Өлара кезең – қазақ руханиятына сын

Өлара кезең – қазақ руханиятына сын
жеке
блог

Өлара кезең – қазақ руханиятына сын

18.06.2015 күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі сыншы, жазушы, ғалым Бақыт Кәрібаеваның кезекті «Керуен» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Презентацияны белгілі жазушы, мемлекеттік қайраткер, Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров алғы сөзбен бастады. Іс-шараға негізінен әдебиет жанкүйерлері жиналып, руханиятымыздың бүгінгі ахуалына арналған профессор Бақыт Кәрібаеваның «Керуен» кітабы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

«Керуен» қазақ әдебиеттануына жаңа кезең жариялаған кітап екенін сөз алғандар бір ауыздан мойындады. Мәжіліс модераторы қызметін атқарған «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын, публицист Аманхан Әлім бұл бас қосудың басты ерекшелігі – мадақ, жарнама немесе ұрдажық сынды қызықтаушылардың жиыны емес, талғамды-ойлы оқырмандардың ерікті отырысы екеніне екпін түсіре айтып ерекше мән берді. Әрине, бұған басты себеп – «Керуен» кітабының өз оқырманын тандап-табуында. Интеллектуалды сын, әсіресе, бүгінгі қазақ әдебиет жағдайында екінің бірі түсініп, тұшына алмайтыны белгілі. Оның орнына біреуді біреу реп сойған содыр сын болса, қызықтауға көп болып – тайлы-таяғымызбен жиналар едік. Сыншы Бақыт Кәрібаеваның бұл жағынан жөні бөлек: білімді сыншы.

Оның осы кітабындағы әр мақаласы инновациялық жаңалық – жоба қызметін атқарады. Жаңа Қазақстан үшін бүгінгі сын негізін қалаған  бұл интеллектуалды еңбектің атқарар қызметі мен маңызын атап айту керек. Бүгін осы жиынға ат арытып келіп отырған шығармашылық қауым өкілдері осы турасында өз пікірлерін білдіруге жиналса керек. Әдебиет тағдырына немқұрайды қарамайтындар қатарынан болса керек деп есептеймін.

Сөз алған Жазушылар Одақ мүшесі, Қазақстанның Құрметті Журналисті Ғазизбек Тәшінбай: «Мен Бақыт Кәрібаеваны оның алғашқы сын-зерттеу кітабы «Талап деңгейінен» бастап білемін. «Керуенді» әлі көргенім жоқ, ал, мақалаларын үзбей оқимын. Модератордың сөзі дұрыс, Бақыт Кәрібаева – білімді, білікті сыншы. Не айтса да, біліп айтады, оқырман санасына жеткізіп айтады. Осы жағынан өзіне жанкүйер оқырман тарта алатын қарымды ғалым, ойы-тілі жүйрік жазушы. Бұл – сирек кездесетін жәйт».

 Нәсіп Нәжімеденова: «Мен Бақыт Кәрібаеваның Жұмекенді танытқан сөздеріне тәнтімін. Жұмекенді Қазақстаннан сырт аймаққа да шығарып жүр, рахмет. Жұмекен арқылы мен әдеби мектептен өткен адаммын. Әдебиеттегі барлық мақала, тың пікірлерді оқып отырамын. Бақыт өзі де мықты ғой, одан бетер күшіне – күш, қайратына – қайрат қосуына тілектеспін. Қаламы ұштала берсін!»

Филология ғылымының докторы, профессор, ҚызПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Ержанова: «Бақыт Кәрібаева апайға біз шәкірт болып келеміз. Әрбір филолог-маман, бір мен ғана емес, бұл авторды өте жақсы біледі: іздеп жүріп оқиды. 10 жыл бізде профессор міндетін атқарғанда бұл кісіні жақын білу бақытына ие болдым. Ал қазір профессор Бақыт Кәрібаеваның карьера қумағанына қуанамын. Есесіне бұл кісі халыққа қажет мол қазына қазып-қаузап жүр. Бүгінде білім, әсіресе, әдеби білім – тіл тереңі оңайлықпен қолға түсе бермейді. Мыңа «Керуен» кітабын жәй парақтап шығудың өзінде қаншама әдебиеттанудың тұнып тұрған тың мәселелерімен беттесуге болады. Егер оны тарқата білсек, әдебиеттің жаңа мектебі бой түзейтіні кәміл.

Профессор Бақыт Кәрібаева ҚызПИ-де жүргенде қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихы, генезисін қамтыған ғылыми Жоба әзірлеп тендерде ұтысқа жеткен еді: оқу құралдары – оқу бағдарламаларымен көптеген проблемалық мақалалары сол Жобаның нәтижелері болатын. Содан бері біз Жоба ұсынсақ та, тендерде ұтып жеңіске жете алмай жүрміз.

Сондықтан шығармашылық болашағы үлкен потенциалды ғалымға биіктерден көріне беруіне тілектеспін».

            Бүкіл Түркі Дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ақын Болат Шарахымбай: «Сәуле ханым дұрыс айтты. Қазақ филологиясы Бақыт Кәрібаева есімін жақсы біледі, оқиды. Еңбектері болашаққа – ертеңге қызмет ететіні анық. Өз басым бұл кісіні «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезімнен бастап жақын білемін. Әдеби ұстанымын, жан-жақты потенциалын сол уақытта көріп білдім. Ақын-сыншы болып, ой бөліскен, кейде осы тұрғыда сырласып – мұңдасып алатын да сәттер болушы еді. Бұл кісіге менің 86-ның Желтоқсан күнделігін жазған проза тілім қатты әсер еткені есімде. Ұлттық кітапхана сайтынан оқып бүгін Бақыт Кәрібаева «Керуен» кітабының тұсаукесеріне арнайы келуім – бұл шығармашылыққа ерекше ден қойып, маңыз беруімнің белгісі деп білген жөн».

            Бақыт Кәрібаева «Керуен» кітабының концепциясын былайша түсіндірді: «Әуелі – сөз» концепциясын үкілейтін Ұлттық кітапханада Бақыт Кәрібаеваның «Керуен» (Астана: «Фолиант» 2015) кітабының тұсаукесер рәсімі өтуі – қазақ әдебиетіне жаңа кезең қарлығашының ұшып келуі деп білемін. Бұл турасында «Ана тілі» «Қазақ әдебиетіне жаңа концепция қажет – ол сыншы Бақыт Кәрібаеваның шығармашылығында бар» (5 қыркүйек 2012), «Қазақ әдебиетіне жаңа концепция не үшін қажет» («Ақиқат», №4 2015), «Керуен» бүгінгі тарихи кезең үшін жаңа көзқарас әкелген кітап» («Ана тілі» 6 мамыр 2015) атты мақалалар жарияланды. Бұл іс- шара – осы «Ана тілі», «Ақиқат» басылымдарырында жарық көрген мәселелік мақалалардың заңды жалғасы. Мақсат – қоғамға әдебиеттің жаңа кезеңін жариялау. Әдебиет, үйткені, еліміз өркениетті 30 ел қатарына қосылуы бағыт-бағдарламасын белгілейтін руханияттың жанды тетігі. Әдебиеттің бұл қоғамдық қызметін философтар жақсы түсініп: «... «Мәдени мұрада» жинақталған материалдарды ғылыми айналымға және оқу-әдістемелі үрдіске ендіру жұмыстары кенже қалуда, мемлекеттік бақылаудан тыс қалуда. Қоғамдық, әлеуметтік, гуманитарлық білімдер саласында жүйелі ізденістің құрылымы, құрамы, қызметі анықталынбауда. Нақты тоқтам мен шешім табылмағанда бас бағдарды тандау әдістемесі орнықталмауы күтетін жәй. Қазіргі салалық ұстанымдағы бейжәйлық пен либералды көзқараста шектелудің жағымсыз жақтары асқындауда. Ұлттық болмыс пен мәдениетке жат стандарттардың жарамсыз екеніне көзіміз жетуде. Жаңа деңгейге көтерілу үшін жеке маманның, салалық білімдігі тиып қашты, дара талпыныстардың мүлдем жеткіліксіз екеніне оқу және тәрбие практикасы көзімізді жеткізуде» («Ақиқат», №5 2015, 24 бет) деп, әдебиеттің бүгінгі кезек күттірмейтін қоғамдық қызметін нақты түсініп – көрсетіп отыр.

Расында да, «шығармашылық, интеллектуалды және адамгершіл активті жандандыру, пісіріп жетілдіру» (23 бет) тікелей әдебиет миссиясы емес пе? Осы мемлекеттік маңызды істі атқаруға қазақ әдебиеті институттары әзір ме?! Міне, қазақ әдебиетіне жаңа концепциясы қажеттігі осы жерде анық көрінеді. Тарихи жаңа кезең бой көрсетеді. «Трибуна» газетінде жарияланған белді жазушы Софы Сматаевтың мына пікірін «то что творческая элита превращается во вредоносный отряд – это не ложь» көрнекі етіп ұсыныпты. Яғни, бұл әдебиетіміздің жеткізген бір ғасырлық нәтижесі, деген сөз бе? Баламасыз қазақ әдебиетінің болашағы қайсы сонда? Дәстүрлі әдебиетті бұзып-жарып, қарумен басып алған советтік әдебиет тоқырауы – қоғам тоқырауы ма?! Таптық антагонизмнің әдебиет антагонизміне айналуы – халық трагедиясы, руханиятқа сын. Бұл өлара кезеңде сондықтан, жаңа концепция – мемлекеттік тіл мәртебесін көтеретін бірінші актив. Әдебиет – образ, образ – тіл, үйткені, бұған тереңдей бойламайынша, мемлекет қаржысын руханият – Тілге тиімді пайдаланбайынша қоғамды тығырыққа тіріген «әсіре қызыл саясат» уысынан шыға алмаймыз.

            Мәселен, сол тұста қазақтың қас жауы Шортанбай болды – қызыл саясат Шортанбайды жазбай таныды. Әдебиетке қатысты барша қызуқанды жиылыс Шортанбайсыз өткен емес. «Ит біліп үрді, күшік ілесіп үрді» (халық мәтелі). Ал, бүгінгі жаңа концепцияда қарасақ ше? Қазақ тілінің Шортанбай «Құдайы», руханияттың ғасырлар тоғысындағы абызы екен. Қанша шабынып-шабалансақ та оған тіс батыра алмаппыз. Сондықтан да ол – бүгін актуальды. Себебі, халық қашанда туған тілінен сусындайды – шөл қандырады. Сондықтан бүгін Шортанбайды оқыған қазақтың қаны алмасады, жаны жасарады (дәстүрлі әдебиетке балама – символ үшін осы тұлғаны алып отырмыз). Мәселен, мен бүгін «Жасасын Жаңа Қазақстан!» ұранына емес, Шортанбайдың: «Жақынға жақын қас болып, шіл боғындай азбайық» сөзіне сенемін. Бірі – жүрек сөзі (жүрекке жетеді), екіншісі – ұран сөзі (әркім айтады). Советтік әдебиет әркімдердің ауызында кетуімен «залал» таратып (Софы Сматаев) өз-өзінен тозып кетсе, нағыз қазақ тілі-қазақ сөзі сандығымызда сары алтын күйінде сақтаулы жатыр. Бұл – қазақ халқының сарқылмас байлығы, көмірді – темірді, мұнайды тауысып бітіргенімізбен, тіліміздің тұмсығын ешкім шоқи алмайды. Үйткені, ол – Құдайдан! Мәселен Шортанбайдың:

                      Сайлауға салып ынтасын,

                      Байлар қалта қағып тұр,

                      Ай сайын келіп санатып

                      Есебінді алып тұр,

– отарлау кезеңінің екі жақты қанауын дөп басқан бұл сөзі бүгін бояуы кетіп, шыны мен сыны – образы көмескі тарты ма?! Жоқ, керісінше тілдің бірғасырлық үзілісінен соң тарихи сілкініс бұл жіпті үзілген жерінен қайтадан жалғап, бүгіндік проблема – дилеммаға жол ашып отыр. Елбасының жолдау үстіне халыққа жолдаулары осыны айтады. Яғни, экономика мен руханият – тұтас, халықтық мәселе.

            «Әсіре қызыл әдебиет» Абайды аренадан түсіру арқылы «баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсың шең алсын деп бермедім» концепциясын құлатты. Нәтижесінде білім – білік емес, оның антиподы – шең–шекпен, чиновниктік сана, руханиятымызға ұя салды – жаулап алды. Абай концепциясы қол жетпес арманға айналды. Әрине, Абай мен бірге оның ілімі – ұрпағының түгесілмес азығы кетті. Ал, қызыл әдебиет танымы Шортанбайдың антиподына айналып, «жақынды жақынға қас қылды, аяғы халықтық трагедияға ұласты. Иә, Абайдан арғы әдебиет тынысын бүгін тындасақ та тіл-руханият тығырығынан ұлттық кеңістікке шығып, терең тыныстай аламыз. Кеше бүлінген – бұзылған құндылықтарын халқымыз жан ұшыра жоқтауы тегін емес.

            Оған бүгінгі танда ұраннан гөрі ғылым мен өнер болыса – ара тұра алады. Жоғарыдаға образдар жәйдан жәй тумаған. Осы дәстүрлі әдебиетіміздің жалынан қол айырмаған патриоттарымыз замана шындығы ішінде қайнап піскендер болатын. Сондықтан олардың қылша мойыны қыйылды, ал, шындығы бүгінгі халық игілігіне – ғылым біліміне дауа болып отыр. Совет мектебіне баламаны мәселен сол тұста–ақ тіпті Сұлтанбек Қожанов тәрізді советтік өкімет басшы, қайраткері бола тұра осы Шортанбайдың тікелей мұрагері Мағжан өлеңдер жинағын жедел қайта басып алғы сөзінде «М. Жұмабайұлының өлеңдері тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз. Қойшылар тілі саналып келген қазақ тілінің бай, жатық, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңі көрсете алады. Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілінде жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық» деуі осы пікіріміздің бұлтартпас айғағы.

            Міне, осы ыстық нүктеде бүгін осы концепциямен қайта табысып отырмыз. «Керуен» концепциясы да осы өлмес-өшпес қазақ сөзін өз бояуында танып-таныту, өмір өнер тіршілігінде бүгін кенжелеп қалған әдеби тіл – әдебиет теориясы мәселесін жандандыру. ХХ-ші ғасыр басындағы мемлекет басшылары – зиялы қауым революциялық Қазақстан жағдайында бұл мәселемен тікелей айналысса, бүгін төрткүл дүние танып, өркениет есігін ашқанда бізге советтік әдебиет «насихатының» шаңында көміліп қалудың қисыны кайсы? Бұл – тарихи айғақ. Жеке-жарым кісінің «ұя бұзарлығы» емес. Елбасының: бәрі де ашық – жариялылықпен өтсін – нұсқауы орынды. Плюрализмсіз даму жоқ. Оның ұйымдастыратын БАҚ не күйде? Дәстүрлі әдебиет туын жықпай, тарихты жалғаған кешегі – бүгінгі патриоттар шығармашылығына үңги түсу мәнісі осында еді. Мен бір сұхбатымда «тарихты талант жасайды» дегенде де Тілдің бұл активтік қызметін алдынғы қатарға шығаруым еді.

                                   Ай маңдай туған дарынның

                                   Тері боп тамшылайсың сен,

                                   Құлагер армандарымның

                                   Құлағын қамшылайсың сен,

деген Айбергеновтың жолдары советтік редактор қаламында «Құлагер армандары» орынына «сан жүйрік армандарымның» болып өзгертілсе де, Төлеген ұлттық тіл – образдың ақжелкеніне айналып үлгіріп еді. Алайда кеңестік кеңістікте ауа жетпей тұншықты. Дәстүрлі әдебиеттегі өз функциясын анық ажыратқан Айбергенов:

Күйе берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімның иінімде,

Ақ жаңбырлар мүжіген тау секілді

Мен өлемін өзімнің биігімде,

- деп алдынғылар поэзия-позициясын өз иенінде көтіріп өтті.

Ерліктің үлгісін көрсетті. Ерте көз жұмды. Замандасы Мұқағалидің байырғы қазақ тілінде «тұңғыш көрдім өлгенін шың ақынның» деуі шындық сөзі еді.

            Өнер – ғылым тілі қатар жетілуі керектігін ХХ-ші ғасыр басындағы білгіштер білген. Қазақ руханияты үшін бұл аса құнды концепция тоталитарлық жүйемен жанышталды: тұрмастай соққы алды. Әдебиет халық жадынан біртіндеп ығысты: Ерлік – Намыс, елдік дәстүр, өнер – өмірден айқындық таба алмай адасты. Әлі күнге ерлік пен бейбастақтықты жұртымыз ажырата алмай келеді. Қазақ тіліне тән образбен ойлау – мәдениет мансұқталып, сөз кез келген жымысқының тақымында кетті. Ғажабы сол, таяқтың екі ұшы болатынындай, бұл ездік пен ерлік шайқасы жүріп жатыр, әдебиет тірі ендеше. Абайдың: «Қайран сөзім қор болды Тобықтының езіне» деуі осыдан ғой. Қары талып, қолы ата сөздің жалында қарысқан кешегі – бүгінгі кішкене Нұрланды (Мәукенұлы) Тіл киесінен туды демей не дейсің?! Сол рухани ананың ақ сүтін адал емген ел перзенті еді ол. Сондықтан тек тұлғалы Тілге қызмет етті. Әсіресе, күн санап шығармашылық әлемді тұмшалаған тұман қоюланған сайын бұл тәрізді дәстүрден туған өрлеу кезең өкілдері Тіліміздің болашаққа соғылған аспалы алтын көпірлері іспетті. Бұлар догмадан санаға шығып, Шортанбай, Махамбеттердің ізін көрсетті: ерлік, образдық істерін жалғады. Нұрлан Мәукенұлы, мәселен, «мен Махамбет емеспін» дей отырып, өзін сол «ата жолына» бағыштады: бүгіннің хас батыры үлгісін көрсетті. Әйтпесе, дүние ләзәтін тәрк етіп «жарық құшағына алданба» деп, Махамбеттің ерлік жолын қумаса, Құлагердей мерт болмас та еді ғой. Адалдықтың ана сүті оның ауызында кетті: періште болмысты келбеті елдің есінде қалды. Ақындық – ерлікті егіздеткен Махамбеттен несі кем?! Иә, ол «Махамбет емес». Заманы – бөлек. Батырлық болмысы – сөзінің бояуы бөлек.

                                   Іскері бар бұл елдің,

                                   Ісмері бар бұл елдің,

                                   Іске алғысыз қылғанда,

                                   Ісіп-кеуіп жүрермін.

Бұл бүгінгі шындық – бүгінгі әдебиетте Махамбет ерлігі іштен пісіп жетілгенінің айғағы. Нұрлан: «Хан емессің, қасқырсың!» демейді Махамбетше, бірақ Махамбеттің «Қызғыш құс» элегиясын жан- тәнімен қабылдайды: «қанатың қатты, мойның бос» образын Нұрлан жеріне жете түсінеді: «мойны бос Махамбет тағдыр» оны да таппай қоймайтынын жетік біледі. «Іске алғысыз қылғанда, ісіп-кеуіп жүрермін» деп өз тағдырын нақ болжайды. Ал, замана індетін тануда ғасырлармен дем алған Шортанбай, Мағжан ішкі табиғаты мен ойлау машығы бар. «Жан дүнием аурады жарым!» деген леп – күрсінсінен осыны аңғарамыз. Ол жаралы арыстанша ыныранады: бұл – ой көлемі, сезім тереңі. Міне, Тілші Ахмет Байтұрсынов, қоғам қайраткері – үкімет С.Қожанов тізе қоса, қазақты өркениет жолына бастағанда өзгеден емес, өз құндылығы бастауларын айқара ашып, халық игілігіне айналдыруды мұрат етуі осыдан еді. Үйткені олар руханиятпен біте қайнасқан болатын. Осындай дана – асқан көрегендік срндықтан, олардың әрбір тезисінде айқындық тауып жатты.  Сондықтан да олар Тіл – тұлғаны жазбай таныған. Үкімет С.Қожановтың позициясы айқын: «Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілінде жазылып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық». Мағжанды – әдебиетті осылайша советтік саясаттан арашалап алады. Бұл – ұлттық тілге арандай арыстандай ауыз ашқан советтік үкіметті басқарып отырған кісінің сөзі. Ал, тәуелсіздік бізді өзі іздеп келгенде, «саясаттанған әдебиет концепциясынан» қол үзе алмасақ, Тіл туралы айтып жүргендеріміз «ертегі» жанры емес пе екен?! Жалпыны ауыз әдебиетіне қарай бейімдеу сарыны белең алғаны да, осы идеяның белгілі бір дәрежедегі көрінісі болса керек.

            Тәуелсіздіктің Тіл турасындағы осы өзекті мәселесін алға тартып Ұлттық кітапханаға бас қосуымыздың нәтижесі – соңғы қорытынды бөлімі сондықтан, бұлғақ күйдегі осы «ертегі» болмысымызға бас тірейтіндей. ... Ертегі демекші, кітапхана директоры, белгілі жазушы Әлібек Асқаров осы қарсанда маған «Әдебиет әлемінің әзілдері» атты әлі сиясы да кетпеген кітабын сыйға тартқан еді. Соның ішінде мына бір әзіл маған қатты әсер етті: өмір шындығына ұласқан қымбат бір дерек таптым. Әлқисса, Мемлекеттік Сыйлығы иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет 60 жасқа толып, Алтай мен Атырау арасы бас қосып ұлан асыр той жасапты Опера және балет театрында өткен қорытынды жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбай арнайы жасақталған делегация жіберіпті. Сый-сыяпат, мақтау-марапат аз болмаса керек. Туған әдебиетіне, ақынға жақын бір азамат: «Ұлықбек, сен Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаевтармен қатар тұратын ақынсың», - депті ақын досының мерейін асырмақ болып. Сонда Ұлықбек: «Жоқ, мен сендермен қатар тұрамын», - дейді, үп еткен тосын сөзден үрке қалып.

Енді міне, Әлібектің осы әзілін шынның жүзінде көріп, қайран қалып отырмын. Осы бас қосуға кеше кітапхана қызметкерлеріне келуге уағда берген Ұлықбек бүгін маған: «Таң сәріде Астана жүремін, Қазақстан телеарнасы арнайы хабар ұйымдастырып, бала-шаға бау-шармағыммен шақырып отыр. Қоналқада үйіме – өлең төсегіме ораламын», - дейді. Әлібектің әзілі – ауыз әдебиетін, Нұрланның «ісмері бар бұл елдің, іскері бар бұл елдің» - жазба әдебиеті көз алдымда қатар көлбен қақты. «Жол болсың!» айтып, үшінші қабаттағы «Қазақ әдебиеті» газетіне – бас редактор Жұмабай Шаштай кабинетіне келсем, әзіл – шынға бергісіз дәл осы жәйт-жағдай қайталанып, алдымнан шықты. Кеше ғана кітапхана ұжымына берген сөзі бүгін өзгеріпті: бұл Турция жүріп бара жатыр. – Екі сағатта загранпаспорт әзір болады, - дейді.         

Оразаның алғашқы күнгі ауыз ашарына орай Анкарада Қазақстан Сүйінбай ақынның құрметіне өнер ұжымының концертін бермекші.

- Бұрын бұл сапарға мені қоспап еді. Бүгін жағымды хабар алдым, - дейді, бал-бұл жанған бас редактор.

            Бұл бір жағадан бас шығарған егіз қозыдай бір пікір – бір көрініс Тіл турасындағы жаңа кезеңнің әдеби басылымдар тұтынған жаңа концепциясы, өмірлік ұстанымы ма?!Жазушылар Одағы үйінің төрінде отырған бұл екі әдеби басылымынан осында – Ұлттық кітапханаға көңіл күпті, ой күдікпен оралды...