәл осы қалпымызбен кете берер болсақ, бағзы заманнан бері келе жатқан жаңа жылымыз болашақта өзгеше тойлануы да ғажап емес. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» атты Қазақстан Халқына жолдауында «...біздің ұрпақтың келер ұрпақ алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтыны» баса атап көрсетілген болатын. Сол үлкен жауапкершіліктердің бірі де осы – ел тәуелсіздігімен бірге қайтып оралған ұлттық мерекеміз Наурыз екені даусыз. Сондықтан да, осындай ауыр жүкті арқалап, ертеңімізге қаз қалпында жеткізетін, елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұл-қыз тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы. Сонда ғана келешегіміз нұрлы, болашағымыз жарқын болмақ!