Ақылыңызды қалай бағалайсыз?

Ақылыңызды қалай бағалайсыз?
жеке
блог

Осыдан бірнеше күн бұрын интернетте бұзық жасөспірімдер туралы видео жарияланып, халық олардың бұл қылығын қатты сынап, айыптады. Желіде таралған видео мынау еді: 


Бірнеше күн өткеннен бұл 3 жасөспірімнің ұсталғаны белгілі болып, "мұндай тәртіпсіздіктерді енді болдырмау үшін оларды жазалаймыз", – деді құқық қорғаушылар. Бұл үшеуі Астана қаласының оқу орындарының бірінде оқитын бірінші курс студенттері болып шықты.

Мен бүгін осы тақырып аясында сөз қозғап, ой толғағым келіп отыр. 

Алдымен, мұндай бұзақылықтарға не себеп болатыны туралы ойланып көрейікші.

Сау ақылға сай келмейтін істерді, әдетте, миы дұрыс жетілмеген тіршілік иелері жасайды. Мысалы, жан-жануарлар. Пойыздан қашқан түйені өміріңізде көріп пе едіңіз? Түйе жүйткіп келе жатқан пойыздан қашып құтылу үшін оңға не солға бұрылып кетудің орнына, тіке жүгіре береді. Себебі, ол пойыздың рельстің үстімен ғана жүре ол алатынын білмейді. Түйенің бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Мұндай нәрселерді түсіну үшін табиғат оған соған лайық ми бермеген.

Сол мақұлықтардан біздің бір айырмашылығымыз бар. Біз бірдеңе түсінбесек, білмесек, миымызды өз бетімізше дамытып, ақыл-ойымызды жетілдіре аламыз. Ешқандай мақұлық біз сияқты "ақыл-ойымды жетілдірейінші" деп ойлай алмайды. 

Сол сияқты бұл бұзақылыққа ақыл-ойдың дұрыс жетіліп үлгермендігі себеп деп ойлаймын. Келісемін, бұлар жасаған қылықты бәріміз де бала кезімізде жасадық. Бірақ мектеп бітіріп, оқуға түскен азаматтардың ақыл ойы әлдеқашан бұл кезеңнен өтіп кетуі керек еді. 

Осыған қарап қазір ақыл-ойдың жетілуі баяулап қалды деп айтуға болатын сияқты. Бұны ғалымдар да қайта-қайта айтып келе жатыр. Олардың айтуынша, бәріне кінәлі – интернет, түрлі гаджеттер. Себебі, адам өмірлік тәжірибені ойнап жүріп алады. Ойын барысында ақыл-ойы жетіліп, миы дамиды. Ойын арқылы ол физика заңдарын, адамдармен қарым-қатынас жасауды, тәуекел етуді үйренеді. Қоғамның құрылымын түсінеді. Экранға қарап қана алынатын тәжірибе бұдан, әрине, әлдеқайда аз болады. 

Қазір балалар мектепке бармай жатып қолына планшет алып, үйінде жата беретін болды. Бұрынғыдай аулаға шығып доп тебу, құрдастармен қосылып ойнау деген нәрселер күннен-күнге қалып бара жатыр. Сенер ме екенсіз, бірақ соңғы 30 жылда балалардың ойнауы үшін керек кеңістік 90 пайызға кішірейген. Мәселен, бұрын балаларға, үйді былай қойғанда, бір ауылдың іші тар болып көрінетін болса, қазіргі балаларға бір бөлменің өзі кең болып көрінеді. Мысалы, қазір кез келген 7 жасар еуропалық бала компьютердің алдында орташа есеппен бір жылдан астам уақытын өткізіп үлгерген. Ал кез келген 18 жастағы студент компьютердің алдында 4 жыл отырған болып шығыпты.

2007 жылы алғаш рет балалардың потенциалы жылдан жылға кеміп бара жатқаны байқалыпты. Ұмытшақ, ашушаң, психикасы тұрақсыз адамдардың көбейіп бара жатқаны белгілі болған.

Ғалымдардың пікірінше қазіргі 11 жастағы балалардың қабілеті 30 жыл бұрынғы 8 жасар балалардың қабілетімен бірдей. Осыны сезген болуы керек, атақты iPhone-ды ойлап тапқан Стив Джобс өз перзенттеріне планшет ұстауға мүлде тиым салған екен. 

Олай болса, осы айтылған деректерді ескеріп, бізге де гаджеттерге деген қарым-қатынасымызды өзгерту керек секілді. Осы туралы ойланып көрейік.