Ел таңдаған - Елбасы

Ел таңдаған - Елбасы

«Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін»
Н.Ә.Назарбаев

Иә, бұл сол қазақ деген халыққа қамқор, өз елінің мүддесі жолында күшін сарқа жұмсаған елі таңдаған Елбасының сөзі. Қазақ елі үшін бүгін айтулы күн. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар.

Тәуелсіздіктің нұрлы таңының атқанын аңсаған қазақ халқының арман-тілегінің орындалуына үлкен үлесін қосып, көк байрақты алғаш өз қолымен ұстап, тәуелсіз Қазақстан мемелекетін құрып, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті атанған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дербес республика құруда салған күш-жігері отансүйгіштік рухының асқақ екенінің дәлелі іспетті. Қазақтың жарқын жастарының жалынды жүрегі мен өр рухының нәтижесінде көтерілген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жастарымызды қыршыннан қиып, бұрымы белінен түскен қыздарымыздың өмірін жалмаса да, ол оқиға ұлттық – тарихи мәні жоғары тәуелсіздіктің бастауы болды. 1991 жылы құрылған жаңа мемлекеттің ел билігін қолына алған Елбасы – өз елінің тәрбиелі тұтқасы болып, Теміртаудан бастау алған алғашқы еңбегі мен қабілеті нәтижесінде ғасыр тұлғасына айналды. Ғасырлар бойы отарлық езгі мен бодандықтан көз ашпаған туған халқын аз уақыт ішінде еңсесін тіктеп көтеріп, жарқын болашаққа иландырған ел көсемінің елтұтқалық рөлінің аса мәртебелі екенін бүкіл елге танытты. Даланың данышпан дарасы болған  рухы асқақ жанды тек саяси қайраткер, кемеңгер ретінде ғана емес адами қасиеттерінің болмысы тұлға ретінде танымал және сазгерлік, жазушылық, ақындық қасиеттері де біз білетін Елбасының келбетін түрлі қырынан аша түседі. «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн» деп ант беру рәсімінен кейін тебіреніп сөйлеген Елбасы, әрдайым айналасына нұрын төгіп, жылуын шашып жүретін риясыз көңілімен халқын замана көшімен аман алып келе жатқан бергенінен әлі де берері мол қамқоршы. Осы орайда елі таңдаған Елбасымыздың үлкен ұлағат сөздерінің бірі: «Қазіргі заман – өзіне сенетін арманы мен осы арманды іске асыруға ерік – жігері бар дарынды, қажырлы адамдардың уақыты» деген сөздері есіме оралып отыр,яғни заман талабына сай қажырлық пен дарындылықты тек білім мен еңбек арқылы іске асыруға болады дегені жастарға, яғни біздерге тасталған ұраны секілді. Осы тұрғыда өркениеті дамыған елдермен  тереземіз тең өмір сүріп, халықаралық деңгейге жету үшін ұлт көшбасшысы еліміздің түкпір – түкпіріне Назарбаев Зияткерлік мектептерін салуды қолға алып, үштілді,жан – жақты,дарынды жас ұрпағымыздың және отандық ұстаздардың шетел мұғалімдері мен кіріктірілген бағдарлама арқылы оқу процесін өзгерту нәтижесінде сапалы білім алуды көздеген болатын. Мінекей, қаламыздағы ФМБ НЗМ екі жылға жуық  жұмыс істеп, мектеп миссиясын орындауда үлкен нәтижелерге жетті. Шыңдарды бағындыруда кемеңгер, ел көшін бастауда әр қазақ үшін тарихи тұлға ретінде қалыптасқан Н.Ә.Назарбаевтың атына берілген бұл мектептің асар белесі, бағындырар шыңы әлі алда деп білем. Елі таңдаған Елбасының бізге артқан үміті зор, сондықтан елдің тыныштығын, ауызбіршілігін, салынған қамалдың беріктігін сақтау – біздің қолымызда. Оқуда да, еңбек те де алда болайық, жас ұрпақ! 



Бөлісу: